Қуаныш пен өкініштің арасы

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1818

Ассалаумағалейкум, Алаш жұрты! Оңтүстік Америка, Бразилия, Рио төрінен ақжолтай хабар таратып, баспасөз арқылы сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Ай­татын жаңалық көп. Барлығыңыз да елеңдеп әңгіменің тиегін ағыт­­са деп тосып отырсыздар. Әсіресе, мен арнайы жазып отырған Же­тісу жұрт­шылығы бұл дүбірге тоғыз бірдей тұлпарын қосып, та­қым қысып отыр­ған­да­рыңызды білемін. Сенім артқан серке­лер­дің жолына үмітпен қарап, жанда­рыңыз­ды шүберекке түйіп жүрген жан­күйердің мауқын бір басайын деген ниетпен әңгі­мемді бас­тайын. Көптен күткен алау тұтанды. Тоқсан мың жанкүйерді бауы­ры­на басқан «Маракана» стадионы лық толы. Сарайыңды ашатын, төрт жылғы сағынышты басатын Олимпиа­да­ның ашылу салтанаты да өз деңгейінде өтті. Спорт­тың қырық­тан аса түрінен сынға тү­се­тін спортшылар қаланың әр түкпірінде бақ сынауда. Тілшінің мін­деті додадан жаңалық таратып, жан­күйер­мен тезірек қауыш­тыру. Бірақ компьютердің заманы, жаңа тех­нологияның дамыған ке­зінде жылт еткен жаңалықты бізден гөрі сіздер бұрын ести­сіз­дер. Сондықтан мен осы ашылу салтанаты мен күрестен кейінгі түйген ойыммен бөлісіп, өз пікірімді жеткізейін. Ал бастадық.

 

Ең әуелі байқағаным, біздің қоржынға жүлде салған дзюдо бәсекесіне 35 спорт­шы тіркеліпті. Бұл дегеніңіз Олимпиада жарыстары үшін өте көп. Бұрында жақсы­лап тұрып іріктеп  алатын ұйым­­дастыру алқасы. Бұған дейін небәрі 20 балуан, боксшы, тағы басқа спорт түрлерін­де де осы есепті нық ұстайтын. Ал бұл жо­лы 35 ба­луан­ды көргенде менің көзім ша­рам­нан шығып кете жаздады. Соған қарап мен былай деп те ой түйдім. Әлемдегі жеті миллиардқа жуық адамның, әсіресе, ер адамдардың салмағы орта салмақтан төмен­деп бара жатқандай көрінеді. Бұл пікірім, дұрыс түсініңіздер. Бір жағы қалжың болғанымен түбінде шындық жатыр. Ұсақ­талу процесі басып бара жатқандай. Жа­райды, басты мәселе бұл емес. Осы отыз бес адамның арасынан жарып шыққан Елдос Сметовті біз қол шапалақтап қарсы алдық. Сіздер теледидардан қарсы ал­дыңыздар. Жарыс біткесін Елдос баламыз қос қанатын жайған құстай ұшып, жарыс өткен «Кариоко» стадионының ішінде жүр екен. Бет-жүзінен бір өкініш, бір қуаныш байқалады. Біз оның жағдайын жақсы түсінеміз және қол­дай­мыз.  Олимпиаданың күміс жүлдесі қазақ баласы­ның кеудесінде күндей жарқырап жүргенін көрдік. Күтіп те тұрдық. Мен секілді жазатын журналис­тердің арманы Елдосты құшақтарына қысу. Ол сәтке де жеттік. Барша тілшілер қауы­мы мен спорт мамандары, шенеу­ніктер, ың­ғайын тауып қарауыл­дан өтіп кеткен ту­ристер де кезек-кезек Елдосты құша­ғына қысып, құттықтап жатыр. Мен де жүлде ал­ған баламды құшағыма қысып, маң­дайынан сүйіп құттықтадым. Сол аралықта сұрақ та қойып үлгердім. Елдостың әңгімесін соңы­на қал­ды­райын. Қуанышты хабар болғасын бірден осыған түсіп кетіппін. Ең алдымен Олимпиаданың ашылу салта­натынан бас­тайын.

ХХХІ жазғы Рио-де-Жанейро  Олимпиа­дасы ашылу салтанаты біз бала күнде еститін «Маракана» стадионында өтті. Бұл стадионда мен бірнеше рет болғам. Пеленің отаны саналатын Бразилияның негізгі ойыны футбол болғандықтан, көптеген чемпио­натқа қатысқам. Бұған негізінен екі жүз мың адам сиятын. Олимпиада ашылуында ста­дионның бір жақ шетін шорт кесіп, сахна жа­саған. Сондықтан болар, салтанатты шараны көз алдында тоқсан мың адам ғана  көре алды. Мен көптеген Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты мен түрлі спорттық шайқастарға қатыстым. Ендігі осы жерде айтайын дегенім, Пеле жайлы.  Ашылу салтана­тында алауды Пеле жағады деп ойла­ған­быз. Әр оқиғаға сын көзбен қарайтын мен үшін аты аңызға айналған Пеленің айтулы мерекеге қатыспағаны көңілге кірбің ұя­лат­ты. Жалпы ашылу салтанатын керемет деп айтуға аузым бармайды. Біріншіден, тоқсан мың жанкүйер тамашалаған Олимпиа­даның ашылуы Бразилияның дәстүріне сай биімен басталды. Бидің қаншалықты әсерлі болға­нын сіздердің талқылауларыңызға қалдыр­дым. Ал одан кейінгі көрініс мен үшін қы­зық­ты болды. Мұхит жағалауында тұрып жат­қан елдің тұрмыс-тіршілігі, әр қиырдан жиылған халықтың салт-дәстүрі мен мәде­ние­ті, байырғы халықтардың тарихы, мұхит жағасындағы негізгі кәсібі балық аулау секілді қойылымдарды әлемге паш етті. Балқаш көлінің жағасында өскен бұл көрініс менің сонау балалық шағымды қайта еске түсіргендей болды. Екінші бөлігінде ғылыми басқа да жетістіктер жайлы ұсынылды. Бұл да таптаулы жол. Неге десеңіз, бұған дейінгі олимпиадаларда мұны қайталаған болатын. Біржақты сыни көзбен қарады деген ойдан аулақ болыңыздар. Көңілге медет болатын жайлар да бар. Ғылыми-техникалық прогресс өркендеген сайын жаңалықты, жақсылықты небір кереметті көргің келеді. Жеті жыл бойы дайындалған мемлекеттің көз қарықтырар жаңалығы болса екен деп арман­дайтынымыз анық. Тағы бір мәселе, спортшылардың шеруі екі сағаттан аса уақытқа созылды. Ұзақ уақыт жиылған жанкүйерді жалықтырып жіберген­дей. Мұны да бір ізге түсірмесек, жаңалық ашпасақ, кейінгі жазғы олимпиадаларда барлығының тамашалайтын көрінісі тек спортшылардың ту көтеріп шығуы ғана болып қалмақ. Бұл, әрине, керек процедура.  Болғаны дұрыс, тек жаңаша жолын тапса деген ой. Ал біздің мемлекеттің Көк туын талантты спортшы 85 келідегі таэквондошы Руслан Жапаров алып шықты. Өте әдемі, көзімізге жас үйіріп қолдау көрсеттік Ұлттық құраманың киген киімі де тамаша болды. Алпауыт елдердің көбісінен біздің киім ерекшеленіп, әдемі қалпында алдымыздан жүріп өтті. Осы жерде осыншама ұзақ уақытқа созылған шеруде  біз арнайы аккредитация алып кіргенімізбен, бәленшебай доллар төлеп кірген жанкүйерлердің алтын уақытын аяп кеттім.  Олимпиаданың ең тұздығы алау жағу. Осы сәтке футбол каролі Пеленің қатыспауы көпті алаңдатты. Бразилияда тұңғыш рет өтіп отырған Олимпиада алауына аты аңыз болған адамның айтулы шараға қатыспауы мені де жабырқатты. Расымен де, алауды тұтату тек осындай азаматтың құрметімен бастау алса, бәсекенің абыройын көтермесе, бәсеңсіт­песі анық. Бұл жайлы да түрлі әңгіменің шеті шықты. Бірі денсаулығы десе, екіншілері ірі жобаға келісім­шарт жасау сәті осы күнге белгіленіп, уақытының болмағандығын айтады. Бұл жайлы барлық баспасөз бетте­рінде қызу талқыланды. Әлем бойынша қызу талқыланып бара жатқан әңгіме тым терең­деп кеткенін сезген Пеле өзі жауап берген еді. Алдын ала жоспарлап қойған келісім­шарт оңды шешіліп, уақыт болып жатса қа­ты­суға тырысамын деген-ді. Ал мен бұл жер­де басқа мәселенің ұшығын көріп тұрған­даймын. Мүмкін қателесуім де ықтимал. Мен де пендемін. Сондықтан жеке пікірім деп қабылдаңыздар. Сонау 60-шы жылдары Пеле болып доп тебу әр футбол сүйер қауым­ның арманы еді. Небәрі он сегіз жасында әлемдік футбол мамандарының көзіне ілігу, үш дүркін Әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізу әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Ал осындай аңыз адамның шараға қатыспауы ұйымдастыру алқасының шалалығы деп білемін. Менің ойымша Пеленің туған елімен, олимпиадалық коми­тет­пен арада  келіспеу­шіліктер бар ма деп те ойлаймын. Жеті жылдан бері қолға алы­нып келе жатқан істі бір ғана келісім­шарт­пен сылтаулаудың еш реті жоқ. Соған қара­ған­да түбінде бір шикілік бар. Біз мұны қанша баспасөз бен интернетті ақтарсақ та таба алмадық. Ал алау жа­ғу­да түрлі қызықтарды көргенбіз. Адамдардың үстімен өрмелеп, садақпен атып жамбыға тигізіп небір адам­ның басын айналдыратын техникалық прогрестің көмегімен жаққан сәттерді көргенбіз. Ал бұл жолы от жағу қарабайыр болып қалған секілді. Тізбектей берсе сөз көп. Тырнақ астынан кір іздеу емес. Қалай болғанда таңдайымызды қағып, көзімізді жұмамыз деген ойымыз іске аспағаны іш­і­міз­ді қынжылтты. Бір сөзбен айтқанда, Рио Олим­пиадасының алғашқы қадамы осылай жасалды. Енді бағанағы Елдос балама ора­лайын. Құшағыма қысқан Елдос­қа қойған алғашқы: «Елдос, айналайын, жүлдең құтты болсын! Сенің күмісің алтын­нан да артық біз үшін, қазір қандай көңіл күйдесің?», – деген сауалға қысқа ғана жауап берді. Сол кезде Елдос: «Аға, қуаныш пен өкініштің арасында тұрмын. Өзіңіз білесіз, қуанышым елімнің, халқымның, жұртымның бір ісіне жарадым. Олимпиададан күміс жүлде сыйладым. Ал өкінішім қол созымда тұрған алтыннан айырылып қалғаным. Осының барлығын жүрегімнен қайта өткізіп, келесі Олимпиа­дада алтынға алмастырамын», – деді. Бұған біздің ішіміз жылып, күмісі алтынға тең асылымыздың маңдайынан сүйіп құттық­тадық. Біздің де күткеніміз осы болатын, одан асқан жауапты да керек етпедік.

Бұдан кейін баспасөз мәслихаты өтті. Оған әлем­нің түкпір-түкпірінен келген жур­налистер қауымы қатысты. Елдостан басқа жүл­де алған төрт спорт­шының барлығы кел­ді. Қола алған қызымыз Гал­ба­драх От­гон­це­цег те болды. Қоланы уысына қысқан Гал­бадрах сұрақтарға қысқа болса да жақсы жауап берді.

– Мен бәріңізге рахметімді айтамын, әсіресе, қолдау білдірген, барлық жағдайды жасаған қазақ халқына, спорт басшыларына, ұлттық олимпиада комитетіне және дзюдо федерациясына, – деді.  – Алтын аламын де­ген ниетім бар еді. Бұйырғаны қола болды. Өзімнің сәл босаңсығаным болар, жастығым да шығар, қолда тұрған мүмкіндікті жіберіп алдым. Алда талай жарыс бар, сол бәсе­ке­лер­­ден алтынмен сүйіншілеймін, – деді. Ал Елдосқа қойылатын сұрақ босқа қалды. Басында келеді деген еді. Артынша отандық тележурналистері өздерінің студияларына алып кеткенін білдік. Әрине, тілші болғасын жаңа­лықты бірінші және тез жеткізу дұрыс. Тек Елдосты баспасөз мәслихатына қатыс­тыру керек еді. Өйткені бұл жерде әлемнің журналистері күтіп отырды. Алаштың алтын баласын осындай мәслихат арқылы күллі әлемге таныстыру керек. Әлем білсін Елдос­ты. Сөзі мен мәдениетін, сол арқылы қазақ жұртын әйгілейтін еді. Содан барып таңға дейін студияда ұстаса нұр үстіне нұр болары хақ. Бұл менің жеке пікірім.

 

Несіп Жүнісбайұлы, белгілі спорт журналисі,

арнайы «Жетісу» газеті үшін Рио Олимпиадасынан.