ЖАТТЫҢ АТЫ - ЖАТ! МИЛЛИОНДАП АЙЛЫҚ АЛАТЫН КЕЛІМСЕК ФУТБОЛШЫЛАР

Уақыты: 07.02.2021
Оқылды: 814

Ала доптың соңынан жүгірмейтін бала бола ма? Футбол десе бәрін ұмытып, бала қиялы өзін бір үлкен футбол әлемінде доп теуіп жүргендей сезінері анық. Мұндай сезім барша бала секілді өз басымнан өтіп, әлі сол қиялды ұштаумен келемін.

Сонау Кеңес кезеңінде еліміздің маңдайына біткен жалғыз үміті – «Қайрат» командасы жеңсе масаттанып, қапы кетсе қайғыратынбыз. Сол одақ кезіндегі бүкіл ауыл баласының аңсары аңыздай болған Тимур Сегізбаевтай шабуылшы, Құралбек Ордабаевтай қақпашы, Сейілда Байшақовтай тас қамал қорғаушы болуға ұмтылып, соларға қарап өздерін шынықтырып, шыңдалып өсті. Сол жылдарда бұқара спорттың ішінде, әсіресе, футбол ойынының кең дамуы байқалған-ды.

Ал қазір ше? Ел Тәуелсіздігі тұсында туған, бүгінде «орда бұзар» отызға толып отырған жастарымыздан құралған ұлттық құрамамыз әлем чемпионатының еуропалық іріктеу жарысында өз тобынан шықпақ тұрмақ, топ түбінен бір көтеріле алмай келеді. Осындайда шіркін-ай дейсің. Қазақ футболы бастапқыда Азия құрлық аймағында жүре бергенде бүгінге дейін әлем біріншілігіне жолдама алып, бағымызды сынап қалар ма едік?

Мұның түпкі себебі «өзіңнен тумай ұл болмастың» кері сияқты.

Бар мәселе қазақ футболы өз еркімен 2002 жылдан Еуропа футбол одағына кіргелі бері отандық кәсіпқой футбол клубтарын жат елдердің қыдырма «легионер» ойыншыларына толтырып, бірақ одан қайтарым болмасын біле тұра өзіміз тәрбиелеген түлектеріміздің бағын байладық. Ал жалын атқан жастарымыз өз  жерінде жүріп өгейдің күйін кешуде.

Сондықтан да қазақ футболының намысын өз ұландарымыз қорғау үшін қазақ баласы доп тебуіне барынша мүмкіндік жасау керек деген ұсынысымызды айтудай айтып, жазардай жазып та келеміз.

Расында, қазіргі отандық футбол клубтарында ойнап жүрген әрбір келімсек футбол ойыншыларына  ай сайын 8-9 миллиондап жалақы беріп отырғанымызды білмейтін жан жоқ шығар. Соны біле тұра одан қайтарым болмайтынын тағы көріп отырмыз. Сонда қыруар қаржыны босқа шашқанша «өзіңдікі өзектен тепсең де кетпейтінді» ұстанып, сырттан ойыншылар алдырып жаман үйренген арадағы делдалдар мен жемқорларды ығыстырып, өзгеге жағымпазданудан бірте-бірте арылып, өзіміз тәрбиелеп шығарған түлектеріміздің өзгеден еш кем соқпайтынын дәлелдеп, көзімізді  жеткізуіміз керек.

Жаттың аты – жат! Сондықтан, «өзгеден тартып ал, өзіңдікін сатып ал» деуіміздің өзі ертең бізге абырой әкелері сөзсіз. Намысымызды өз өрендеріміз ғана қорғай алады.

Сұлтанғазы ҚОҚАБИ,

Панфилов аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды