ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ЧЕМПИОН САРЫӨЗЕКТЕ ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕП ЖҮР

Уақыты: 31.01.2022
Оқылды: 1207

Қазақстан әскерінің құрамында болған кәсіби спорт шеберлері жетерлік. Олардың арасында халықаралық спорт шебері атағын алғандар бар. Солардың бірі – Сарыөзек гарнизоны шабуылдау бригадасының қатардағы жауынгері, гір тасын көтеру бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Никита Друца мерзімдік әскери қызметін атқаруда.

Ол Қостанай қаласында дүниеге келген. Бала кезден спортқа ден қойған сарбаз мектеп қабырғасында жүріп спорт секцияларына қатысқан. Он үш жасында гір тасын көтеруден спорт шеберлігіне үміткер, он төрт жасында спорт шебері, он бес жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, он алты жасында Әлем чемпионы атағына ие болған. 

Бүгінде Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша білім алуда. Әскер қатарына шақырылуына байланысты оқуын уақытша тоқтатып, әскери борышын аяқтаған соң қайта жалғастырмақшы.

Өткен жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында 24 келі гір тасын 151 рет көтеріп, «Ұзын цикл бойынша сілкіп көтеру» жаттығуларынан әлемдік рекорд орнатқан.

– Мектепті аяқтағаннан соң әскерге барғым келді. Қызмет барысында біз автоматпен танктен атуды үйрендік, өйткені, мен Т-72 танкінің нысаншы-операторы ретінде қызмет етемін, – деді әлем чемпионы, қатардағы жауынгер Никита Друца. Сондай-ақ, спортшы әскерде жүріп, спорттан қол үзбей, бөлімдегі әскерилер арасындағы ұйымдастырылған спорттық сайыстарына да қатысып, жеңімпаз атанып, өзін үздіктер қатарынан көрсетіп жүр.

Алдағы жоспарланған жарыстардың бәріне ол әскер қатарында жүріп дайындалуға тура келеді, алайда оның дайындығына еш кедергі келтірілмейді. Бұл ретте спортшыларға әскери борышын өтеу кезінде біршама жеңілдік жасалатынын, спорттық бабын жоғалтып алмас үшін оларға жаттығу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік берілетінін айта кеткен жөн.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы