ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ БЕЙЖІҢ ОЛИМПИАДАСЫНА 82 ЖОЛДАМА ҰТЫП АЛДЫ

Уақыты: 19.01.2022
Оқылды: 1281

Қазақстандық спортшылар Бейжің қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін спорттың сегіз түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді. Ақ Олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингтік додалар аяқталып, нәтижелер анықталды.

Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан спортшылары мынадай көрсеткішке қол жеткізді: шаңғы жарысында 30 жолдама бар. Спортшылар фристайл бойынша 9 жолдаманы жеңіп алды, оның ішінде могул түрінен 5, акробатикадан 4. Сонымен қатар, қазақстандық конькишілер 12 жолдаманы иеленсе, биатлоннан 12 жолдаманы еншіледі. Шорт-тректе қазақстандық саңлақтар 9 жолдаманы қанжығасына байлады. Тау шаңғысы спорты бойынша 4 жолдама және шаңғымен трамплиннен секіру спортында да 4 жолдама сондай-ақ, шаңғы қоссайысы бойынша қазақстандық команданың 2 лицензиясы бар.

Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Айта кетерлігі, бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі, ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үйлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Бейжіңде (Қытай) өтетін XXIV қысқы Олимпиадаға дайындық барысы туралы кеңес өтті.

Жиында Дәурен Абаев қысқы Олимпиадада қазақстандық спортшылардың алдында тұрған бірқатар міндеттерді белгіледі. «Еліміз үшін осындай қысылтаяң шақта біз спортшыларымызға алдағы ақ Олимпиадада допингсіз, дау-жанжалсыз лайықты дәрежеде өнер көрсету міндетін қойып отырмыз. Әрине, әр спортшы жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсететіні анық. Біз спортшыларымыздың кез-келген жетістігіне қуанамыз», – деді Мәдениет және спорт министрі.

Айта кетейік, Олимпиадаға әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Жарыс бағдарламасында спорттың 7 түрінен, 15 спорттық санат бойынша 109 медаль сарапқа салынады.

Жарыс үш негізгі жерде – Яньцин, Чжанцзякоу және Бейжіңде өткізіледі. Бейжің Олимпиадасы 4 ақпанда басталады.

Әмір САНА