КӨРШІ ЕЛДЕ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА АЛАУЫ ТҰТАНАДЫ. ЖЕТІСУДАН КІМДЕР БАРАДЫ?

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 1504

Жылдың басты жаңалығын айтар болсақ, 2022 жылы 4-20 ақпан аралығында Қытай астанасы Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары алауын тұтатады.

Төрт жылда бір келетін басты бәсекенің ресми ашылуы ақпанға жоспарланы отыр. Дегенмен доданың ашылу салтанатына дейін бірнеше спорт түрі – керлинг, фристайл, шайбалы хоккей ойындары 2-3 ақпанда басталады. Осымен екінші мәрте Олимпиада ойындарын қабылдап отырған Қытай елі бұл жолы спорттың жеті түрі бойынша он бесінші санаттағы 109 жарыс өткелі тұр. Бұл –қысқы Олимпиадалар тарихында бұрын-соңды болмаған жайт.

Естеріңізге сала кетейік, Бейжің қаласы бұған дейін жазғы Олимпиада ойындарын өткізген болатын. Осымен Қытай мемлекеті екі олимпиада ойындарын қабылдаған тұңғыш мемлекет болып тарихтан орын алды. Байрақты бәсекеге Қазақстан Республикасы спорттың жеті түрі бойынша сынға түседі. Бүгінгі таңда еліміздің ұл-қыздары 62 жолдаманы еншілеп үлгерді.

Айта кетейік, бұл нақты есеп емес. Ақпан айына дейін жолдама саны өзгереді. Әлі де бәсекеге түсіп жатқан саңлақтарымыз жетерлік. Дәл сол уақытта ресми ақпаратты толықтай жазатын боламыз. Аспан асты еліндегі бәсекеге Жетісу жері төрт спортшыға сенім артып отыр. Дегенмен, олардың баратын, бармайтыны қаңтар айының аяққы тұсында белгілі болады. Сонымен жолдамаға таласып жатқан жетісулық спортшыларды атай кетейік.

Шаңғымен жүруден Айша Рақышева, шаңғымен қоссайыста сынға түсетін Мағжан Амангелдіұлы, биатлоншы Әсет Дүйсенов пен Надежда Пивоварова. Осы төрт саңлағымыздың жолына үмітпен қараймыз. Осы жерде бір жаңалықты айта кеткенді жөн санадым. Төрт құрлықтың басын қосатын бәсекеге АҚШ дипломатиялық бойкот жариялап отыр. "ҚХР-дың Шыңжаңдағы мұсылман этникалық топтарға қарсы геноцидін және басқа да адам құқықтарының бұзылуын ескеріп, Байден әкімшілігі Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дипломатиялық немесе ресми делегация жібермейді", – деген шешімді ұстанып отыр. Дипломатиялық бойкот америкалық спортшылардың Олимпиадаға қатысуына әсер етпейді.

Медальдар

«Tонг Ксинь», қазақша «Біз бірге біртұтаспыз» деп аталатын бұл жүлде «Бірге ортақ болашақ үшін» атты салтанатты іс-шарада таныстырылды. Жүлде 2008 жылғы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада медальдарына ұқсата жасалған.

Талисман

Beijing – 2022 талисманы «Бин Дуньдунь» деп аталады. Қазіргі қытай тілінде «бин» сөзі бірнеше мағына береді. Ең алдымен «мұз», сонымен бірге «тазалық», «күш» деген мағынасы бар. Ал «Дуньдун» сөзі «дені сау», «күшті» және «көңілді» дегенді білдіреді. Бір қызығы, бұл сөз балалар туралы сөйлескенде жиі қолданылады екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Олимпиада тұмары – бұл қатысушылар мен көрермендерге қуаныш сыйлайтын қысқы спорт түрлерінің елшісі. Ол спортшылардың күші мен ерік-жігерін бейнелейді. «Бин Дуньдунь» скафандрға ұқсас мұздан жасалған костюм киген. Талисман авторы Цао Сюэ мен ұйымдастырушылар осы арқылы шексіз мүмкіндік сыйлайтын жаңа технологиялар мен болашақты көрсетуге тырысқан. Мұз костюміндегі панда спортшылармен бірге коньки, шаңғы және сноуборд тебе алады. Сол аяғындағы жүрек олимпиаданың барлық қатысушысы мен көрерменіне деген Қытайдың қонақжайлылығын білдіреді. Айта кетейік, Beijing – 2022 ұйымдастыру комитеті жариялаған байқауға Қытайдан ғана емес, тағы 35 елден 5800 талисман эскизі келіп түскен.

Нысандар

Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиаданы қатар қабылдайтын алғашқы қала. Олимпиада кезінде 2008 жылғы жазғы Олимпиада кезіндегі бірнеше спорт нысаны қолданылады. Қаладағы нысандар үш кластерге – Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу болып бөлінген.

Бейжің қаласында мұз спорт түрлерінен жарыстар мен ойындардың ашылу-жабылу салтанаты өтеді. Ұлттық стадион, Бейжің ұлттық жүзу кешені, Бейжің мемлекеттік спорт сарайы, «Укэсун» спорт орталығы (шайбалы хоккей), Ұлттық конькимен жүгіру стадионы (конькимен жүгіру), 2008 жылы волейбол бәсекесі өткен астанадағы спорт сарайы, «Биг-эйр Шоген» трамплині мен Олимпиада ауылы Бейжің кластеріне кіреді.

Ал қаладан 75 шақырым жердегі таулы Яньцин кластерінде тұрған Ұлттық шана-бобслей орталығы, Ұлттық тау шаңғысы орталығы, Яньцин олимпиада ауылы спортшылар мен жанкүйерлерге есігін айқара ашпақ.

Чжанцзякоу кластерінде Ұлттық биатлон орталығы, Трамплиннен секіру ұлттық орталығы, Ұлттық шаңғы орталығы, Гентин қар паркі (фристайл, сноуборд), Чжанцзякоу олимпиада ауылы бар.

Эмблема

Суретші Лян Цюань Чжэн жасаған Олимпиада эмблемасы Қытайдың дәстүрлі және заманауи мәдениетінің элементтерін біріктіреді. Сонымен қатар, қысқы спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігін айқындайды. Логотип Қытайдың «қыс» иероглифіне негізделген. Жоғарғы бөлігінде эмблема конькимен жүгірушінің бейнесіне, төменгі бөлігінде шаңғышының силуэтіне ұқсайды. Ұшатын лента Қытайдың тау жоталарын, спорт нысандарын білдіреді. Көк түс арманды, болашақты, мұз бен қар тазалығын аңғартады. Қызыл және сары – Қытай туының түсі, олар ұмтылысты, жастықты және өмірлік энергияны суреттейді.

Ұран

Together for a Shared Future (Бірге ортақ болашақ үшін) – Бейжіңдегі қысқы Олимпиада мен Паралимпиаданың ресми ұраны. Ұран жаһандық проблемаларды жеңуде бүкіл адамзат үшін ортақ болашағы бар ойындар мен қоғамдастықтың күшін бейнелейді. Бұл сөздер бүкіл әлемде жарқын болашақ үшін, соның ішінде коронавирус пандемиясы кезіндегі қиындықтарды ескере отырып, бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігін көрсетеді. Ұранды таңдау былтыр мамыр-қыркүйек айларына дейін созылды. Осы уақыт ішінде Beijing – 2022 ұйымдастыру комитеті Қытай университеттерінің 79 ұсынысын жинады. Әр түрлі саладағы сарапшылар қысқа тізімге енген 11 нұсқанының ішінен осыны таңдады.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Бірқатар ақпарат «PROSPORTS.KZ» порталынан алынды