АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕЛ КӨЛЕМІНДЕГІ ТАЕКВОНДО ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 14.03.2021
Оқылды: 1910

Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай таеквондо (WT) спортынан ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Байрақты бәсекеге еліміздің барлық облысынан он жеті команда қатысып, үш күн бойы Жетісу жерін дүбірге бөледі. Жарыстың ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли, Таеквондо федерациясының президенттері және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысты.

Салтанатты шарада Рустам Әли сөз сөйлеп, облыстағы спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмысты айта келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнан кейін таеквондо спортына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарды спорт басқармасының төсбелгісі және Алғыс хаттармен марапаттады.

Даянг төріне шыққан таеквондошылар барын салды. Әлемді жаулаған пандемия спорттық жарыстарды тоқтатып тастағаны белгілі. Бір жыл жарыссыз отырған спортшылар бұл жарысты асыға күткен сыңайлы. Көптен бері сағынып қалғанын даянг үстінен байқауға болады. Жан алып, жан беріскен мықтылар чемпиондық атақты иеленуде аянып қалмады.

Жарыстың бірінші күні Алматы облысының спортшылары үшін сәтсіз болды. Жүлдеден үмітті деген таеквондошыларымыз жарыс жолын ерте аяқтап жатты. Ал екінші күні бірден бес медаль түсті. +87 келіде өнер көрсеткен Бауыржан Хасенов қарсылас шақ келтірмей алтыннан алқа тағынып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Одан кейін 74 келіде Бейбарыс Жақып финалға дейін сүрінбей жеткенімен, соңғы сәтте қарсыласына есе жіберіп алды. Осылайша күмісті қанағат тұтты. 67 келідегі Сымбат Хожамуратова да әріптесінің жолын қуып, күміс жүлдегер атанды. 74 кг Шыңғыс Сәндібаев пен 53 кг Ақерке Болатбекова қолаға қол созды.

Жарыстың соңғы күні 68 келіде өнер көрсеткен Диас Құрманғазы алтынды уысына түсіріп, жанкүйерлерін қуантты.

Жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласы 4 алтын, 5 күміс, 5 қола медальмен көш бастаса, екінші орында Алматы қаласы 3 алтын, 1 күміс, 4 қола, үздік үштікті Алматы облысы былай түйіндеді: 2 алтын, 2 күміс, 5 қола.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы