Ұланымыз ерледі

Уақыты: 04.07.2017
Оқылды: 1372

Астананың төрінде дәс­­түрге айналған қазақ күресінен респуб­ликалық «Қазақ­стан Барысы» турнирі осымен жетінші мәрте жалауын желбіретті. ЭКСПО аясында ұйым­дастырылған байрақты бәсекеде өңірлерден іріктеліп келген 
34 балуан бақ сынап, боз­кілемнің шаңын қақты.

Қасиетіңнен айналайын қазағым, бүгінгі белдесуде тектілігіңді тағы бір рет көрсеттің. «Барыс аренаға» жиылған апайтөс балуандардың осалы жоқ. Жетісу жерінің намысын қорғап келген Ұлан Рысқұл мен Александр Касачев та жан алысып, жан берісті. Сонымен күреске басынан бастап тоқталайық. Ортаға керілген бозкілемге бишілер шығып, думанды тойдың көрігін қыз­дырды. Дүбірлі доданың дауылпазын соққан бишілер қауымы келген жанкүйердің делебесін қоздырып, назарларын ортаға аударды. Артынша екі қапталға тігілген қазақ үйден балуандар шығып, ортаға сап түзеді. Жылдағы дәстүр бойынша қадірменді қонақтар келіп, жарыстың шымылдығын түрді. Олардың арасында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев және жобаның авторы Арман Шораев бар. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов сөз алып, балуандарға сәттілік тілесе, академик Төрегелді Шарманов ақ батасын арнады. Салтанатты шараның соңы жеребе тарту рәсіміне жалғас­ты. Қоржыннан асық суырған балуандар өздерінің қарсыластарын анықтып, екі топқа бөлінді. Иә, Алматы облысының туын ұстап келген Ұлан мен Александр бір топқа түсті. Ең қызығы Алматы қаласының атынан келген Руслан Әбдіразақов та осы топта. Ол Ұлан Рысқұлдың туған інісі. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы тұңғыш ұйымдастырылған додада дәл осылай жеребе түскен еді. Ол жолы сыр бойының намысын жыртқан Ұлан Рысқұл ширек финалда Русланмен белдесіп, інісін женген болатын. Ал, биыл қалай болады? Кездескен жағдайда кім-кімге жол береді деген сауалдар жанкүйерлерді мазалай берді. Сонымен көптен күткен белдесу басталды. Бірінші топқа бірді-екілі атағы шыққан балуандар болмаса, көпшілігі жаңа есімдер. 
Алғашқылардың бірі болып, ортаға шығыстық Мұхит Тұрсынов пен «Әскер барысын» ұтып алған Еламан Ерғалиев күресті. Қос мықтының арасындағы теке-тірес өте қызықты болды. Мұхит бұған дейін бір мәрте барыс атанған болатын. Өткен жылы жарыстан шеттетілген шығыс­тың шымыр жігіті күреске әбден шөліркеп қалғандай. Бозкілемге аяқ баса салысымен бірден белдесуге араласып, Еламанды тұқырта жөнелді. Бірақ оған Еламан беріле қоймады. Шиыршық атқан жас балуан, қарсы әдіс қолданып, Мұхитты алып ұрды. Әуелде Мұхит қарсыласына таза түскендей көрінді. Бірақ төрешілер жартылай жеңіс деп бағалады. Осыдан кейін-ақ, Еламан қарқынына қарқын қосып, атойлап шапты. Қарсыласына қырандай шүйліккен сыр өңірінен қанат қаққан жас балуан тағы бір мәрте әдіс жасап, жеңісті жұлып алды. Еламанның ерлігін көрген жанкүйерлер «ақтық сында белдесетін-ақ балуан» деп топшылады. Ал мықтылардың тобында кімнің финалға өтетіні бұлыңғыр еді. Бірінен-бірі озған алыптар, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Алғашқы екі белдесуін жеңіспен бастаған Александр Касачев жеңіс жолын жалғас­тырып келе жатқан қарағандылық Ержан Шынкеевпен жолы түйісті. Екі оғлан да мықты. Бір-бірін ала алмай, біраз әбігерге түсті. Артынша әдісті сауатты істеген Ержан жетісулық жігітті таза тастады. Осылайша ширек финалға алғашқы болып Ержан Шынкеев жолдама алды. 
Ал екінші болып, қостанайлық Қасымхан Абылайханның тізесін бүккен шығыстық Айбек Нұғымаров ширек финалда белдесу құқығына ие болды. Оның жолы Ержанмен түйісті. Қарсыласын қоғадай жапырған Ұлан Рысқұл ширек финалда інісі Русланға қарсылас болды. Ол оған дейін Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысының балуандарын жолынан ығыстырды. Руслан болса бірінші белдесуін өзінің командаласы алматылық Дәурен Нұралиновпен өткізді. Сәтті бастаған Абдразақов атыраулық Күзембаевтің де жігерін құм етті. Сонымен нағыз қызық енді басталды. Ержан мен Айбектің арасындағы кездесуде шығыстық А. Нұғымаровтың пайда­сына шешілді. Қос алып көп аңдыспады. Бірден әдіске кі­ріскен екі мықты нағыз күрес өнерін көрсетті. Әйтсе де, Айбек мықтылық танытып, жолы болды. Ең қызығы Ұлан мен Русланның арасында болды. Ағайынды қоңыр қаз, бір-бірімен белдесті. Жүректері дүрсілдеп жүріп, бір-біріне әдіс жасады. Әдістері сырт көзге әлсіз екені анық байқалды. Енді не істер екен деген жанкүйердің көңілін Руслан дәл тапқандай. Ұланның әдісіне таза түсіп, ағасына жол берді. Дәл осы кезде қазақ халқының тектілігі салтанат құрып, мықтылығымызды паш еткендей болдық. Қасиетіңнен айналайын, қазағым, осы ұлылығыңмен сен қашанда биікте тұрасың. Ағасының жағасынан алмаған інісінің құрметі біздің асыл қасиетіміздің бірі емес пе? Ат басындай алтын тіксе де, ұлттық дәстүр мен тектілікті жоғары қойған Руслан мен Ұланға қол соқпаған жанкүйер қалмады. Осылайша жолын берген Ұлан жартылай финалға аяқ басты. Жартылай сында Айбек пен Ұлан белдес­ті. Қос алып та, бір мәртеден барыс деген атақты иеленген оғландар. Бір-бірін жақсы білетін сыралғы балуандар байыппен жүріп белдесті. Осындай сәттің бірінде қарсыласының осал тұсын тапқан Ұлан Рысқұл шығыстық балуанның жауырынын жер иіскетті. Бірінші топтан Еламан Ерғалиев ақтық сынға жолдама алды. Ол да бір мәрте күміс жүлдегер атанған қарағандылық Асыл Барменов­ты жеңді. Жартылай финалда атыраулық Арман Қалиевті жарыстан шеттетті. Осылайша ақтық сында Еламан Ерғалиев пен Ұлан Рысқұл белдесті. Үшінші орынға Арман Қалиев пен Айбек Нұғымаров талас­ты. Талай мықтының мысын басқан Айбек додаға алғашқы рет қатысып отырған Арманды қалпақпен ұрып алғандай болды. Шыққан сәтте оң жамбасына алып лақтырған Айбек таза жеңіске қол жеткізді. Осылайша қола белбеудің иегері атанды. Финалда Еламан мен Ұлан біразға барды. Қос мықты алтын тайтұяқты қолға түсіреміз деп бозкілемде шелектеп тер төкті. Биыл ерекше дайындықпен келген Еламан қарсыласына қарағанда бір басым жоғары екенін бозкілемнің үстінде байқатты. Бір-бірін жұлқылаған балуандар, көрерменнің көңілін көтерді. Шын мықтыға тұсау жоқ дегендей, Еламан қарсыласына әдіс қолданып, таза жеңіске жетті. Осылайша жетінші мәрте ұйымдастырылған «Қазақстан Барысында» жаңа есім анықталып, Еламан Ерғалиев барыс атанды.

Жарайсың! Жетісудың күмісі

Сүйінші, ақсарбас! Сарыарқаның төрінде күллі қазақ жұрты табжылмай тақым қысып, көз тіккен Ұлы Дала ұландарының додасы «Қазақстан Барысында» облыстың намысын жыртқан Ұлан РЫСҚҰЛ күміс жүлдегер атанды. Жетінші рет жалауын желбіреткен байрақты бәсеке біз үшін олжалы. Осыған орай Талдықорғандағы әуежайда апайтөс палуандарымызды күтіп алдық.
Жиын қала әкімі Бағдат Қарасаевтың алғы сөзімен бастау алды. Ол:
– Бүгін біз үлкен қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Экспо аясында қазақ күресінен Елбасының жүлдесі үшін өткен жарыста жүлделі орын алу толағай табыс. Ұлан ұлымыздың жеңісі біздің жеңіс, – дей келе спортшыларды құттықтап, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт ақ тілегін арнады. 
Талдықорғандағы әуежайда Ұлан Рысқұл мен Александр Касачевты құттықтауға жиналған жұрттың қарасы көп болды. Келген халық қос спортшының құшағын гүл шоқтарына толтырып, көкейіндегі сауалдарын қойып, ақ тілектерін ақтарды. Ұлттық спортта оза шауып жүрген саңлақтың қуанышында шек жоқ. Балуандар да мұқым жұрттың ізгі тілегінен кейін тебіреніске толы сезіммен сұрақтарына жауап берді. 
 – Бозкілемдегі алапат айқасқа барымды салып күрестім. Алтын алу жоспарда болды. Бірақ күміспен күптелдім. Қазақта «алтыннан күміс артық» дейді ғой. Сол үшін бұл жүлде маған алтынға бергісіз болды, – деді Ұлан Рысқұл.
 Талдықорғанда қазақ күресі федерациясы құрылған болатын. Қос спортшымыз да  осы федерацияның мүшесі. Арда өнердің дамуы үшін барын салып, ұлттық спорт ұмыт қалмасын деп боз кілемде атой салып жүрген балуандарға жарқын жеңістер тілейміз.
А. НАЗАРҰЛЫ.

Жарыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды жеңіп алған Еламан Ерғалиев 25 млн. теңгеге және алтын белбеу мен алтын тайтұяққа ие болды. Ал оның бапкеріне 3,5 млн. теңгенің сыйақысы табысталды. Екінші орын алған жетісулық Ұлан Рысқұл 5,5 млн. теңге, күміс белбеумен марапатталса, бапкері 1,8 млн. теңгеге қол жеткізді. Үздік үштікті түйіндеген Айбек Нұғымаров 1,8 млн. теңге мен қола белбеу­ді бапкері 900 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. Осылайша Арқа төрін дүбірге бөлеген «Қазақстан Барысы» Ұлы Дала төріндегі қазақ елінің рухын тағы бір асқақтатып тастады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ