"ЖЕТІСУ" ФУТБОЛ КЛУБЫ ЖАҢА МАУСЫМҒА ДАЙЫН. АЛМАТЫДАҒЫ БЕС КЕЗДЕСУ

Уақыты: 12.03.2022
Оқылды: 1838

Алматыда өткен маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынында облыс намысын қорғап жүрген жетісулық футболшылар бес жолдастық кездесу өткізді. Бірақ аталған команда қаржыны үнемдеу мақсатымен Түркияда өтетін жаттығуға барудан бас тартты.

Жергілікті ойыншылардан жасақталған командамыздың Алматыдағы алғашқы қарсыласы Өскеменнің «Алтай» командасы болды. Тартысты өткен ойында есеп ашылмады. Қос команда 0:0 есебімен тең тарқасты.

«Жетісудың» екінші қарсыласы Ресей ФНЛ-2 чемпионатының қатысушысы «Қайрат – Мәскеу» командасы болды. Алғашқы минуттан-ақ қарсыластар қақпасына лап қойған жетісулық ұжым қатарынан төрт гол соғып, ойын тағдырын шешіп тастады. «Қайрат–Мәскеу» командасы кездесудің соңында ғана екі голмен жауап қатты. Осылайша командамыз 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Үшінші ойында облысымыздың аладоп шеберлері 2021 жылы бірінші лигада 5-орынмен аяқтаған «Жас қыран» командасымен ойнап, 1:0 есебімен ұтты.

«Жетісу» алғашқы оқу-жаттығу жиынындағы соңғы екі ойында жеңіске жетті. Алдымен «Қайрат» жастар командасын 2:1 есебімен, «Жас қыран» командасын екінші кездесуде 4:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, Алматыдағы алғашқы оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша жетісулықтар төрт ойында жеңіске жетіп, бір ойынды тең нәтижемен аяқтады.

Облыс командасы екінші оқу-жаттығу жиынын да Алматы қаласында өткізеді. Жаттықтырушылар штабымен келісе отырып, «Жетісу» футбол клубының басшылығы бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында екінші оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізуден бас тартты. Десе де, мамандар елімізде барлық жағдай жасалғанын, футболшылар Алматыда еркін дайындалғанын жеткізді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы