НҰР-СҰЛТАНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АРДАГЕР СПОРТШЫЛАРЫ ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 24.12.2021
Оқылды: 1480

Нұр-Сұлтандағы «Зодиак» бильярд клубында «Тәуелсіздік кубогы» атты ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен және Ресейдің Омбы қаласынан 23 команда, 180 спортшы қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік, мәдени және спорттық қозғалысының мұрындық болуымен өткен додада орта жастан асқан спортшылар бақ сынасты. Байрақты бәсекеде облысымыздың ардагер спортшылары тастаяқ ойынының озық үлгісін көрсетіп, жеңістің желкенін көтеріп қайтты.

Үш күнге созылған турнирдің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 50-63 жас арасында I орынды облысымыздың «Жетісу» командасы жеңіп алды. II орынды Павлодардан келген «Eртіс», III орынды оңтүстіктің «НАП» командасы еншіледі. 63 жастан жоғары санаттағылар арасында да I орынды облысымыздың «Жетісу» командасы қанжығасына байлады. II орынды алматылық «Бірлік», III орынды елордалық «Астана қырандары» иемденді.

Бильярд спорты федерациясының директоры Тоқтар Есімов бастаған бильярдшылар жекелей сында да шеберлігімен танылды. Атап айтсақ, 63 жастан жоғары ардагерлер арасында Марат Нүсіпов 2-орынды қанжығасына байлады. Ал 50-63 жас санатында Ермек Тынысбаев ерекше ойын үлгісімен көзге түсті. Тастаяқ ойынында түрен салғандарға мақтау қағазы, медаль, кубок пен 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Айдар ҚАЛИЕВ