ТҰРПАН АУЫЛЫНДА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КӨМЕГІМЕН КҮРЕС МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 02.11.2021
Оқылды: 1551

Дене шынықтыру мен спорттың бұқаралық сипатын дамытып, халқымыздың салауатты өмір салтын жаңғырту – бүгінгі күннің мәселесі. Бұған мемлекетімізде барынша қолдау жасалып келеді. Жергілікті жерде адамдардың спортпен шұғылдануына қажетті нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдарда жаңа спорт алаңдары салынып, бұрынғы жаттығу залдары күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл бағыттағы істерді өрістетуге кәсіпкерлер қауымы да бет бұра бастады. Бұған бір мысал - жазиралы Жаркент өңіріндегі Тұрпан ауылы тұрғындарының ауылды өздері көркейтуге ден қойғаны.

Өткен жылы қазан айында осы ауылдың Жалғас, Жандос есімді ағайынды кәсіпкер азаматтары ауылдастарына Спорт сарайын салып беруге ынта білдіріп, ауыл орталығындағы бос жатқан 500 шаршы метр алаңға құрылыс қазығын қаққан болатын. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап ұйымшылдықпен жүргізіліп, Жұмақан Нұржауов басқарған ауыл азаматтарынан құрылған құрылыс бригадасы сапалы, қарқынды жұмыс жасады.

Құрылыста Жұмағали Әуелханұлы, Ақиық Серікұлы, Ернар Тоқтарбекұлы, Дастан Талғатұлы, тағы басқа ауыл азаматтары тұрақты еңбек етті. Спорт сарайының жылу жүйесін Серік Садыбекұлы жасады. Сөйтіп, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тойы аясында кәсіпкер азаматтар Жалғас пен Жандос Алтынбековтер ауылдастарына тарту еткен Тұрпан күрес мектебінің ашылу салтанаты өткен сенбіде өткізілді.

Салтанатты сәтте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Панфилов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Іліпов, спорт ардагері Ардақ Назаров, Панфилов аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов, өңірдегі белгілі кәсіпкер Тасқын Жапарқұл, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлғайша Бердіғұлова, тағы басқа да алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар бір уақытта 60 спортшы бала жаттығу жасайтын спорт залы мен жаттығу алаңын, шағын футбол алаңын салып берген «Жаркент-Алғыр» ЖШС құрылыс ұйымының директоры Жалғас Дәулеткелдіұлы мен оның бауыры Жандосқа алғыс сезімін жаудырды.

Шара барысында облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Жалғас пен Жандосты «Алматы облысы спортына үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен және олардың аналары Жанарқан Жұмабаева мен Гүлнар Жүнісованы республикалық «Спорт» журналы редакция алқасының шешімімен берілген «Ата-ана даңқы» орденімен марапаттады. Сондай-ақ жомарт жандар мен құрылысқа үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, басқа да сый-сияпаттар жасалды.

Айтпақшы, осы Жалғас пен Жандос Сарыбел ауылдық округінің кіреберіс шегара шебіндегі жотаға биіктігі 30 метрлік Қазақстан Туын желбіретіп, мұны да Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойына тарту еткенін айтып өткеніміз абзал.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы