Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ТҮН ІШІНДЕ ЖИНАЛЫП, ФУТБОЛ ОЙНАДЫ

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 618
Бөлім: АЛАМАН

«Жастар – 2» спортзалында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан «Түнгі лига» чемпионаты өтті. Сайысқа әр аудан, қаладан келген 20 астам команда қатысты.

Доданың ашылу салтанатында Алматы облысы әкімі аппараты талдау бөлімінің басшысы Бағдат Ақылбеков:

– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау керек деген тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қызметшілердің басын қосып шағын футболдан жарыс өткіздік. Сайыс алдағы уақытта тұрақты өтеді. Өйткені, спорттық іс-шаралар жұмысшы жастар арасындағы өзара достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, болашақ белсенді жастар санатын қалыптастыруға да септігі тиері сөзсіз, – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыс әкімі аппараты, облыстық дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері басқармасының мұрындық болуымен өткен дода тартысқа толы болды. Әуелі командалар жеребе тартып, топқа бөлінді. Өз тобынан үздік шыққан командалар жартылай финалға жолдама алып кіл мықтыны анықтады. Сайыс тартысты өтті. Әр ойыншы чемпион атану үшін барын салып өнер көрсетті.

Жарыстың қорытындысы бойынша екінші жыл қатарынан I орынды Көксу ауданының командасы жеңіп алды. II орынды облыс әкімдігін құрамасы еншіледі. III орынды облыстық прокуратура командасы иемденді.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағазы, кубок, қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. Атап айтсақ, Ермек Асқаров «Үздік сұрмерген», Қанат Оразбаев «Үздік ойыншы», Жаннұр Әбішев «Үздік гол», Ербол Қасенов «Үздік шабуылшы», Тәңірберген Нұрлан «Үздік қорғаушы», Самат Жұматаев «Үздік қақпашы» номинациясын жеңіп алды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"