АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ЕКІ ПРЕЗИДЕНТ КЕЛДІ. ҚОНАЕВТАҒЫ ТАҒАЙЫНДАУЛАР

Уақыты: 20.07.2022
Оқылды: 3747

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Қонаев қаласындағы спорт мектебінде жиын өтті.

Облыстағы спорт мектептері, басқарма мен федерация өкілдері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен бапкерлер, төрешілердің қатысуымен өткен жиында алғашқы болып аталмыш басқарманың басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алды. Ол Олимпиададан жүлде әкеп жүрген спорт түрлерін дамыту баршаға ортақ міндет екенін айшықтады. Сонымен қатар, Президент Жарлығымен облыстың екіге бөлінуіне байланысты Алматы облыстық бокс федерациясының, грек-рим, еркін және әйелдер күресінің президенттерін сайлау күн тәртібіндегі басты мәселе екенін атап өтті.

Тұғырлы туды желбіретер саңлақтарды саралап, қарадомалақ қазақ балаларын әлемдік аренаға алып шығу телегей еңбек, терсіңді жұмыстың нәтижесі екенін жеткізген Нұрбақыт Молдахметұлы Алматы облыстық бокс федерациясының президенті лауазымына Дәурен Төлегенді, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті лауазымына Дамир Күзембаевты тағайындады. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт мектептері директорлары кеңесінің төрағасы етіп Дархан Әшіровті бекітті.

Жиын барысында федерацияның жаңа президенттері сөз алып, артылған сенім үдесінен шығатындарын айтты. Еске сала кетейік, Дәурен Төлеген осыған дейін бокстан облыстың бірнеше дүркін чемпионы атағын алған. Ал Дамир Күзембаев грек-рим күресінен Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері.

Өз кезегінде бокстан, грек-рим, еркін және әйелдер күресі түрлерінен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Жұмахан Тұрғанбеков, Тұрсынғали Еділов, Боранбек Қоңыратов, Елмұрат Қайыпжановтар сөз алып, ізгі тілектерін арнады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы

Алматы облысы