«Қазан марафоны – 2023»: Данияр Орманғали 1-ші келді

Уақыты: 01.06.2023
Оқылды: 741

Татарстан астанасында «Қазан марафоны – 2023» өтті. Бұл жарысқа қатысқан жетісулық жерлесіміз Данияр Орманғали мың ішінен дара келді. Айта кетейік, жарысқа Ресейдің 80 аймағы мен әлемнің 16 мемлекетінен келген 12 мың спортшы қатысты.

Жеңіл атлетикадан Ұлттық құраманың мүшесі, ел чемпионатының, Еуразия ойындарының, Орталық Азия чемпионатының және халықаралық бірнеше марафондардың жеңімпазы сарқандық 23 жастағы Данияр Орманғали Қазан қаласында өткен халық-аралық марафонда 42 шақырымды 2 сағат, 25 минут, 53 секундта жүгіріп өтіп, 1-орынға ие болды. Екінші келген атақты спортшы Андрей Смирнов жерлесімізден екі минуттан аса уақыт қалып қойды.  Жетісулықтың бұл жеңісі – үлкен істің бастамасы. Сөйтіп, желаяқ жерлесіміз әлемдік аренада еліміздің Көк туын тағы да көкке желбіретті.

Халықаралық «Қазан марафоны» 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Марафондағы 42,2 шақырымға жүгіру сайысын осыған дейін тек Ресейдің өкілдері жеңіп келсе, Сарқан ауданының Абай ауылында дүниеге келген азамат бұл сеңді бұзды. Данияр Қазанға барар алдында 29 мемлекет қатысқан Алматыдағы халықаралық марафонда жеңімпаз болған. Ол кезде 21 шақырымды 1 сағат, 6 минутта жүгіріп өтті.  

Серік ҚАНТАЙ