Студенттерге арналған спорт

Уақыты: 11.07.2016
Оқылды: 1763

Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың басталуына 204 күн қалды. Алатаудың етегін дүбірге бөлейтін додаға бүгінде қызу дайындық жүріп жатыр. Ұлы Даланың айбынын асыратын спорт жарысына арналған нысандар бірінен кейін бірі бой көтеріп, ару Алматының ажарына ажар қосып отыр. Бұл туралы 2017 жылғы 28-ші қысқы Универсиадаға дайындық пен оны өткізу бойынша дирекция директоры Наиль Нуров «Hard Rock Cafе Almaty» мейрамханасында өткен журналистермен кездесуде мәлім етті.

Қазіргі таңда Универсиада нысандарының құрылысы 80 пайызға аяқталып қойды. Оның ішінде 12 мың көрер­мен­ге арналған Мұз сарайы бар. Нысандар күзгесалым пай­да­лануға беріледі. «3 мың адам­дық және 12 мың орын­ды Мұз сарайының құрылысы уақы­ты­сында емес, одан ерте­рек аяқ­та­лады. Өз кезегінде өзге ны­сан­дар қазір жұмыс істеп тұр, тек қажетті толық­тырулар, тех­никалық жарық­тандыру жұ­мыс­тары қажет. Бұл жерде ай­тарлықтай мәсе­ле жоқ. Тек «Ала­тау» шаңғы-биатлон ке­ше­нінде лока­ция­лық жүйе­лер­ді орнатуда тех­никалық қиын­­дық бар. «Шым­бұлақ» пен «Сұңқар» трамплиндер ке­ше­нін­де де жаңарту жұ­мыс­та­ры жү­реді», – деді Наиль Ну­ров.

Сондай-ақ, Универсиада тарихында алғаш рет салы­нып жатқан Атлеттер қала­шығында да жетілдіру жұ­мыс­тары жүр­гі­зілуде. Барлық қатысушының ба­сы тоғы­са­тын бұл жерде Қа­зақстанның кешегі мен бүгінгі тарихынан сыр шертетін үлкен мәдени бағдарлама ұйым­дас­ты­рылады. Наиль Нуровтың ха­бар­­лауын­ша, Алматыдағы Уни­вер­сиа­даның құрылыс ны­сан­дарын 35 ел жоғары бағалады.

– Жұмыс қызу жүріп жа­тыр. Қатысушы елдердің соңғы саны жылдың соңында белгілі бо­лады. Мұнда біз «FISU» (Ха­лық­аралық студенттер спорты федерациясының), Қайрат За­кирьянов басқаратын Ұлттық сту­денттер спорты одағының жұ­мысына сенім артып отыр­мыз. Біздің мақсат – рекордтық 52 ел қатысқан Эрзурумде өт­кен ойындардан кем соқпау», – деді дирекция жетекшісі.

Қазақстан бүгінде 64 елді, 2 мың спортшы мен делегатты, 3 мың еріктіні, 30 мың туристі барлық жағынан қабылдауға әзір. Универсиада – бұл шын мәнінде спорт тарихындағы ең ірі іс-шаралардың бірі. Оның не­гізгі міндеттерінің бірі – Уни­вер­сиада философиясына үлкен өзгерістердің енуі. Уни­вер­сиа­даны Олимпиадаға дайын­дық кезеңі деп емес, өзін-өзін қам­титын жоба деп есептеген абзал.

Дирекция басшысы Уни­вер­­сиа­даны қоғам жастар мен сту­денттердің фестивалі, спорт­­­шы­лардың форумы ре­тінде қабыл­дай­тынын айтады. Студент – елі­міздің болашағы және ер­теңгі күн тәртібін қа­лып­тас­ты­рушы, кез келген елде қо­ғам­ның ең озық сег­менті. Ендеше, бүгінде Уни­версиада – ең жар­қын спорт­тық жастар форумы бо­лып есептеледі. Біз осы ар­қылы өс­келең ұрпаққа Қа­зақ­стан ту­ралы айтып, отан­шыл­дық рух­тың дәнегін себеміз.

Қазақстан Универсиаданы жарқын қылып өткізуге даяр. Өйткені, Универсиаданың теле аудиториясы бір миллиард адам­ды құрайды.Атап кетейік, тілшілерге арналған асты ұйым­­­дастыруға «Hard Rock Cafe Almaty» ұжымы қолдау білдірді. «Hard Rock Cafe» – 1971 жылы құрылған халық­аралық франчайзинг мей­рам­ха­наларының америкалық желісі. Бүгінгі таңда әлемнің 64 елінде 200-ден астам бө­лімшесі бар. Қазақстан атал­ған мекеме ашыл­ған 59-шы мемлекет бо­лып тіркелді. «Hard Rock Cafe Almaty» Азия елдері бойынша Мәскеуден кейінгі 13 жылдан бері істеп келе жатқан танымал кафе болып табылады. Мәң­гілік Елдің мерейі Алатау мен Алматыны әлемге тағы да та­ны­та түсетін Универсиадамен үстем.

Қуаныш ТҰНҒАТАР