ҚАЗАҚСТАН АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢНЕН-АҚ СҮРІНДІ - БЕЙЖІҢДЕГІ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1187

Қытай астанасы Бейжіңде төрткүл дүние көз тіккен қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы жарыс күні басталды. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар фристайл-могулдан іріктеу кезеңінде сынға түсті. Өкінішке қарай, ел намысын қорғаған спортшыларымыздың біреуі де іріктеу кезеңінен өте алмады.

Дода ережесіне сәйкес, іріктеуде алғашқы ондыққа енген спортшылар финалға жолдама алады. Үздіктер қатарына енбеген саңлақтардың екінші іріктеу кезеңінде бақ сынайтын мүмкіндігі бар.

Алдымен жарыс жолына қыздар шықты. Бұл сында ел спортшылары Анастасия Городко, Аяулым Әміренова және Олеся Граур өнер көрсетті. Алғаш жарыс жолына шыққан Олеся Граур 57.18 ұпай жинап, ондыққа ене алмады (23-орын). Аяулым Әміренова 66.82 ұпай жинап, 16-орынға тұрақтады. Ал Анастасия Городко орта жолда сүрініп, жарыс жолын аяқтай алмады.

Бар үмітіміз Юлия Галышевада еді. Алайда дода барысында ұйымдастырушылар оны іріктеу кезеңін екінші айналымнан бастайтынын хабарлады. Сөйтсек, ПТР тесттің теріс шыққаны туралы ақпар жарыс басталғаннан кейін белгілі болғандықтан Юлия алғашқы іріктеу кезеңіне жіберілмепті. Спортшымыз екінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.

«Іріктеудің бірінші кезеңіне қатыспай, бірден екінші айналымнан бастау туралы шешімді бапкерлер қабылдады. Бұл шешім халықаралық федерация регламентіне сай келеді әрі ұйымдастыру комитетімен келісілді. Бұл әдеттегідей жағдай емес. Бүкіл Бейжің Олимпиадасының ұйымдастырылуы да ерекше екені айтылып жатыр. Барлық қатысушылар күн сайын тапсыратын ПТР тестте қарама-қайшылық көп және бұл мәселемен тұтас делегация да бетпе-бет келіп отыр. Ең бастысы – Юлия өзін жақсы сезінуде және 6 ақпан күнгі бәсекеге дайын», – деді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Осыдан кейін жарыс жолына ерлер құрамасы шықты. Дүбірлі додада ел құрамасының көшбасшысы Павел Колмаков 74,09 ұпай жинап, 17-орын алды. Әлем чемпионаты кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері Дмитрий Рейхерд 75,43 ұпай иемденіп, 12-орынға тұрақтады.

Осылайша, алғашқы іріктеуден ешбір спортшымыз он финалистің қатарына ене алмады. Бірақ спортшыларымызда тағы бір мүмкіндік бар. Екінші кезеңде фристайл-могул шеберлері ақтық сынға өтеді деген сенімдеміз.

Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы екінші іріктеу кезең 6 ақпанда, ерлер арасындағы дода 5 ақпанда өтеді. Финалдық кезеңдер де осы уақытқа жоспарланған.

Айдар ҚАЛИЕВ