ІРІКТЕУДЕН ӨТЕМІЗ БЕ? ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

Уақыты: 03.04.2021
Оқылды: 1288

Қазақстан құрама командасы 2022 жылы өтетін футболдан әлем чемпионаты ойындарының іріктеу кезеңін бастап кетті.

«D» тобына түскен ұлттық құрама бірінші ойынды өз алаңында өткізді. Елорданың жасыл алаңында отандастарымыз футболдан әлем чемпионы саналатын Франция құрамасын қабылдаған. Үздіктермен өткен ойында ұлттық құрама жеңіліс тапқан болатын. Қақпасына екі доп өткізіп қойған Талғат Байсуфиновтың шәкірттері қажетті үш ұпайға қол жеткізе алмаған еді.

Мұнан кейінгі екінші ойынды сырт алаңда өткізді. Команда капитаны Азат Нұрғалиев бастаған футболшылар Киевтің олимпиадалық стадионына жол тартқан. Украинаға қонаққа барған біздің футболшылар жаман ойын көрсеткен жоқ. Жасыл алаңға шыққан әрбір ойыншы жеңіс үшін барын салды. Қарсылас Украина командасы да қарап қалмады.

Атақты А.Шевченко жаттықтыратын Украина командасы біздің командаға дейін Франция құрамасымен тең түсіп қоржынына бір ұпай еншілеген. Ал Қазақстан құрамасын оңай жеңеміз деген болу керек, алғашқы минуттарда ойынға айтарлықтай рең қоса алмады. Кездесудің 20 минутында Украина құрамасының шабуылшысы Роман Яремчук гол соғып, С.Покатилов қорғаған қақпадан саңлау тапты. Осылай асықпай жүріп, қонақтарды қалпақпен ұрып аламыз деген украиналықтардың ойлағаны іске аспады. Бірнеше рет алаң иелері қақпаны дәл көздегенімен Стас Покатилов қақпаны қорғап қалды.

Алма-кезек шабуыл өрбіді. Біздің жігіттер де қарсыластарының командасына соққы бағыттағанымен есепті теңестіру мүмкіндігі тумады. Ашық айқасқа шыққан жерлестер барын салды. Бірінші тайм өзгеріссіз қалғанымен екінші таймда Байсуфинов шәкірттері қарқын алды. Демалыста шәкірттерін жақсылап қайраған Талғат ойыншылардың қарқыны мен шабуылын үдете түсті.

Осылайша екінші таймның 59 минутында капитан Азат Нұрғалиевтан нәтижелі пас алған жетісулық Серікжан Мужиков қақпаны дәл көздеді. Айып алаңының сыртынан тоғыздықты нысанаға алып, қақырата тепкен добын Украина қақпасының торында тулатты. Есепті теңестірген жерлестер одан ары жігерлене түсті. Алғашында жасыл алаңға үйренісе алмай ойындары кібіртіктей берген Қазақстан құрамасы таразы басы теңескеннен кейін шабуылдары қарқындай түсті.

Өздерінде сенімділік пайда болып, алаң иелерін әбігерге салды. Бізден мұндай қайсарлықты күтпеген Шевченко шәкірттері жүрістерінен жиі жаңылып, шабуылшылардың қарқынын әупірімдеп жүріп, әзер тойтарып отырды. Кездесудің соңына дейін алаң иелері қанша тырысқанымен есепті еселей алмады. Ұлттық құрама ойыншылары таразы басы теңескеннен кейін қорғанысқа қатты көңіл бөлді.

Берілген мүмкіндіктен айырылып қалмаудың қамын ойлаған қазақстандық футболшылар қорғанысты мықтап бекітіп, қауіптің бұлтын сейілтіп отырды. Арасында шабуыл өтіне де шығып, есепті еселеуді ойлады. Алғашында қонақтарды қомсынған Украина бапкері артынан үздік ойыншыларын алаңға кезек кезегімен шығарғанымен ойынға өзгеріс әкеле алмады.

Тоқсан минут кескілескен ойын 1-1 есебімен тең аяқталды. Осылайша жігіттеріміз қоржынына жалғыз ұпайды еншілеп қайтты. Алда әлі де кездесулер бар. Қарсыластары – Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцоговина.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ