АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК СПОРТШЫЛАРЫНА "ХАН ТӘҢІРІ" СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 21.12.2021
Оқылды: 1618

Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жылды қорытындылады. Жыл басынан бері үздік көрсеткішке қол жеткізген спортшылардың басын қосқан салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев қатысты. Жиынды жүргізіп отырған Арслан Момышұлы Алматы облысының спортшылары мен бапкерлерін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, алдағы байрақты бәсекеде ел намысын лайықты қорғай берулеріне тілектестігін білдірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұдан кейін спортта үздік өнер көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына биыл тұңғыш рет қолға алынған "Хан Тәңірі" сыйлығы салтанатты түрде табысталды. Марапатқа қол жеткізгендердің арасында Токио Олимпиадасында қола медальді жеңіп алған Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло және әйелдер арасында әлем чемпионатында күміс медальді еншілеген балуан қыз Жәмила Бақбергенова бар. Шарада Олимпиада жүлдегерлері 1 миллион теңгемен марапатталса, Әлем, Азия чемпиондарына 500 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ, бірқатар спортшылар мен бапкерлерге және спорт мектебінің директорларына министрліктің Алғыс хаттары мен арнайы төсбелгілер табысталды. "Хан Тәңірі" спортшылар сыйлығы әрдайым ақпараттық қолдау танытып жүретін журналистерге, оның ішінде, әріптестеріміз Ришад Тұрғанбайға, Жұмабай Мұсабековке және Серік Қантайға да берілді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Жақсыжол Көрпебаев пен Серік Шұқбұтовтың омырауын жарқыратты. Бұдан бөлек облыстық спорт басқармасының арнайы төсбелгілері мен Алғыс хаттары табысталды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы ішінде Жетісу өңірі әлеуметтік-экономикалық, саяси салаларда ғана емес, спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Дене шынықтыру мен спорттың белсенді дамуының арқасында спорттық инфрақұрылым желісі кеңейіп, әртүрлі халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың жаңа есімдері жарқырай көрінді. Еліміз егемендік алғаннан бері біздің облыстың спортшылары 1996-2020 жылдар аралығында өткен  Олимпиада ойындарында жалпы саны 5 алтын, 6 күміс, 4 қола медальды жеңіп алып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Бұл сайыстарда Жетісу спортшылары 4 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль ұтып алды. Одан бөлек, облыс спортшылары жүздеген Әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанды.

Осындай ірі жетістіктердің нәтижесі спорттық инфрақұрылымның дамуына да оң әсерін тигізді. Облыста барлық халықаралық стандарттарға сай келетін бірқатар ірі кешендер бой көтерді. Мәселен, солардың қатарында «Жастар» спорт сарайын, «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және ағымдағы жылы есігін айқара ашқан Талдықорған қаласының орталық бассейнін атап өтуге болады.

Облыста жалпы 3856 спорт ғимараты жұмыс істейді. Биылғы жылы облыста 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 127 стритворкаут алаңының құрылысына 361 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда аудандар мен қалаларда 82 алаң қолданысқа берілді, 45 алаңның құрылысы 2022 жылы аяқталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы бұқаралық спортты дамыту бойынша берілген тапсырмаларына сәйкес облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыста 2021 жылы «Алматы облысының бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығы» КММ-сі  және аудандық, қалалық 20 мекеме ашылды. Бұл - облыста спорт саласы ілгерілеуінің көрінісі.

Тағы бір мақтанарлық жайт, жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 2663 медаль (888 алтын, 799 күміс және 976  қола) жеңіп алды. Осындай ауыз толтырып айтарлық көрсеткіштің барлығы Тәуелсіздіктің кезекті жемісі екені анық.

Жиын соңында Токио паралимпада ойындарында төртінші орынға ие болған Раушан Қойшыбаева, үздік бапкер Қайрат Сағадиев сөз сөйлеп, облыс әкімдігі мен спорт басқармасына алғысын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы