АУЫЛ СПОРТЫНАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС: ЖЕТІСУ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 03.08.2022
Оқылды: 1477

Талдықорған қаласында жалауы желбіреген республикалық ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары өз мәресіне жетті. Республиканы дүбірге бөлеген байрақты бәсекенің жабылу салтанатына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысты.

Он күн бойы кіл мықтыны анықтауға барын салған ауылдың жасөспірім спортшылары аянып қалмады. Спорттың 12 түрінен 14 облыстың командасы бақ сынаған бәсеке өте тартысты өтті. Болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың өсіп келе жатқанына куә болдық. Жан алып, жан беріскен жарыста Жетісу облысының спортшылары намысты қолдан бермеді. Әр бәсекеде жоғары сатыға шығу үшін барын салды. Қоржындарына ұпай еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынға қол жеткізу басты мақсаттары болды. Сонымен әр спорт түрінің нәтижесіне келер болсақ, Жетісу облысы мынадай көрсеткішке қол жеткізді:

Облыс құрама командасы волейболдан қыздар арасында – 2 орын, шағын-футбол – 3 орын, еркін күрестен – 3 орын, грек-рим күресінен – 2 орын, дзюдодан – 1 орын, еркін күрестен – 3 орын, баскетболдан қыздар – 2 орын, ұлдар – 3 орын, көгалдағы хоккей қыздар мен ұлдар – 1 орын иеленді. Бұл жетістіктердің әрқайсына жекелей ұпай беріледі. Жалпы жарыстың жиынтығы бойынша 276 ұпай жинаған Жетісу облысы республикалық ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарының жеңімпазы атанды. Екінші орынға 257 ұпай жинаған Алматы облысы қол жеткізсе, үшінші орын 241 ұпай жинаған Түркістан облысы еншіледі.

Төрт жылда бір болатын республикалық ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарының жабылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли жарысқа қатысқан барлық командаға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды арнайы кубокпен және медальдармен марапаттады. Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров 2026 жылы болатын республикалық ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарының байрағын Ақтөбе облысының өкіліне салтанатты түрде табыс етті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Жетісу облысы