БЕЙЖІҢДЕГІ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА: ҚАЗІРШЕ ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНДА ЖҮЛДЕ ЖОҚ

Уақыты: 07.02.2022
Оқылды: 1386

Қытайдың Бейжің қаласында XXIV қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды. Төрт жылда бір болатын Олимпиада дуына қазақ даласынан да спортшылар аттанған-ды.

Ел сенімін арқалаған ұл-қыздарымыз Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатына қатысты. Олимпиаданың ашылу салтанаты «Құс ұясы» олимпиадалық стадионында өтті. Салтанатты шеруде Қазақстанның Мемлекеттік Туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова алып өтті. Шеруде жүріп өткен біздің спортшылар әлемнің назарын өздеріне аударды. Ту ұстаған Абзал мен Екатеринаның киген киімін әлем баспасөзі жарыса жазып жатыр. Киімнің дизайны көпшіліктің көзіне әдемілігімен түсіп, қызыға қарауда. Ұлттық нақышта өрнектелген киім расымен де Сақ дәуірінің сардары Тұмар ханшайымды бейнелегендей әсер қалдырды. Киімнен үздік болғанымызбен жүлдеден қалыспыз.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақ ретінде қатысты. Біздің ұландар салтанатты шеруде үздік атанғанымен жарыс жолында айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алмай жатыр. Сонымен, доданың алғашқы күніндегі нәтижеге тоқталайық.

Қазақ елі асыға күткен жарыстың бірі – фристайл-могул. Бұған дейін талай бәсекеде орын алып, жүлдемен оралып жүрген Ю.Галышеваның жолына үмітпен қарады. Жүлде салады деген осы спорт түріне бар назарымыз ауды. Оның үстіне бір мәрте Олимпиада ойындарында қола жүлдені иеленген Юлья Галышева бұл жолы алтынды уысына түсіреді деп топшыладық. Әттеген-ай, біз ойлағандай болмады. Сонымен, могулшы қыздарымыз екінші іріктеуге қатысты. Аяулым Әміренова мен Олеся Граур бірінші іріктеудегі нәтижесін жақсарта алмады. Ал 16 жастағы Анастасия Городконың жолын төрешілер кескендей болды. Спортшымыздың бірінші финалға өтуіне аз ғана ұпай жетпей қалды, ол екінші іріктеуде 11-орын алды. Бірінші іріктеуге қатыспаған Юлия Галышева финалға өткен. Бірақ суперфиналға берілер жолдама сарапқа салынған кезде Галышева сәтсіз өнер көрсетті.

Осылайша, Қазақстан үшін могул бұл жолы медальсіз аяқталды. Могул. Финал. Үздіктер қатарындағы нәтиже Юлия Галышева – 11-орын (49.74). Фристайл-Могул. Екінші іріктеу. Үздіктердің қатарына енбеді. Анастасия Городко – 11-орын (67.47), Аяулым Әміренова – 12-орын (66.82), Олеся Граур – 18-орын (57.18).

Алтынды австралиялық Джакара Энтони алса (83,09 ұпай), күміс жүлде америкалық Джелин Кауф – (80,28 ұпай) еншіледі. Қола жүлде ресейлік Анастасия Смирноваға – (77,72ұпай) бұйырды.

Трамплиннен секіруде де жолымыз болмады. Чжанцзякоуда ауа райы қолайсыздық танытып, жарыс жолына шыққан спортшыларға кедергісін келтірді. Дегенмен, тұғырдан секірушілер қолдарынан келгеннің барлығын істеді. Алғашқы кезеңде сәтті өнер көрсеткен Сергей Ткаченко мен Данил Васильев алғашқы мүмкіндігінен кейін әрі аса алмады. Олар енді үлкен транплиннен секіреді. Мүмкін сол бәсекеде жігіттеріміздің қанжығасы майланып қалар. Трамплиннен секіру. Негізгі кезең. Орташа трамплин К-95. Ерлер Сергей Ткаченко – 41-орын (110.3, 95 м), Данил Васильев – 46-орын (101.0, 92 м).

Кейін шаңғы жарысында жүлдегер сарапқа салынды. Өкінішке қарай, скиатлонның алғашқы шақырымынан кейін қазақстандық қыздар артта қалды. Онда үздік нәтижені Ксения Шалыгина көрсетті, ол норвегиялық Тереза Йохаугтан алты минутқа қалып қойды. Скиатлон (7,5 км/7,5 км). Ксения Шалыгина – 48-орын (+6:24.0), Ангелина Шурыга - 49-орын (+6:41.6), Валерия Тюленева – 51-орын (+7:17.1), Надежда Степашкина – 58-орын (+9:21.6).

Шаңғы жарысынан ерлер арасында да біздің айымыз оңынан туған жоқ. Үміт артқан ұлдарымыз да қара үзгендердің шаңына ілесе алмады. Олардың көрсеткішіне көз жүгіртейік. Скиатлон (15 км/15 км). Виталий Пухкало – 32-орын (+7:35.3), Евгений Величко – 57-орын (бір айналымға қалып қойды). Скиатлоннан Олимпиада чемпионы атағын ресейлік Александр Большунов жеңіп алды. Күміс медальді оның отандасы Денис Спицов иеленсе, қола медальді финляндиялық Ийво Нисконен еншіледі.

Конькимен жүгіру спортында Надежда Морозова 3000 метрге жарыста 13-орын алды. Ол өзінің жеке рекордынан (3.59,64) бес секундтай қалып қойды. Надежда 1500 метрге жарысқа шығады. Ол осы қашықтықтан қайтсем де алтын аламын деп бел буып отыр.

Могулшы Дмитрий Рейхерд финалға дейін жеткен. Бірақ суперфиналға шыға алмады. Ол Олимпиаданы 8-орынмен аяқтады. Ал Павел Колмаков екінші іріктеуден аса алмады.

Шорттрекші Әділ Ғалиахметов өз тобында үшінші орын алып, алғашқы жарысында жеңіліп қалды. Ал аралас эстафетадағы құрамамыз жартылай финалға дейін жетті. Алайда қазақ-стандықтар А финалына жолдама ала алмады. Жалпы, жарысты отандастарымыз 5-орынмен аяқтады.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ