ЖЕТІСУЛЫҚТАР ДЖИУ-ДЖИТСУДАН ЧЕМПИОН АТАНЫП, 24 АЛТЫН ЕНШІЛЕДІ

Уақыты: 07.04.2021
Оқылды: 1250

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде джиу-джитсудан жастар мен ересектер арасында ел біріншілігі өтті. Оған 14 облыстан 421 спортшы қатысты.

Шара барысында сөз алған Алматы облысындағы джиу-джитсу федерациясының президенті Алексей Рожков:

– Жетісуда джиу-джитсу қарыштап дамып, Қазақстанның Көк байрағын әлемге желбіретіп жүрген спортшыларымыздың қатары күннен-күнге артып келеді. Сондықтан да өңірімізде жарыстар жиі ұйымдас- тырылып, даңқты спортшылар шығуда. Бұл бізді қатты қуантады, әрі қарайғы жұмысқа ынталандырады. Бүгінгі дода біз үшін айрықша. Өйткені, Көк туымызды желбіретіп, абыройымызды асқақтататын спортшылар осындай елішілік жарыстарда анықталады, – дей келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі күн бойы Жетісу жерін дүбірге бөлеген додада облысымыздың намысын жыртқан өрендер сәтті өнер көрсетіп, командалық есепте бас жүлдені қанжығасына байлады. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Маңызды жарыста әр спортшы барын салып өнер көрсетті. Өйткені, аталмыш сайыста жеңімпаз атанған балуан әлем біріншілігінде өнер көрсететін болады.

Дода қорытындысы бойынша облыс құрамасы 24 алтын, 8 күміс және 22 қола медаль жеңіп алды. Чемпиондар әлем біріншілігінде өздерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Айдар НАЗАРҰЛЫ

Алматы облысы