Шабандоздар бәсекесі

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 1428

Облыс аумағында ерлер арасындағы тас жолдағы велосипед спортынан Қазақстан Республикасының тау чемпионаты өтті. Оған еліміздің облыс­тары мен қалаларынан 100-ге жуық велошабандоз қатысып, 5 күн бойы бақ сынасты. Байрақты бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі Талдықорған – Алматы күре жолының жиырмасыншы шақырымында өтті.

Алдымен 120 шақырымды бағындырып І орын алған Солтүстік Қазақстан облысынан Александр Шушемоин, ІІ орынға табан тіреген Астана қаласынан Вадим Пронский, ІІІ орынды иеленген Солтүстік Қазақстан облысынан Никита Соколовты Алматы облысы велосипед спортының аға бапкері Манат                                      Таласпаев марапаттады. Ал 12 шақырымда бақтарын сынап,  І орыннан көрінген Астаналық Вадим Пронский, ІІ орынды қанжығалаған Солтүстік Қазақстан облысынан Александр Шушемоин, ІІІ орынды қанағат тұтқан Алматылық Артур Ведосеевке ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бейбіт Ысқақов диплом берді. Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша І орын алған Вадим Пронский, ІІ орынға табан тіреген Александр Шушемоин, ІІІ орынды иелеген Никита Соколовты Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды. Көксу аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арын Алпысбаев Қызылорда облысынан келген Мади Азенге «Тау патшасы» номинациясын табыстады. Командалық есеп бойынша І орын Солтүстік Қазақстан облысына, ІІ орын Алматы облысына, ІІІ орын Алматы қаласына бұйырды.
– Барлықтарыңызды жарыстың сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Қашан да жеңіс тұғырынан көрініңіздер. Келіп, қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Алдымызда келе жатқан Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғап, жеңісті қолдан бермеңіздер. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Гимніміз шыр­қала түссін. Алар асуларыңыз бен жетер жетістіктеріңіз таусылмасын. Әлемдік деңгейде де велосипед спортынан Қазақстанның атын шығарыңыз­дар. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деген Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев велошабандоздарды келесі жылы да дәл осы додаға қатысуға шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ