АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ТАЛАПТЫ ЖАСТАР ҮШІН ТЕГІН ҮЙІРМЕЛЕР АШЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 17.01.2022
Оқылды: 1352

Қазір ойы жүрдек, зейіні зерек қыз-жігіттердің салтанат құрар уақыты екендігі дау тудырмас. Айдынды Алакөл ауданының жастары да белсенді. Жаңа бастама, тың жобаларын талқыға ұсынып, өзіндік бағыт-бағдарын қалыптастырып келеді. Толқыны тулаған өңірдің жалын иелері мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді құр жібермеуде. Өскелең ұрпақты спорттық және мәдени тұрғыда дамытуды негіздейтін «ArtSport» бағдарламасы аясында алакөлдік жастар тегін үйірмелер ашуда.

Алғашқылардың бірі болып бағдарламаны зерттеп, жұмыс бастаған жас – Айдос Ернарұлы. Аудан орталығынан арнайы ғимаратты жалға алып, жаттығу залын қажетті құралдармен толықтай жабдықтап, өңірде алғашқы рет тхэквондо үйірмесін қолға алды.

«Мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ бизнес өкілдерін болашақ иегерлерінің дарын-дағдысын дамытуға бағыттауды көздеген жаңа бағдарлама жайында естігенде қуандық. Өзім жастайымнан спортқа әуес болғандықтан салауатты өмір салтын насихаттауды құп көрдім. Тың мүмкіндікті пайдаланып, Алакөл жеріне жаңаша серпіліс сыйлау мақсатында бұрын-соңды мұнда болмаған спорт түрін аштым. Үлкен ғимарат жалдап, жұмсақ төсеніш кілемдерін, жаттығуға керекті құралдарды алдық. Әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, небәрі 3-4 күннің ішінде 30-дан астам бала жиналды. Қазір міне 60-70-ке жуық шәкіртім бар. Даярлықты бастағанымызға екі ай болды. Алғашында аяғын тік көтере алмайтын оқушыларым бүгін түрлі тәсілдерді меңгеріп келеді. Әр шәкірттің ішкі болмысын толықтай түсініп, жекелей жұмыс істеу де маңызды. Сана-сезімінің түкпірін аралай жүріп, арман-тілегін анықтай білгенде ғана нәтиже шығаруға болады», – дейді жас бапкер.

Жаңа үйірмеде 8-18 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар тегін дайындалуда. Аптаның жеті күнінде топ-топқа бөлінген балалар жаттығудан қалмай, ынта-ықыластарының жоғары екендігін көрсетуде. Үйірме енді ашылғанда бұл спорттың мән-мағынасын білмеген жеткіншектер тәртіпке, бірін-бірі сыйлауға, ұстамды болуға дағдыланып, ең бастысы тхэквондоның бастапқы сабақтарын жіті меңгерді.

«Ауладағы балалардан Үшаралда тхэквондо үйірмесі ашылыпты дегенді естіп, лезде ата-анаммен ақылдастым. Осы спортқа қызығушылығым бұрыннан бар еді. Сөйтіп көп ұзамай бапкеріммен хабарласып, жаттығу залына келдім. Сабақтан кейін көңілімді ешқайда бөлмей осында асығамын. Мақсатым елімді әлемге таныту, туымызды желбірету. «Қазақстандық жастар» деген атақты қалыптастыруда өз үлесімді қосу», – дейді жас спортшы Таңжарық Нұрланұлы.

Келелі істе кәсіп қылып отырған Айдос бала күнінен бокс, дзюдо спорт түрлерімен шұғылданып, артынша ұлттық жекпе-жек, греплинг, ММА және джиу-джитсу бағыттарына ауысқан. ҚР чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері, ұлттық жекпе-жек пен джиу-джитсудан спорт шеберіне үміткер. Халықаралық дәрежедегі медальдары да баршылық.

Спорттан бөлек қайырымдылық жұмыстарында да аса белсенділік танытып жүрген жалынды жігіт аудандағы «Бір арман» еріктілер тобының белді мүшесі. 2017 жылы тұғыры тіктелген топ 4 млн.теңгеден артық қаражатты қайырымдылық бағытында игерген. «Жақсылықта жарысайық», «Мұқтаждарға мейірім», «Балаларға базарлық», «Қарияларға көмек», «Тегін дүкен» сынды акциялардың ұйымдастырылуына ұйытқы болған. Қазіргі карантиндік кезеңде аудандық орталық ауруханаға оттегі баллондарын тасымаулдауға да септесіп, халықтың да ықыласына бөленіп үлгерген.

"Қазіргі таңда тхэквондоның алғышарттарын, спорттың негізгі мақсатын үйретудемін. Балалардың денесін әбден машықтандырып, нақты жаттығуларды бастаймыз. Шәкірттерімнің ішінде дарындылары да аз емес. Соларды түрлі додаларға шығарып, жастарға жігер сыйлай білсек құба-құп. Спорттың өзі бір ғылым. Бұнда тек бұла күштің емес, ақыл-ой зеректігі қажет", – деп шәкірттерін ең алдымен саналы қылуды көздейтінін жеткізді.

«Жас келсе – іске» демекші, өмірге деген ерекше көзқарасы мен белсенділігінің арқасында аудан жастарына жаңаша мүмкіндік беріп отырған Айдостың бұл бастамасына ризалық білдірушілер де көп. Адал еңбектің наны да тәтті, ақысы да алтындай қымбат.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы