Бұқаралық спорт ауылдан басталады

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 1269

Спорт жайлы әңгіме қозғала қалса біздің ойымызға ең бірінші әлемдік аренада өнер көрсетіп жүрген спортшылардың есімі оралады. Әрине, ол жақсы үрдіс және солай болуы да заңдылық. Десе де  бұқаралық спорт деген бар. Мемлекет басшысының көтеріп отырғаны да осы бұқаралық спортты дамыту мәселесі. Әлем елдерінде де кеңінен насихатталатын және жүйелі түрде қолдау табатын спорттық іс-шара – бұқаралық спорт. Бізде бұқаралық спорт  қаншалықты дамыды деген сауал туындайды.

Осы орайда біз спорт пен бұқаралық спорттың аражігін ажыратып алайықшы. Әсілінде екеуін бөліп қарауға болмайды, екеуі – егіз ұғым. Десе де олардың әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Бұқара дегеніміздің өзі – халық. Ал бұқаралық спорт – халықты дене шынықтыру, түрлі жаттығуға тарту дегенді білдіреді. 
Жалпы спорттың өзін бейресми үшке бөлеміз. Дене шынықтыру, әуесқой және кәсіпқой спорт деп. Әуесқой деп тұрақты түрде бір спорттың түрімен шұғылданып, жеңіл және ауыр жаттығулар өткізіп, спорттық дәрежеге қол жеткізген адамды айтамыз. Ал кәсіпқой спорт ең қиыны. Олар әлемдік аренада өнер көрсетіп, әлем, Олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізгендер.  Дене шынықтырумен кез келген адам айналысуы керек.

Жыл сайын бұқаралық спортты дамытуымыз керек, халықтың 50 пайызын спортқа тарту қажет деген әңгіме айтылады. Жалпы осы жүйе өз деңгейінде өтіп жатыр ма?! Олардың спортқа тартылу пайызын қалай есептейді? Осы жағы бізге беймәлім. Көрсеткішке қарасақ, спортқа келушілердің қатары көңіл көншітеді.
Осы тұста Жетісу облысының бұқаралық спортына көз жүгіртейік. «Облыста саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері 580 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 20 000 адам, оның ішінде ауылдық жерде 310 іс-шараға  10 000 адам қамтылды. 

Казіргі таңда облысымызда жүйелі түрде спортпен 262568 адам шұғылданады  (2021 жылы – 232532, 30036 адамға артық). Бұл дене шынықтыру және спортпен айналысатын облыс халқының 37,6 пайызын қамтиды», – дейді спорт басқарамасының ақпаратында. 

Әрине, бір қарағанда жоғары көрсеткіш. Бірақ, бұл көрсеткіштердің барлығы жарыспен шектеліп отыр. Түрлі спорт түрлерінен өткен жарыстардың нәтижесі бойынша есептелген. Яғни, біздер тағы да әуесқой мен кәсіпқойдың нәтижесін бұқаралық спортқа қосып отырмыз деген сөз. 

Меніңше, бұқаралық спортты тұрғындардың дене шынықтыруымен есептеу керек секілді. Мәселен, осы бағытты дамыту мақсатында облыста бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы бар. Сонымен қатар, аудан, қала және ауылдық округтерде арнайы мамандар жұмыс істейді. Мысалға облыс бойынша ауылдық округтерде 170 спорт-нұсқаушы жұмыс істейді. Міне, осы мамандардың барлығы бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр десем, артық айтқан болар едім. Біріншіден, ауылдық округтегі мамандардың бірқатары өз жұмысын емес, ауыл әкімдерінің тапсырмасын орындап, спорттық іс-шараларды ұмытқан. Есеп ретінде сурет жіберіп, көзбояушылыққа барады. Сондай-ақ, ауыл жастары мен тұрғындар арасында дене шынықтыру, спорт жайында ешқандай байланыс орнатылмаған. Мұны айта қалсаң, спорттық инфрақұрылымдардың жоқтығын алға тартады.

Ол рас, ауылдарда спорттық нысандардың жетіспейтіні, тіпті жоқ екені де шындық. Бірақ, орта мектептердің спорт залдары бар емес пе?! Міне, осы спорт нысанын мектептен бос уақытта ауыл жастарын, тұрғындарды спортқа тарту мәселесіне пайдалану керек. Ауылдағы спорт нұсқаушысының негізгі міндеті мектеп басшыларымен келісе отырып, халықты осы нысанға қарай бағыттау керек. Сонымен қатар, жалпы халықтың спорттық нысанды керек етпейтін дене шынықтыру түрлері бар. Ол жеңіл атлетика, спорттық жүріс, атқа міну, тағысын тағы, айта берсең өте көп. Осы бағыттармен жұмысты ұйымдастыру қажет. Өкінішке қарай, ауылдағы спорт нұсқаушылары мұнымен айналыспайды. Тек мерекеде өткізетін шағын спорттық жарыстарын алға тартып, бұқаралық спорттың есебін толтырып отыр. 

Тағы бір айтатын мәселе, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қасынан құрылған «бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» жұмысын жүйелендіру қажет. Олар күнтізбелік жоспарда тұрған облыстық, республикалық, халық-   аралық спорттық жарыстарды өткізумен ғана шектеліп отыр. Аудандық орталықтар да осы бағытта жүріп келеді.  

Әрине, олардың негізгі міндеттері жарысты өткізе отырып, халықты, қала, аудан, ауыл тұрғындарын спортқа тарту. Мәселен, ауладағы спорт алаңшаларын алайық. Көбі бос тұр, біразының тозығы жеткен. Ауданды былай қойғанда ауылдарда мұндай спорт алаңдары мүлде жоқ. Бұл аула клубтарының жоқтығын білдіреді. Мысалы Талдықорған қаласында    10-нан аса шағынаудан бар дейтін болсақ, осының басым көпшілігі шағын спорттық алаңдармен қамтылған. Аула клубтарының арасындағы сайыстар, түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылмағасын спорт алаңдары тозып жатыр. Егер аталған шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрса, алаңдар күтімі де сақталып, аула тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы оянар еді. Әуесқой лигалар мүлде жоқ. Тек жеке адамдардың өздерінің табыс табуы үшін шағын футболдан ұйымдастырған әуесқой лигалары бар. Өкінішке қарай, орталық тарапынан әуесқойлар арасында ұйымдастырылған арнайы лигаларды естімедік. 

Үлкен спорттық нысандар қалада жеткілікті, оны қала тұрғындары мен студенттер толтырып отыр. Қала жастарының бос уақытын өткізуге тиімді орындары бар. Мұнда ауыл жастарына жіті көңіл бөлу керек. Облыс орталығында құрылған орталық ауыл тұрғындарына да жіті көңіл бөлуі керек. 
Ауыл мен аудан, қала мен облыс арасында байланыс орнамаған. Әркім өз шеңберінде жұмыстар атқарып жатыр дегенімен олар толық бақылауға алынбаған және нәтиже де көзге көрінбейді. 

Бұқаралық спорт жайлы нәтижені облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда қол жеткізген медальдардың санымен өлшеп жатамыз. Бұл мүлде дұрыс емес. Біз қарапайым халықтың санымен есептегеніміз жөн деп санаймын. Мысалға күні кеше ғана Татарстан Республикасының Қазан қаласында дүниенің басын қосқан үлкен марафон болды. Оған 12 мың адам қатысып, әуесқойдан кәсіпқойға дейінгі желаяқтар бақ сынады. Міне, осындай іс-шара бұқаралық сипат алады. Осы арқылы халықтың есебін шығаруға болады. 

Ондай дүбірлі бәсеке Жетісу облысында өткен емес. Бірді-екілі өткен марафондарға ары кеткенде 1-2 мыңға жетпейтін адам қатысады. Осыдан-ақ біздің облыстағы бұқаралық спорттың жетістігін бағамдай беруге болады. Сонымен қатар, қалада скандинавиялық жүріспен шұғылданушылардың қатары көбейіп келеді. Бірақ осы адамдар ешбір спорттық жарысқа қатысқан емес және спорттық іс-шара ұйымдастырылған жоқ.

Жетісу облысында спорт мүлдем төмен деп айтуға келмейді. Жыл басынан бері 1129  медаль (391 алтын, 358  күміс, 380 қола) жиынтығы бар. Мұның барлығы елішілік, халықаралық жарыстарда жеңіп алған спортшылардың жетістігі. Бұл аз көрсеткіш емес, тек бұқаралық спортқа да көңіл бөлу керек секілді. Жалпы халықты қамтитын жоба әзірлемей бұқаралық спортты дамытам деу бекершілік. Ол үшін ауыл, аудан, аулалардың арасына бару керек, осы аталғандардың басын біріктіру керек.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ