СУ СПОРТЫНА БАЛАЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ - МЕРЕЙ СҮЙІНОВ

Уақыты: 14.08.2022
Оқылды: 1036

Былтыр Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Талдықорғанда Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні салынған еді. Осы орайда Талдықорған орталық бассейнін аралап, директоры Мерей Сүйіновпен сұхбаттастық.

– Мерей, алдымен Талдықорған орталық бассейні  туралы айтсаңыз?
– Былтыр Елорданың туған күнінде ресми түрде ашылды. Бассейн әлемдік стандарттарға сай. Әмбебап бассейн – жүзу, су добы және үйлесімді (синхронды) жүзуден оқу-жаттығу өткізуге, тұрғындар үшін сауықтыруға арналған. Ал көрермендер трибунасы 570 орынға лайықталған.

– Қазіргі кезде орталықта қанша бала жаттығып жатыр? Қанша бапкер жұмыс істейді?
– Облыс тұрғындарының бассейнге қызығушылығы өте жоғары. Instagram-да парақшамызды ашып, хабарландыру жасаған күні бірден 5 мыңға жуық адам тіркелді. Қазіргі кезде 1500 бала жаттығады, 30 бапкер жұмыс істейді.

– Мұндай әлемдік деңгейдегі кешенге білікті жаттықтырушылардың қажет екені түсінікті ғой...
– Біз еліміздегі су спорты түрлерінің үздік мамандарының барлығымен хабарластық. Қызметке шақырдық. Синхронды жүзуден Олимпиада ойындарына қатысқан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айнұр Кереймен де келіссөз жүргіздік. Ол өз командасымен бірге келгісі келеді. Сосын тұрғын үй мәселесін шешіп бергенімізді қалайды. Сондықтан Айнұр секілді сырттан келетін білікті бапкерлерге облыс әкімдігімен бірлесіп, үй мәселесін ойластырып жатырмыз. 

– Қандай жарыстарға қатысып жүрсіздер?
– Қазақстанда өтетін бәсекелерден қалмаймыз. Ал шетелдегі сайыстарға босқа ақша шашпаймыз. Әрбір тиынды дұрыс жұмсау – міндетіміз. Өз ішімізде де додалар өткізіп тұрамыз. 

– Жалпы, осындай орталықтар ашып, жағдай жасаса бұл спорт түрінің Қазақстанда болашағы зор деп айтуға бола ма?
– Әлбетте. Білікті бапкерлер болса, су спортынан да талай дарындарды тәрбиелеп шығаруға болады. Қызығушылық өте жоғары. Олимпиада ойындарында өте көп жүлде сарапқа салынады. АҚШ-тың атақты спортшысы Майкл Фелпстің Олимпиада ойындарынан жеңіп алған алтындарының саны жалпы Қазақстанның 30 жылдағы жеңгенінен көп. Сондықтан мұндай спорт түрлеріне көңіл бөлуіміз керек.

– Бір жылдың ішінде  Талдықорған орталық бассейнінде қандай жарыстар ұйымдастырылды?
– Жүзуден республикалық «Жетісу кубогі» өтті. Енді бұл дода дәстүрлі түрде болады. Үйлесімді жүзуден  Қазақстан чемпионатын қабылдадық. Әр айдың соңында бассейннің өз шәкірттері арасында  жарыс ұйымдастырып тұрамыз.

– Ал енді жеке өзіңізге келсек, 2015 жылы киокушинкай каратэден әлем чемпионы атандыңыз. Сол кезде чемпионның құрметіне қойылатын Гимннің ауысып кеткені көпшіліктің есінде. Бірақ  сіз талап етіп, жаңа Әнұранды қойғыздыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз?
– Жеңістің буымен ескі Әнұран қойылғанда шайқалып тұра беретіндер кездеседі. Бірақ мен ондайға жол бермедім. Бірден ұйымдастырушылардан Қазақстанның ресми жаңа Әнұранын талап еттім. Олар «Яндекс» іздеу жүйесінен қарап, бұрынғы гимнді қоя салған. Мен Google-ден тауып бердім. Сөйтіп, ұйымдастырушылар кешірім сұрап, қателікке жол берген қызметкердің жұмыстан шығарылғанын айтты.

– Каратэнің түрі өте көп. Тіпті, сіз чемпион болған киокушинкай каратэ мен шинкиокушинкайдың айырмашылығын білмейміз. Осының аражігін ажыратып беріңізші?
– Бұлардың бір-бірінен асып бара жатқан айырмашылығы жоқ. Тек Жапонияда бірнеше каратэ федерациялары бар. Әрқайсысының өз жарғылары, ережелері бекітілген. Жалпы, татамидегі белдесу бір-біріне өте ұқсас. Мен айналысқан киокушинкай, негізінен, ұпай жинау бойынша ерекшеленеді. Мұнда қорғана жүріп жеңіп кетуге болмайды. Киокушинкайда соққының тиімділігіне көп мән беріледі, жай ғана соққыға ұпай берілмейді.

– Былтыр Токио Олимпиадасының бағдарламасына алғаш рет каратэ спорты енді. Төрт жылдықтың басты додасына дейін спортта жүрмегеніңізге өкінбедіңіз бе?
– Жоқ, мен өз шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Оның үстіне, Токио Олимпиадасында жүлделер сарапқа салынған кумитэ мен өнер көрсеткен каратэ  екеуі екі бөлек.

Бек ТӨЛЕУ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы