АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚ ВОЛЕЙБОЛШЫЛАРҒА СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ

Уақыты: 24.09.2021
Оқылды: 1839

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ волейболдан «Жетісу» мен «Жетісу-2» әйелдер командасының жолдастық кездесуін тамашалады. Қала күніне арналған кездесуде қос команда тартысты ойын көрсетіп, алдағы додаларға сақадай-сай екендіктерін дәлелдей түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жақында ғана «Жетісу-2» Өзбекстанда өткен жастар арасындағы Орта Азия кубогында Қазақстан атынан қатысып, бірінші орынды алды. Енді Павлодарда өтетін Қазақстан кубогының іріктеуіне қатысады. Ал «Жетісу» командасы Тайландта өтетін Азия клубтық чемпионатына жолға шықпақ. Бұл кездесу маңызды дода алдында қыздарға командалық жігер сыйлады.

- Өкінішке қарай, менің досым, білікті жаттықтырушы Вячеслав Шапран мезгілсіз өмірден озды. «Жетісу» командасын екеуміз бірге құрғанбыз. Осы кездесуді соған арнасаңыздар деймін. Қазақстан волейболын жаңа деңгейге көтерген ол жақсы адам, адал дос, еңбегі сіңген нағыз қайраткер еді. Оны ешқашан ұмытпаймыз, алдағы уақытта арнайы турнирлер өткіземіз. Сіздерге сәттілік тілеймін, жеңіспен оралыңыздар, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жарысты өткізудегі мақсат, біріншіден, Қала күнін атап өту, екіншіден, жолға шығар алдындағы үлкен дайындық екенін айтты. Сондай-ақ, «Жетісу» республика бойынша Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы, ал «Жетісу-2» жастар арасындағы былтыр ел біріншілігінде бір ойын жеңілместен чемпион болғанын жеткізді.

Жолдастық кездесу 3:0 есебімен «Жетісу» командасының басымдығымен аяқталды. «Жетісу-2» командасының қыздары да тартысты ойын көрсетіп, жеңісті оңай бермеді. Жолдастық кездесу туралы ойын білдірген «Жетісу» командасының капитаны Светлана Парукова:

- Бізге әрдайым қолдау көрсетіп жүрген облыс басшылығына алғыс айтамыз. Тартысты кездесу болды. «Жетісу-2» командасы қыздарының ойын деңгейі өскен. Қазақстан волейболының мықты буыны өсіп келе жатыр. Біздің абыройымызды жоғары деңгейде қорғайтынына сенімдімін. Алда өтетін жарыстардан жеңіспен келуге барымызды саламыз, – деді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы