Сөз бітті. Бүгін - шайқас!

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1192
Армысыздар, Ағайын! Сонау мұхиттың арғы жағынан қазақ жанкүйерлерін және Жетісу оқырмандарын тағы бір жаңалықпен сүйіншілегім келіп тұр. Ел аманатын арқалап кеткен Геннадидің шаршы алаңға шығатын күні жетті. Әлемнің назарын аударған бұл шайқас, сұрапыл болмақшы. Екі мықты да сен тұр, мен атайын деп тұрған жігіттер. Ендеше, Тәуелсіз қазақ елінің намысын жыртқан Головкинге қолдау көрсетуге мен де аттанған едім. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұған дейін құстың қанатына байлағандай әр жазған қағазымды күн құрғатпай елге аттандырып, оқырманның құмарын қандыруға, жағымды жаңалықтарыммен бөліскеніме бір аптадан асып кетті. Тағатсыздана боксты тосып жүргендеріңізді де ішім сезіп отыр. Иә, білемін, барлығыңыз да Несекең осы жолы қандай жаңалығымен бөліседі деп отырған шығарсыздар. Шындығына келгенде сіздерге айтар әңгімем де, бөлісетін ақжолтай хабарым да жеткілікті. Әңгімемнің әлқиссасын мынадан бастасам деймін.
Қазақ атам қалай тауып айтқан. Иланбасқа лажың жоқ. Қазақтың ұлылығы осында болар. Мына бір сөзі дәл бүгінгі кешке арналғандай. «Тойдың боларынан, боладысы қызық», – дейді. Расымен де, Лас-Вегаста нағыз қызық басталды. Ертеңгі бокс кешінің алдында екі мықтыны әлемнің түкпір-түкпірінен жыйылған жанкүйерлер мен журналистердің алдына шығарып, ресми баспасөз мәслихатын өткізді. Екі сағатқа жоспарланған шара үш сағатқа созылды. Мәслихатты баяндамас бұрын, ең алдымен ішкі атмосфераны айтып алайын. Екі мықтыны көруге келген халықта есеп жоқ. Бүтін Мексика көшіп келді ме деп ойлап қаласың. Өздерінің дәстүріне сай кернейлетіп, билеген жұрт тойдың шырайын одан ары асырып жіберді. Журналистерді былай қойғанда боксшылардың суретін ұстап, қолдау көрсетушілердің легі көп. Әрине, қуанарлық жайт. Десе де, Генаны қолдауға немесе ел намысын арқалаған жігіт жайлы жазам деген елден келген жанкүйер мен журналистен жалғыз мен ғана екем. Осы менің көңіліме қаяу түсірді. Жердің шалғайлығы ма, жоқ қаражаттың қол байлағаны ма, әйтеуір, елден келген бауырларымды көзім шалар емес. Мүмкін, біздің ағайындар жантайып жатып үйде тамашалағанды қалай ма, онысы маған беймәлім. Бірақ оған Генаның көңілі түскен жоқ, өзіне сенімді, тіпті өзін еркін сезініп шайқасқа тастүйін дайын екенін көрсетті. Иә, бұл бөлек әңгіме. Енді негізгі ресми кездесуге келейін. 
Ең әуелі боксшылар келмес бұрын, бүгінгі мерекелік шараны жүргізетін сымбатты жігіт шығып, тойдың бастамасын бастап кеп берді. «MGM» гранд отель бұған дейін де талай дүбірді басынан өткерген орда. Түрлі басқосулар мен бокс кештері, ресми келісімдер мен ойын-сауық өткен орын, бұрынғысынан да түрленіп шыға келді десем артық айтпағаным. Өзі де келісті жігіт екен. Құдай таңдайына сүбелі сөзді құйып қойғандай, жалынды сөздерін түйдек-түйдегімен тастап, келген жұрттың делебесін қоздырды. Онысымен қоса қос боксшының суреті салынған жейдешелер мен плакаттарды және қолдары қойылған бокс қолғабын ала шығып, кәдімгі тойбастар үлестіргендей тойдың тәбәрік ретінде келген халыққа лақтырып дүбірге бөлеп жіберді. Өзі де делебесі қозып тұрған жұрт, одан сайын желпініп кетті. Одан кейін жоспар бойынша негізгі боксшылардың алдында шығатын жігіттер таныстырылды. Ең әуелі Райан Мартин мен Райан Гарсия шықты. Одан кейін Рэнди Кабальера мен бүгінде аты аңызға айнала бастаған Оскар Де Ла Хойяның немере інісі Диего Де Ла Хойя таныстырылды. Мен бұл жерде осы жігітке ерекше тоқтала кетейін деп отырмын, бұған дейін біздегі «Бокс ТВ» арнасынан Диегоның оннан аса шайқасын көрдім. Бұл бір жарқырап өсіп келе жатқан бала. Бұл бала болашақта кәсіпқой бокстың жарық жұлдызы болатынына кәміл сенемін және нақты айта аламын. Әрине, алыстағы Мексиканың баласына неге бүйрегі бұрып отыр деуіңіз мүмкін. Бірақ, жақсыны жақсы деп айту керек. Сол арқылы өз ұлтыңның жастарын тәрбиелеп, үлгі етіп, осындай әлемдік аренаға шығуына септігімізді тигізу әр адамның мақсаты болу керек деп ойлаймын. Одан кейін үшінші Джозеф  Диас пен Джош Уоррингтон келді. Алаулатып, жалаулатып шыққан екі боксшы да халықтың назарын өздеріне аударып, ертеңгі шайқаста аянып қалмайтындарын көрсетіп бақты. Бір уақытта ортаға Геннадий Головкин келе жатыр деп хабарлады. «GGG» деген атауды естігенде шулап, зал дегеніңіз төңкеріліп кете жаздады. 
Алды-артын жиырмадан аса адам қоршаған, бірнеше телеарналар Генаның кірпік қаққанына дейін түсіріп ортаға алып келді. Гена ел алдына өте әдемі болып шықты. Өзінің байырғы байсалды қалпынан тайқымай, үстіндегі киімі де жарасымды,  «GGG» белгісі бар күнқағар баскиімін киіп жарқ ете қалды. Топ ішінен ұлттық олимпиадалық комитеттің киімін киген маған жалт қарады. Мен де айғайлап үлгердім. «Гена, Қазақстан сенімен бірге!» – деп қолдау білдірдім. Ол да сыпайы ғана амандасып, көзімен ишара танытып сәлемін жолдады. Одан кейін бүткіл елдің дүбірімен шуылдатып, дүркіретіп Сауль Альварес келді. Әрине, залда мексикалық адамдардың көп екені белгілі. Соған қарамастан, Генаға да қолдау білдіретін жанкүйерлердің бар екенін және олар да толассыз Генаның есімін айтып қолдау білдіріп жатқаны мені қуантып тастыды. Альварес ортаға ауыл баласы секілді бұтына сидиған шалбар мен үстіне футбол жейдесін киіп шықты. Сол кезде менің есіме бағанағы жанкүйерім аз болды деп 0:1 есебімен ұтылып тұрған мен бірден 1:0 болып алға шыға келді. Неге десең, ел алдына шығумен Гена Альваресті бір аунатып кетті. Екі боксшымен де ұзақ сұхбат болды. Сонымен қатар, Геннадидің менеджері Томми Эфлермен де сұхбаттасып, тиісті сұрағымыздың жауабын алдық. Нақтырақ айтқанда бұл шайқас, шаршы алаңда болатын шайқастан кем болған жоқ деп есептеймін. 
Әрине, Головкинмен айызым қанып әңгімелесе алмадым. Олай болатын себебі, барлығы да уақытқа бағынған дүние, оның үстіне мүйізі қарағайдай әлемдік телеарналар мен газеттердің тілшілерінен кезек жеткенше уақыттың да болып қалғаны білінді. Онымен қоса, дәл қазіргі уақытта Генаның өз еркі өз қолында еместігі анық. Сөйте жүріп, ентелеген тілшілердің арасынан Головкиннің қолын алып, сәттілік тіледім. Бұл мен үшін де, Гена үшін де марқаятын жайт. Өйткені қалың мексикалықтың ішінен жалғыз қазақ баласын көру оған абырой болса, осындай айтулы дүбірдің куәсі болып, жалғыз келген менің абыройым екі есе десем артық айтпағаным. 
Осылайша үш сағаттан аса болған баспасөз мәслихатынан қос қоржынымды асыл қазынаға толтырып, мен шықтым. Бірінші күнгі шайқаста менің ұпайым толық, жеңіске жеттім десем болады. Ертеңгі 20 мың жанкүйер тамашалайтын алапат айқас та кімнің жеңетінін көретін боламыз. Алла қолдап, Альваресті атынан аударып тастасақ, бөркімізді аспанға атып, сіздерден сүйінші сұрайтын мен боламын. Өйткені ондай жаңалықты өз көзіммен көретін бірінші мен. Лайым солай болғай!
Несіп Жүнісбайұлы,
Алматы облысының Құрметті азаматы, 
белгілі спорт журналисі, арнайы «Жетісу» газеті үшін Лас-Вегастан.