ЖЕРГЕ ҚАРАҒАН ЖАНКҮЙЕРЛЕР: "ЖЕТІСУ" ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ ТАҒЫ ҰТЫЛДЫ

Уақыты: 30.04.2021
Оқылды: 1339

Футболдан ел біріншілігінің сегізінші туры өз мәресіне жетті. Аладоп аламанында Алматы облысының намысын қорғап жүрген «Жетісу» командасы өз алаңында қарағандылық «Шахтермен» ойнап, тағы да жеңіліп қалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шыны керек, биыл командадағы легионерлерді азайтып, жергілікті жастарды құрамаға алғанда бүкіл Жетісу жұртшылығы бөркін аспанға атты. "Команданың қырық жылдығында намысымызды өз ұландарымыз қорғайды", - деп қуанды. Тәжірибелі ойыншылар аз болған соң жанкүйерлер биыл әр ойынның қиынға соғатынын түсінді. Сондықтан, жүлденің жалына жабысыңдар деп ұрандамады. Десе де ортанқол командалардың қатарынан көргісі келді. Футбол федерациясы да премьер-лигада қаламыз деп алдына мақсат қойғанын айтты.

Өкінішке қарай, футболшылар әзірге бұл сенімді ақтамауда. Бүгінде жергілікті команда сегіз ойынның алтауында жеңіліп, көш соңында келеді.  

Алғашқы турда «Қайратқа» жеңіліп, екінші ойында «Арысты»  жеңгенде жанкүйерлер ерекше қуанды. Тіпті, ойынның алаңы нашар болғандықтан «Жетісуға» ұпай бермесе де алдағы кездесулерде жеңетіндеріне сенімді болды.

Бірақ сүреңсіз ойын өрнегін көрсеткен футболшыларымыз жанкүйерлерін жерге қаратып, алты турда бір ғана ұпай алды. Әуелі «Каспийге», содан соң «Тобылға» жол берсе, бесінші турда «Атыраумен» тең түсті. Ал, туған күнінде «Ордабасы» командасынан 0:4 есебімен ойсырай жеңілді. Кеткен есені «Қызылжардан» ала ма деп күттік. Бірақ жетінші турда да ірі есеп тіркелді. Өз қақпасына үш доп жіберген облыс командасы жеңілістің ащы дәмін татты.

Сегізінші турда қарағандылық футболшыларға жол берді. Ойынның алғашқы минутын алаң иелері жақсы бастаған еді. Бірақ, кездесудің 33-нші минутында Рафкат Аслан өз қақпасына гол соғып алды. Ойынның екінші бөлігінде алаң иелері шабуылын үдетіп, допты көбіне өздері ұстағанымен соңына дейін есеп өзгермеді. «Жетісу» қатарынан үш ойын жеңіліп, турнирлік кестенің соңында қалса, «Шахтер» 11-нші орынға көтерілді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы