Елдің ері Елдос

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1337

Төрт жылдықтың басты додасы Рио Олим­пиа­дасы сен­біге қа­раған түні алауын тұтатты. Күллі әлемнің назарын ау­дар­ған до­даның шы­мыл­дығын бір­­не­ше жарыс түрі түрді. Со­ның ішінде бізді желпіндірген дзю­до күресі. Жа­­пон­ның төл өнеріне тоқтамас бұрын жарыс жолына шық­қан бір­неше спорт­­шы­ларымызды тілге тиек етейік. Алаудың оты жанбай тұрып, құ­ра­лайды көзге атқан садақшы­ларымыз өнер көрсетті.

 

Бұл сынға жетісулық Сұл­­тан Дүзел­баев қа­тыс­ты. Атқан оғын маз­дат­қан Сұл­­тан алғашқы іріктеу сы­ны­нан іркілмей өтті. Ол жа­рыс­тың бірінші күні-ақ 648 ұпай­ға қол жеткізіп, 48-орын­­ға табан тіреді. Көш ба­сына Оңтүстік Корей елі­нің өкілі тұрақтады. Ол жеңіп қана қой­май, рекорд орнатты. Лондон Олим­пиа­дасында өзінің отандасы 699 ұпайға қол жеткізіп, рекорд тір­кеген еді. Енді, міне, сол жер­ле­сінің ұпайын бірге арттырған спортшы 700 ұпаймен алға шықты. Ұпайды мол жинаған са­дақ­шылар алда тағы да сынға түседі. Сұл­тан­ның ендігі қар­сыласы қытай елі­нің өкі­лі бол­мақ. Одан кейін су­да жүзуден Дми­трий Бал­­ла­дин бақ сынаған. Көр­­сет­кіші жаман емес, финалдық кез­де­суге жол­дама алды.

Дәл сол күні татамидің тар­лан­да­ры да  Олим­пиа­да­ның көрігін қыздырды.  Ки­ма­­но киген ұл-қыз­да­ры­мыз­­дың ара­сын­да Қазақ елі­нің үкі­леп қосқан спорт­шылары бар. 48 келі сал­мақ­та Галбадрах Отгон­цецег пен 60 келі салмақта Елдос Сметов  сынға түсті.

Моңғол елінен аттай қа­лап алған Гал­бадрах тама­ша күресті. Ел үмітін ар­қа­­ла­­ған қызымыз бірінші Ұлы­бри­­тания дзю­дошысы Ли­ма Та­киа­намен белдесті. Ше­берлігі артқан кішкентай қара қыз доданы жеңіспен бастады. Алға­шында мен­сін­бей шық­ты ма, Лима­ның қарма­ғына ілініп қа­ла жаз­дады. Тізгін қолдан сусып ба­ра жат­­қа­нын білген Гал­ба­драх  қай­ра­тына мініп, қарсыласын алып ұр­ды. Ип­пон. Жеңіс қолда. Алға бір қа­­дам жыл­­жыдық. Екінші кез­де­суінде жа­пон­дық Ами Кондоға қар­сы тұрды. Тек ал­тын үшін кел­ген отан­да­сымыз шыға сала қар­сы­­ла­­сын жамбасқа алып, қан­жы­ғасына вазари әдісін жаз­ды. Енді құ­тылмайды де­ді ме, сәл сылбыр­лық та­нытып еді, жапон қы­зы алып ұрды. Құлатқаны бы­лай тұр­сын, әлемдік сында талай мық­тыны жо­лынан тайдырған Ами Конда біз­дің қыз­дың үстінен басып алды. Тырп еткіз­бей жиыр­ма секунд жатып алған жа­пон қызы жеңіс­ке жетті. Әттең, қолда тұрған жеңіс­ті беріп қойды. Оны өзі де сезгендей. Амал қанша, дзюдо сәл сылбыр­лықты ке­шір­­мейтін спорт. Енді се­нім артқан қы­зымыз жұ­баныш бел­десуінде қапы қал­маса болды деп көк жә­шік­тің сыр­тында біз отыр­дық. Аузы бір күйіп қалған Гал­ба­драх жұбаныш бел­де­суінде Вен­грия қы­зын көп ер­кін­сіт­педі. Гал­ба­драх қар­сы­ласын басынан асы­рып, жауырынын жер иіскет­кен­де қып­шақ қызы Ева Шер­новес­кий бар­мақ тіс­теді де қалды. Ал­ғашқыны да осылай жеңу керек еді. Жас­тығы мен тәжі­ри­бе­сіз­дігі кедергі болды ма, ал­тын­ға деген даңғыл жолын өзі бұзып алды. Иә, соны­мен қолаға таласта Ку­ба қы­зын тобықтан қақты.  Бер­­­сең қо­лың­нан, бер­ме­сең жолыңнан деді ме, оң жамбасына оңтайлы жат­қы­зып, аяғын аспаннан кел­тір­ді. Иппон деген төре­ші­нің белгісін естіген Гал­ба­драх сылқ етіп татамиге құ­лады. Қуанды, көз жа­сына ерік бе­ріп, бар дауысымен айғайлап шерін шығарып алды. Қап­талда тұрған бап­кері де көзіне жас үйіріп, орны­нан секірді. Міне, бір ға­на қателік жіберсе де, жүл­десіз қайт­пай­мын деген Галбадрах Алаш жұр­тына ал­ғашқы қола медальді сый­ға тартты.

Ал ерлер арасында сын­ға түс­кен Елдос Сметовті ерекше атап өткен жөн. Бұл салмақта мықты­лардың бә­се­кесі өте жоғары. Ал­ғаш­қы бел­де­суін ливалық Мо­ха­мед Елханды са­нау­лы се­кундта сан соқтырды. Алып ұрып, астына басып алған Елдос ай­қын басым­дыққа қол жеткізді. Оның жолын ағылшын елінің ба­луаны тос­ты. Шиыршық атқан біз­дің жігіт  Ұлы­бри­тания өкі­лін оңай ұтты. Ұлы да­ла­ның ұланы, Ұлы­бри­тания ба­луанын иппонмен жеңді. Ары-бері сілкілеп көрді де, оң аяқпен іліп тас­тады. Ең қиыны үшінші кездесуі бол­ды. Байыр­ғы қар­сы­ла­сы өзбек­стандық Диор­бек Урозбаев еді. Азия бірін­ші­лігінде Ташкент төрінде өз жан­күйер­­ле­рінің ал­дын­да бір күй­ре­тіп еді. Бұл жолы да сол жү­рі­сі­нен жаңыл­мады. Екі ба­луан біраз­ға дейін бір-бі­рін ала алма­ды. Ар­тын­ша ала ша­панды ағайынның осал тұ­сын тауып, бір юк­кога қол жет­­кізіп, Ел­дос жарты­лай финал­ға жол­дама алды. Жар­ты­лай сын­­­да Әзер­байжан ба­луа­нын бір ши­­до­мен ұтты. Ақтық сында орыс балуа­нынан жеңі­­ліс тапты. Не­гізгі уа­қытта екі балуан да нә­тиже шы­ғара алмады. Ақы­ры қо­сымша уа­қыт­қа жүгінді. Тақым қыс­қан бар­­ша қазақ жұр­ты Ел­дос­­тың тілеуін тіледі. Қап, әт­те­­­ген­-ай, әдісті өзі бас­тап, аяғына дейін жет­кізе ал­мады. Өзінің әді­сіне өзі түсіп, алтын медальді ре­сей­лік Аслан Мудранов­қа беріп қой­ды.

Өкінетін ештеңе жоқ, дүбірлі доданың бірінші күні-ақ Қазақ­стан қор­жы­нына екі жүлде түсті. Бі­рін­ші Галбадрахтың қоласы бол­са, ал­тын­ға пара-пар Ел­дос­тың күмісі. 2008 жыл­­­дан бері бұ­зылмай ке­ле жатқан татами сеңін  Ел­дос Сметов Риода бұз­ды. Асхат Житкеевтің ер­лігін қай­та­лап, шын мық­ты­лы­ғын дәлел­деді. Ал 66 келі­дегі сынға түскен Жан­сай Смағұлов екінші бел­де­суін­де жарысты тоқ­тат­ты. Ол Оңтүстік Ко­рей спорт­­шысы, Әлем чем­пио­ны Ан Баулға жол берді.

 

Түйін орнына: Риода отырып кілең сынды тізіпті демеңіздер. Жа­ғым­ды жаңалықты да алдағы уақытта жария­лай­тын бо­ламын. Көп до­даның ортасында жүргеннен кейін салыстырмалы түр­де айтқан жайым бар. Ал біз келесі сынға түсетін спортшылардың жемісті жолын көруге аттанып барамыз. Сүйінші хабарды күтіңіздер!

 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ