ТАЛДЫҚОРҒАН СПОРТ ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 02.02.2021
Оқылды: 1337

Талдықорғандағы спорт интернатының оқушылары қаңтар айында түрлі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралды. Әр сайыстың қорытындысы бойынша облысымыздың жеткен жетістігі қомақты.

Жеңіл атлетика. Өскеменде жеңіл атлетикадан 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жабық алаңда өткен жарысқа еліміздің 10 облыс, 3 қаласынан келген спортшылар бақ сынасты. Додада облысымыздың спортшылары намысты қолдан бермей, жеңістің желкенін көтерді. Атап айтсақ, Айбол Омар 1500 және 3000 метрде алтыннан алқа тақса, Сания Құдайберген 1500 метрде күміс, 3000 метрде қола жүлдегер атанды. Ал Ернар Жұмамұратұлы 800 метрде тұғырдың екінші сатысынан көрінді. 3000 метрде Мадияр Орманғали қолаға қол созды. Ақбаян Нұрмәмет 3000 метрде күміспен күптелсе, кедергімен жүгіруде 2000 метрде тұғырдың бірінші сатысынан көрінді. Спорттық жүріс бойынша Нұрзат Күнболатұлы 3000 метрде жеңімпаз атанса, Ақылбек Бақтаймас қоланы қанжығалады.

Дзюдо. Текеліде дзюдодан 2001-2003 жылғы жастар, 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында облыстық біріншілік өтті. Жеңімпаз атанған жасөспірім балуандар ақпанда Ақтөбеде, жастар наурызда Оралда өтетін ел чемпионатына жолдама алды. Жастар арасында спорт интернатының атынан шыққан Ерлан Советхан 60 келі, Аружан Кенесары 70 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды қанжығаласа, Жанай Куанов 60, Темірлан Қайролда 100 келіде 2-орынды иеленді. Ал Бекзат Тұрсұнғали 66 келі, Ескендір Жеңісов 73 келіде қола жүлдені қанағат тұтты. Жасөспірімдер арасында Әлім Әділбеков 55, ІңкәрТөлепбергенова 57, Саяжан Озбек 63 келі салмақта алтыннан алқа тақса, Акжігіт Насыр 60, Наргиз Капсамет 57, Әнел Ұзақбай 63, Айбек Балабек 81келі салмақта күміс жүлдені олжалады. Сержан Қунапия 50, Нұрсұлтан Әбдіғұл 50, Калқаман Нүсіпбай 60, Марлан Жұмабек 60, РаминаТұрсынғали +70 келіде қола жүлдені иемденді.

Бокс. Талдықорғанда бокстан 2003-2008 жылғы жастар мен жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтті. Бұл сында спорт интернатының оқушылары А.Садық, А.Жадик, А.Бостыбаева, М.Қанатқызы, А.Тұрсынбек, А.Есжан өз салмақтарында жеңімпаз атанды.

Анар ФАЙЗУЛЛИНА,

№ 27 орта мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан