ҮШКЕМПІРОВТІҢ АҚ БАТАСЫ. МЕРЕЙ СҮЙІНОВ ҚАЛАЙ ЧЕМПИОН БОЛҒАНЫН ӘҢГІМЕЛЕДІ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 1400

Елге белгілі аға-інілермен жиі сапарлас болып, олардың қызық әңгімесін тыңдап, әр айтқанына ұйып, қорытып отырудың өзі – ғажап! Каратэ киокушинкайдан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мерей Сүйіновтің Жақсылық ағасынан бата алғаны өз алдына бір әңгіме.

Талдықорған қаласы әкімдігінде жұмыс істейтіндер 2015 жылдың қыркүйегінде қала күніне орай шағын футболдан Жақсылық Үшкемпіров, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев сынды саңлақ спортшылар бастаған «Жетісу чемпиондары» командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Арасында сол сәтте спорттағы карьерасында ең ірі жарысына дайындалып жүрген Мерей Сүйінов те бар. Ойын ойдағыдай өтеді. Залға жиналғандар да риза! Мерей қаумалаған қалың адам ішінен Жақсылық ағасын тауып, ірі жарыс алдында бата беруін сұрайды. Тілекші ағасы ақ тілегін айтып, батасын береді. Ал сол жылдың қазан айында Ресейдің Хабаровск қаласында өткен әлем чемпионатының финалында Мерей 80 келіде жапон Хиношита Такеакиды жеңіп, каратэ киокушинкайдан қазақтан шыққан тұңғыш жаһан жеңімпазы болды. Сонда Мерей:

– Күрес түрлері бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық ағам жеңімпаз болатындығыма сенді және қолымнан келетіндігін айтты. Менің одан кейін жеңілуге қақым жоқ еді. Рас, менен әлем чемпионатының алтынын ешкім күтпеді, тіпті, өзіммен еріп барған құрамадағылар да, – дейді.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін азаматтың одан кейінгі спорттық мансабы – тарих. Әр қатысқан жарысынан бір кубок құшақтап келуді әдетке айналдырған.

Бүгінде әлем чемпионы Талдықорғанда бой көтерген, сәулеті мен келбеті келісті, Орта Азияда теңдессіз Талдықорған орталық бассейнінің басшысы есебінде қызмет істеп жатыр. Тұңғыш – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ, тарих парағындағы алтын есім. Оны абыроймен арқалап жүрудің өзі – еңбек.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы