АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІ АҚСАП ТҰР: СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 04.03.2021
Оқылды: 1588

Талдықорғандағы Салтанат сарайында ҚР Жауынгерлік өнер және Qazaq kuresi қауымдастығының өкілдері Алматы облысының спортшыларымен кездесті. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шараны бастан-аяқ жүргізіп отырған Рустам Әли:

– ҚР Жауынгерлік өнер және Qazaq kuresi қауымдастығының облыс спортшылармен кездесуіне аталмыш қауымдастық өкілдері Нұр-Сұлтан қаласынан қадірлі қонақтарымыз Абат Имамбаев, Берік Құнанбаев, Мәулен Мұсабек, Ербол Мырзабосынов және Ерлан Естек арнайы келіп отыр. Аймағымызда спорт қарыштап дамып келеді. Облысымыздың барлық өңірлерінде спорт нысандары салынуда. 11 ауданда заманауи спорт нысаны бар. Тағы бесеуі биыл табысталады. Алдағы уақытта да игі бастама жалғасын табады, – деп облыстың жетістігіне тоқталды.

Осыдан кейін облысымыздағы жауынгерлік өнер, өрендеріміздің спорттағы жетістігі жайлы бейнеүзінді көрсетілді.

Шара барысында ҚР Жауынгерлік өнер және Qazaq kuresi қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаев: «Өткен жылы бүкіләлемдік, халықаралық, республикалық федерацияларды біріктірумен Qazaq kuresi қауымдастығы құрылғаны баршаға аян. Енді қос қауымдастық бірігіп, бұқаралық спортты дамыту мақсатында еліміздегі барлық өңірлерді аралап жүрміз. Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа тәрбиелеу", – деді. Сонымен қатар, қазақ күресінің ережелерінде үлкен өзгерістер болып жатқанын, енді балуандарымыз батыр бабаларымыз сияқты жалаңаяқ күресетінін айтты. Тағы бір қуаныштысы, төл спортымыз Назарбаев зияткерлік мектебінде арнайы сабақ болып өтетінін хабарлады. Алдағы уақытта мектеп бағдарламаларына да енгізу жоспарда бар екенін жекізді.

Өз кезегінде сөз алған Алматы облысы бойынша Жауынгерлік өнер қауымдастығының жетекшісі Айдос Искаков өңірдегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Қазақ күресі бойынша РhD докторы Ербол Мырзабосынов Қазақ күресі қауымдастығы президентінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласының жекпе-жек сарайында Қазақ күресі академиясы құрылғанын жеткізді. Сондай-ақ, келер жылы бес бағыттан тұратын клубтық лига болатынын, Алматы облысында қазақ күресі клубы жоқ екенін айтты.

Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Естек: ­­­«Облыстың кіші жасөспірімдер және жастар арасындағы көрсеткіші жақсы. Бірақ ересектер арасында жағдайларыңыз мәз емес. Былтыр пандемияға байланысты жарыс болған жоқ. Ал 2019 жылдың есебін алар болсақ, Алматы облысының бірде-бір балуаны үлкен жарыстарда жүлделі орынға ілікпеген. Бұл облыста қазақ күресі бойынша дұрыс жұмыс жасалмаған деген сөз. Ұлттық құрамада ел намысын қорғап жүрген Алматы облысының балуаны жоқ», ­- дей келе, ересектер арасында қазақ күресінен жарыс көп ұйымдастырылғанымен облыста нәтиже болмай тұрғанын жеткізді.

Басқосуда Қазақстан жауынгерлер қауымдастығының қызметі және Қазақ күресі федерациясының атқарған жұмысы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, қазақ күресін дамыту, кемшін тұстары жайлы бірқатар мәселе көтеріліп, ұсыныстар тыңдалды. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары: «Жиында талқыланған мәселелер алдағы уақытта қарастырылады. Бірлескен арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, әрі қарай жұмысты жандандырамыз», – деді.

Соңында қауымдастық мүшелері өңіріміздегі спорт нысандарын аралап, «Өркен» спорт кешенінде жалауы желбіреген жекпе-жек спортын, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігін тамашалады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан