ҚАРАБӨГЕТ АУЫЛЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТКІЗДІ

Уақыты: 31.01.2023
Оқылды: 2272

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында Қарабөгет ауылындағы 1987 жылғы азаматтардың мұрындық болуымен шағын футболдан «Бауырлар» атты дәстүрлі турнир өтті. Сайысқа ауылдың әр жылдарынан құралған 20-дан астам команда қатысты.

Доданың ашылу салтанатында жастардың томағасын сыпырып, үлкен топқа түсіруде бар күш-жігерін жұмсаған, өткен ғасырдың аяғында Қарабөгет ауылының әкімі болған Саят Төлебаев сөз алып қатысушыларға сәттілік тіледі.

 – Ауыл жастары дегенде көз алдымызға тонның ішкі бауындай топтасып жүрген сайдың тасындай жеткіншектер келеді. Өткен ғасырдың аяғында экономика тұралап тұрған кезде елімізде ұрлық-қарлық көп болды. Міне, осы қиын-қыстау кезеңде ауыл жастары бұзылмасын деп волейбол, футбол, күрес секциясын аштым. Осының арқасында ауылдың қарадомалақ балалары спортты жанына серік етіп өсті. Тынбай дайындалғанның арқасында Қарабөгет ауылының жастары үлкен және кіші футболдан Сарқан ауданының бірнеше дүркін чемпионы атанды. Болашақта да Қарабөгет ауылынан мықты спортшылар шығады деген сенімдемін, – деді.

Осыдан кейін ауыл жастары кезек-кезегімен сөз алып,  жанашыр болып, игі шаралар атқарған Саят Төлебаевқа ақжарма тілегін ақтарып, иығына шапан жапты. Иә, «Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда ақылгөй қария болса, жазып қойған хатпен тең», – деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Саят ағамыздың бұл ісі көпке үлгі.

Дүбірлі дода тартысқа толы болды. Алғашқы кезеңнен-ақ  шағын футбол шеберлері бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті. Жоғары дәрежеде өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды 1997 жылғы, 2-орынды 1981 жылғы, 3-орынды 1993 жылғы, 4-орынды 1988 жылғылар жеңіп алды.  Додада «Үздік қақпашы»  «Үздік қорғаушы» «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» атанған ойыншылар да марапаттан тыс қалмады.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы