ТӨРТ ЖЫЛДА БІР ӨТЕТІН АУЫЛ ОЛИМПИАДАСЫ: КҮМІС ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Уақыты: 24.10.2021
Оқылды: 1305

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Маңғыстау облысында VII «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындары өтті. Ойындарға Қазақстанның 14 облысынан келген 2000-нан астам спортшы қатысты. Өңір командалары спорттың 14 түрінен: теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксингтен жүлдеге таласты.

Халық арасында бұқаралық спортты насихаттау және спортқа деген тұрғындардың қызығушылығын арттыруды мақсат еткен ауыл спорты ойындары алғаш рет 2000 жылы Астана қаласында өткізілді. Осыдан кейін «Ақ бидай» ойындарын 2001 жылы Көкшетау қаласы қабылдап, спорттың 17 түрінен үздіктерді анықтады. 2002 жылы кешенді бәсеке Петропавлда өтіп, спорттың 19 түрінен жүлде үлестірілді. Қазір «Ақ бидай» олимпиада жүйесі бойынша, яғни төрт жылда бір рет өтеді.

Ауыл спорты үшін төрт жылдықтың басты додасы саналатын «Ақ бидай» ойындарында жетісулық спортшылар намысты қолдан бермеді. Сенім артқан спортшылар жеңіс туын желбіретуге барын салды. Ұпай жинауға барынша атсалысып, алтын тұғырдан қол бұлғауға сәл ғана сәттілік жетіспей қалды. Командалық есепте Түркістан облысы 1-орынды еншіледі. Команда 199 ұпай алған. Ал 183 ұпаймен Алматы облысы 2-орын алды. 3-орынға 164 ұпаймен Қызылорда облысы жайғасты. Маңғыстау облысы командалық есепте 147 ұпаймен 4-орынға тұрақтады.

Төрт жылда бір өтетін «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары келесі жылы Алматы облысында ұйымдастырылады. Осы ретте Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының туын салтанатты түрде Алматы облысына табыстады.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы