ЖЕТІСУЛЫҚ СТУДЕНТТЕР БІЛІМ МЕН СУ АЙДЫНЫНДА ҚАТАР ЖҮЗЕТІН БОЛДЫ

Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 1424

Жер жаннаты Жетісу жері өзінің жаңалығымен күллі қазақ елін қуантудан жалықпайды. Жуырда Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ орталық бассейннің бой көтергеніне куә болған едік. Енді, міне, тағы бір осындай жүзу бассейні есігін айқара ашты. І.Жансүгіров атындағы Жетісу универсиеті жүзу бассейнін салып, студенттерін қуантты. Университеттің өз қаржысына салынған су жаңа нысан болашақ мамандардың білім алуымен бірге салауатты өмір салтын ұстануына да жол ашып отыр.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты. Бірінші болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов барша Жетісу жұрты мен жоғары оқу орынының студенттерін құттықтады.

– Жақында Талдықорған қаласында олимпиадалық үлгідегі жабық бассейн ашылған еді. Жаттығуға 3 мыңнан аса бала жазылып, мыңнан астамы жүзу үйірмесінде дайындалуда. Жаттықтырушылар құрамын кеңейту жағы қарастырылуда. Елбасы тапсырмасы аясында аймақта 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Тағы төртеуінің және 150 воркаут-нысан құрылысы жүргізілуде. Бүгін, міне, студенттерге арналған жүзу бассейні пайдалануға берілді. Бассейн бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. Ол университет басшылығына оқу сапасын көтеру, оқу ғимаратының материалдық-техникалық базасының жаңарту бағытындағы жұмыстары үшін алғысын білдірді. Батыржан Құлаймергенұлы, сондай-ақ, бүгінде университет қабырғасында 6 мыңнан астам студент білім алып жатқанын жеткізді. Оның 450-і облыс әкімі грантының иегері.

Бұдан кейін университет ректоры Қуат Баймырзаев сөз сөйлеп, игі істің бір ғана студенттердің емес, Жетісу жұртшылығының қуанышы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыс әкімі қолдауының арқасында салынған, студенттерге арналған заманауи жатақхананың арқасында Жетісу университеті республика бойынша студенттерді әлеуметтік қамту бойынша бірінші орын иеленгенін айтты. Сондай-ақ, ол облыс әкіміне университетке көрсетіліп жатқан көмегі үшін алғысын білдірді. Студенттер атынан сөз алған дене шынықтыру және спорт факультетінің 4-курс студенті, көркем гимнастикадан спорт шебері Диана Бейсенова да өз ризашылығын жеткізіп, бассейннің ашылуы студенттердің спортқа ден қоюына серпін беретінін жеткізді. Бұдан кейін Батыржан Байжұманов пен Қуат Баймырзаев жаңа жүзу бассейіннің лентасын қиып, ішін аралап көрді.

Иә, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері енді өз бассейндерінде жүзіп үйренетін болады. Жаңа гидротехнологиялық нысан білімгерлердің шынығып шығуына, болашақ маманның біліктілігін арттыруға мүмкіндік бермек.

Айта кетерлігі, жабық бассейннің жалпы көлемі 3644,20 шаршы метрді құрайды. Нысан құрылыс талаптарына және санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай салынған. Байссейнге кіретін жеке кіреберіс, киім ауыстыратын орын, сауна, ванна, жаттықтырушы мен жұмысшыларға арналған, спорт инвентарын тазалап, сақтауға арналған арнайы бөлмелер бар. Жаңа нысанда дезинфекциялық заттар да қамтылған. Мұнда әкімшілік және медициналық кабинеттер мен суды тестілеуден өткізуге арналған зертхана да қамтылған.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы