ҮСТЕЛ ҮСТІНДЕГІ ТАРТЫС

Уақыты: 24.06.2024
Оқылды: 310

Тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымдалған спортшылар арасында «Біз есірткіге қарсымыз!» акциясы аясында үстел теннисінен қалалық чемпионат өтті. Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде болған турнирге қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, сәттілік тіледі. Жарыста 30 спортшы бақ сынады.


– Саламатты  өмір салтымен тұрақты айналысу үшін қаламызда барлық жағдай жасалған. Күнделікті бір іс-шара өтіп, тұрғындардың көңілін барынша көтеріп жатыр. Бүгінгі  шараның жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізіп жатқан қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді өз сөзінде Ернат Дүйсенбекұлы. Артынша турнирдегі допты алғаш болып ойынға қосып, жарыстың қызықты өтуіне тілекші екенін жеткізді. 

Үстел теннисінен елге танымал жеңімпаз Арнұр Әбішов бас төреші болған турнир тартысты өтті. Санат бойынша чемпиондар анықталып, үштікке енген қатысушыларға арнайы сый-сияпат табысталды.  

Әр санат бойынша ерлер арасында Алмас Мұқажанов (1-5 класс), Қанат Үсенов (6 класс), Ертай Мұрат (7-8 класс), Азамат Оразбек (9-10 класс) әйелдер арасында Дария Ысқақ (1-5 класс), Аделя Әбіләкімова (8 класс) және жұптық сында Азамат Оразбек пен Мұрат Қарымсақов (MD 18 класс), аралас жұптық сында Азамат Оспанов пен Эльмира Смағұлова (XD 10 класс) жеңімпаз болды. Ал абсолюттік сында (6-10 класс) Азамат Оразбек І орынды, Қанат Үсенов ІІ орынды, Ақат Дәулет ІІІ орынды алды. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"