СПОРТТЫ СҮЙЕТІН БАЛА ЖІГЕРЛІ, ҚИЫНДЫҚҚА ТӨЗІМДІ БОЛЫП ӨСЕДІ

Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1736

Кез-келген спорттың бала ағзасына пайдалы екенін барша ата-ана біледі. Балалар үнемі қозғалыста жүреді, тыным таппай жүгіру, секіру балаларға тән нәрсе. Бұдан баланың төзімділігі артады, буындар нығайтылады. Мінезі шыңдалады, бала үйінде ата-анасына еркелеп, «қалаймын», «істемеймін» деп қылжаққа салатыны бар, ал командада олай жасай алмайды. Бала өзіне жауапкершілік алуды үйренеді. Мақсатқа ұмтылу деген мінез сауатты құрылған жаттығулар кезінде пайда болады. Жаттықтырушы балалардың алдына мақсат қойып, оларға қол жеткізуді үйретеді. Реакция жылдамдығы балаға қауіпті жағдайларда дұрыс бағдар жасауына көмектеседі. Тәртіп пен қозғалыс белсенділігіне үйренген бала ересек жаста да қозғалысқа деген сүйіспеншілігін және мақсатқа жету қабілетін сақтайды.

Көптеген жас ата-аналар ең алдымен беделге назар аударатыны құпия емес. Кейбір ата-аналар материалдық жағдайын нұсқап, «Менің қызым үлкен тенниспен айналысады» деп жатады. Бұл спорттың жабдықтары мен жаттықтырушыларының ақысы қымбат екендігін барлығы біледі. Сол арқылы ол ата-ана бақуатты өмір сүретінін меңзейді.

Мұндай тәсілдің баланың денсаулығына ешқандай қатысы жоқ. Ендеше, назарды ең әуелі неге аудару керек? Баланың денсаулығына. Қандай да бір патологиясы бар балаға спорт секциясы емес, емдік дене шынықтыру қажет, мұнда сізге емдік дене шынықтыру дәрігері (ЕДШ) көмектесе алады. Баланың немесе қыздың физиологиясы мен дамуының психологиялық қырларына, баланың қалауына құлақ түріңіз. Ол өзінің сүйікті секциясын бірден таңдай қоймас, сондықтан, бірнеше нұсқаларды ұсынып, оған таңдау жасауға мүмкіндік беріңіз. Өйткені спорттық сабақтардан алған ләззат қозғалыс жаттығуларына қарағанда едәуір пайда әкелетінін ескерген жөн. Жаттығу бөлмесі де мұнда маңызды рөл атқарады. Зал кең және жарық, ал бассейн үлкен және таза болуы керек. Сондай-ақ, жаттықтырушыға да көңіл бөлген дұрыс. Себебі, сырт келбеті тартымды, сымбаты келіскен, үнемі белсенді жүретін жетекшіден сабақ алған кімге де болсын ұнайтын болар.

Әлбетте, сіз өз балаңыздың мінез-құлқын жақсы білесіз. Сондықтан оның бейімділігіне қарай оған спорттық секцияны таңдау керек.

Егер балаңыз тұйықтау, басқа балалармен тез тіл табысып, достасып кете алмаса, онда ол үшін ең жақсысы - командалық спорт түрлері, мысалы: волейбол, баскетбол, футбол, бадминтон, хоккей. Себебі топтық ойындар кезінде бала команда мүшелерімен өзара іс-қимыл жасауды, бірігіп мақсатқа (жеңіске) қол жеткізуді үйренеді. Оның достары мен ниеттес достары пайда болады.

Алайда мұнда да аса мұқият болу керек. Бала флегматик, ұялшақ болса, командалық тренинг оның комплекстерін тіпті қиындатып жіберуі мүмкін. Өйткені, шапшаң немесе епті балалардың жанында ол өзін артта қалғандай сезінетін болады. Бұл жағдайда оған жұптық немесе жеке спорт түрлерін таңдаған жөн.

Ал «тентек» холериктер, шығыс жекпе-жектерімен айналыса отырып, тыныштанады да, психикасын ретке келтіріп алады. Бірақ мұның да кемшіл тұстары жоқ емес: жеке спорт түрлерінде, яғни шыдамдылық қажет болған жерде (жүзу, гимнастика, жеңіл атлетика), белсенді, шапшаң бала тез іші пысып, ортаға бейімделу қиынға соғатын болады. Сондықтан дәрігерден ғана емес, психологтан да қандай спорт түрі үйлесетіні жайлы кеңес алу керек.

Жеке спорт меланхоликтік темпераменті бар балаларға тамаша үйлеседі. Нысанаға көздейтін спорт түрлерімен айналысқаны тіпті жақсы, мәселен: диск лақтыру және нысанаға көздеп ату. Ат спорты да өте жақсы, өйткені, мұндай балалар жануарларды жақсы көреді. Өз кезегінде бұл бала бойындағы жағымды қасиет. Қысқасы, балаларды баулитын спорт түрлері өте көп. Бірге таңдасқаныңыз - ең абзалы.

Құрметті ата-аналар! Естеріңізде болсын, дене шынықтырумен айналысу сіздің балаңызға ауадай қажет. Бұл оларға болашақта денсаулықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар, рухтың беріктігі, алдына мақсат қоя білу, әрі соған жетуіне көмектеседі. Кез-келген қиын жағдайға шыдамды, қарсы төтеп бере алатын сипатты дамытуға көмектеседі. Бірақ барлық сабақтар бала үшін өз қалауы және ұмтылысымен болуы керек екенін ұмытпаңыз!

Азамат ОМАРБЕКОВ,

Айжан ЕРЖАНОВА,

№2 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан