АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘРТІП САҚШЫСЫ БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 04.05.2021
Оқылды: 1338

Алматы облысының полицейі «Жетісу бөрісінен» жүлделі орынды иеленді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері, полиция капитаны Александр Касачев Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылында өткен «Жетісу бөрісі» додасында 2-орынды алды.

Александр Касачев 2015 жылдан бастап ішкі істер органы қатарында қызмет атқарады. Қызметінде де үздік полицей жастайынан спортпен айналысады. Бүгінде ол дзюдодан, қазақша күрестен спорт шебері.

- Қазақстан полициясы мықты, күш-жігері көп болуы керек. Бала күнімнен спортпен айналысып келемін. Спорттың арқасында көп жетістікке жеттім. Қызметімде де үздік болдым, - дейді ЖҚАЖ инспекторы, полиция капитаны Александр Касачев.

«Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеуі кезінде үздік үштіктің қатарынан көріну кез-келген палуанның оң жамбасына келе бермейтін жетістік. Аталған жарыста әр аудан мен қаладан барлығы 20-дан астам палуан қатысқан. Алдағы уақытта Александр республикалық «Қазақстан барысы» додасында өнер көрсететін болады. Түйе палуанның белдескенді жығып, жеңіс тұғырына жететініне сенімдіміз!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"