Қос қола

Уақыты: 11.08.2016
Оқылды: 1379

Қазақстандық ауыр атлет Фархад Хар­ки Рио Олим­пиа­да­сында қола медаль ал­ды. 62 кило­грамм салмақ дәрежесі бойын­ша бәсекеге түскен ол жарыс ке­зін­де алты мүм­кін­дігінің тек екеуін пай­да­ланды.

 

ЖҰЛҚА КӨТЕРУ: 25 жастағы Харки зілте­мір­ді жұлқа көтеруді 135 килограмнан бастады да бұл салмақты қи­нал­май көтерді. Бас бапкер Алек­сей Ни тапсырысты сәтті орын­даған атлет­тің арқасынан қақты да жыл­дам басып, спорт­шы­лар жүрген жат­тығу залына кіріп кетті. Екін­ші рет шығарда Харки 140 келі штанганы көтермек бол­ды.

Бірақ атлет бұл салмақты бір дем­мен жұл­қып, жерден көтеріп әкете алмады. Харки  кө­тере бер­ген­де аяқ сіңірін созып алғанын айт­ты. Алексей Ни оны жаттығу за­лына кіргізіп, аяғы­на массаж жа­сап, ине сұғып, сіңірін жазуға тыры­сып бақты.

Қазақстандық атлет үшінші мүм­кіндігінде штанганы жұлқа кө­тер­генімен, орнынан тұра алмады. Шетте тұрған Алексей Ни қолын­дағы сүлгіні жерге бір ұрды. Жат­тық­тырушы спорт­шы­лар жүрген аймаққа бара жатып, атлеттің қа­те­лігін айтып жатты. Жұлқа көтеру жат­ты­ғуында алтын жүлде алады деген атлет – 2015 жылы Хьюс­тонда әлем чемпионаты атанған Қытай спортшысы Чэнь Лицзюнь шыққан бетте 143 келі темірді кө­термек бол­ғанымен шамасы жет­педі. Атлет ая­ғын дұрыс баса ал­май қабырға жаға­лап бапкерлеріне әрең жетті. Екін­ші рет шығарында бапкерлері оның аяғына массаж жасап, мүсәтір иіс­ке­тіп, есін жи­ғызуға ты­рысып жатты. Алайда, ол екінші жолы да көтере алмады. Оны залдан қос бапкері екі жағынан сүйеп алып кетті. Қытай ат­леті үшін­ші мүмкіндігіне шыққан жоқ.

Осыдан кейін Riocentrio кеше­ніне жиналған қазақстандықтар Қы­тай спортшысы жарыстан шы­ғып қал­ған­нан кейін Харкидің медальға мүм­­кіндігі арта түскенін айтып жатты.

Ал колумбиялық Оскар Фигие­роа мен индоне­зия­лық Эко Юли Ираван 142 килограмм штанганы көтеріп кетті.

СЕРПЕ КӨТЕРУ: Екінші рет шыққанында 177 келі зілтемірді көтере алмаған ол  тепе-теңдігін сақ­тай алмай, құлап түсті. Залдағы жанкүйер де спорт­шы жа­зым болмады ма деп  тік­сініп қалды. Бап­кер­лер Харкиді жаттығу залына жедел алып кірді де жер­ге жатқызып, сіңіріне мас­саж жасап жатты. Үшін­ші мүм­кін­дігінде де Харки штанганы мой­нына әкеле бере құлап түсті. Бұл сәтте қазақ­стан­дық жанкүйер­лер­дің жамырай ду ете қалған өкі­ніш­ті үні залдағы жұртқа тегіс естілді. Осы­лайша, ол 305 килограммен үшінші орын иеленді.

Колумбиялық Оскар Фигиероа жалпы есепте 318 килограмм (142+176) нәтижемен Олимпиада чемпионы атанды. Колум­биялық атлет чемпион атанған сәтте көңілі босап, штанганы құшақтап біраз отырды. Индонезиялық Эко Юли Ираван  312 килограмм нәти­же­мен (142+170) күміс жүлде ие­ленді.

Руслан Меделбек,

Риодан.