ҮШТӨБЕЛІК ЗІЛТЕМІРШІ ҚЫЗ САУД АРАБИЯСЫНАН АЛТЫН АЛЫП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 17.10.2021
Оқылды: 1296

Сауд Арабиясының Жидда қаласында ауыр атлетикадан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғаған қос спортшымыз қарсылас шақ келтірмей алтын тұғырдан көрінді.

Алтынмен апталғандардың бірі – Алматы облысының жас зілтемірші қызы Руфина Чалкарова. Бақ пен баптың сыналар шағында батпандай зілтемірді білегінде ойнатқан спортшы 81 келіден жоғары салмақта топ жарды. Облысымыздың спортшысы зілтемірді тұғырдың екінші сатысынан көрінген ауыр атлеттен 28 келі артық көтерді. Қоссайыс қорытындысында ол 247 (107+140) келіні еңсерді. Ал күміс жүлде Бразилиядан келген Тиана Жустиноға бұйырды (219 келі). Қола медальді түркиялық Фатмагуль Чевик жеңіп алды (203 келі).

Руфина Чалкарова Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта ол Талдықорған қаласындағы спорт интернатында оқиды. Зілтемірші қыз жасөспірімдер арасында бірнеше дүркін ҚР чемпионы.

– Өз жеңісімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын. Әрине, қиын болды, бірақ мен соңына дейін шыдадым. Мұның артында үлкен еңбек тұр. Күнделікті жаттығулар, жаттықтырушының спорттық рухты қалыптастыруы, жерлестердің қолдауы жеңіс туын желбіретуге жігер берді. Бұл менің алғашқы үлкен жарысым. Сондықтан қобалжу, қорқыныш болды. Бірақ маған берілген тапсырманы толық орындап, осы нәтижеге қол жеткізгеніме шын қуаныштымын. Жаттықтырушыларым да мақтап, осылай жалғастыра бер деп құттықтады. Барлығы жылы сөздерін жазып, құттықтап, ықылас білдіріп жатыр. Бәріне алғыс айтамын және өте қуаныштымын, – деді Руфина Чалкарова.

Айта кетейік, ел қоржынына алғашқы алтынды 102 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Рахат Бекболат салған еді. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 355 (155+200) келі зілтемірді басынан асырды. Күміс жүлде түркиялық Танер Чаглар, қола жүлде Ирак спортшысы Аммар Рубайави Әлиге бұйырды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы