ОЛЖАМЕН ОРАЛҒАН ОҒЛАН

Уақыты: 12.08.2024
Оқылды: 348

Берекесіне мерекесі жарасқан жазиралы Жаркент өңірінің жұрты Париж жазғы олимпиадасы ойындарында грек-рим күресінен  күміс жүлдегер атанған Демеу Жадыраевты қарсы алды. 


Париж жазғы олимпиадасында  грек-рим күресі стилінде Қазақстан ұлттық құрамасының қатарында 77 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Демеу Жадыраев алғашқы белдесуінде Колумбия спортшысы Джейр Куероны ұршықша иіріп, жамбасын жерге тигізіп, бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Екінші кездесуде Қырғыз елінің шебері Ақжол Махмудов тек өз отандастарының ғана емес, әлем сарапшыларының алтынға балаған балуаны болатын. «Күш атасын танымас» демекші, Демеу одан да басым түсіп, сарапшылардың үкілі үмітін үзді. Жартылай финалда Азербайжан палуаны Санан Сүлейменовты 6:1 есебімен жеңіп біздің жампоз финалға шыққанда, қуанбаған жанкүйер қалмағаны анық.

Осы орайда олимпиада биігіне көтерілген жолында біздің жерлесіміз өткен жылғы әлем біріншілігінің екі жеңімпазын жеңгенін айта кеткеніміз абзал. Финалда 34 жасар қазақстандық Демеу әлемдік  рейтингте бірінші қатарда тұрған 23 жастағы жапондық күрескер Нао Кусакемен күресті. Көрермен белдесудің алғашқы сәтінде  Демеу екі ұпаймен алға озып-ақ еді. Өкінішке қарай жапондықтың жастық жалыны ұпай санын арттырып үлгірді. Дегенмен, Демеуге бұйырған күмістің қазақстандық грек-рим күресі тарихында салмағы ерекше екені мәлім. Өйткені жеңімпаздың қазіргі бапкері Юрий Мельниченко 1996 жылғы АҚШ-тағы Атланта олимпиадасында 57 келі салмақта алтын алса, Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылға Пекинде 60 келі салмақта күміс жүлдегер атанған. Біздің бірде-бір классик күрескеріміз 77 келі салмақ пен олимпиада финалына шықпаған екен.

Үшарал ауылына кешкі іңірде жеткен Париж жазғы олимпиадасының жеңімпазын облыс, аудан басшылары, өңірдің спортсүйер қауымы мен ауылдастары құшақ жая қарсы алды. Туып-өскен үйіне ауылдас азаматтар төбесіне көтеріп кірген батырмен ел-жұрты құшақтаса қауышып, мәре-сәре болысты.

Жеңімпазбен жаркенттіктердің кең ауқымды жүздесуі ертесі жексенбі күні аудан орталығындағы кең алаңда жалғасты. «Жақсыны көрмекке» демекші, алаңға жиналған адам аз емес. Тіпті Алматы, Талдықорған, Астана сияқты ірі қалалардан да жерлестерінің жеңіс қуанышын бірге тойлауға келгендер баршылық.

Әнұранымыз шырқалып басталған алаңдағы жиынды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов кіріспе сөз сөйлеп ашып, аудан тұрғындарын осынау қуанышқа толы сәтімен құттықтай тұрып, үлкен спорттың қажыр, қайраттыққа жетелейтін, ел намысын қайрайтын жауапты сала екенін тілге тиек етті. Спорт пен денешынықтыру бүгінгі мемлекет саясатының маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.  Франция төрінде күмістен алқа таққан батырымыз Демеу Жадыраев тек жерлестерінің ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың лайықты мақтанышы болмақ. Екінші кезекте сөз сөйлеген Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек те олимпиада жүлдегерінің жетістігі оның өскен өңіріндегі спортқа деген аудан тұрғындарының ерекше ынтасы мен сүйіспеншілігінің, сергек сезімінің жемісі екенін әспеттеді. Өңірде өткен жылы ғана бірнеше жаңа спорт кешендері тұрғындардың пайдалануына берілсе, үстіміздегі жылы олимпиада жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Демеу Жадыраев өскен Үшарал және оған көршілес Көктал ауылдарында жаңа спорт кешендері салынып жатқанын сөзіне тұздық етті. Әкім жерлестерін жампоз оғландарының жеңісінің қуанышымен құттықтады.

Бұдан кейін қайтадан ортаға шыққан аудан әкімі Марат Рақымбердіұлы Демеудің жеңісіне жерлестері шаттанып қуанумен қатар, кәделі сый-сияпаттар дайындағанын, автокөлігін әзірлегенін хабарлап, оның кілтін тапсыруды Еңбек Ері Күләш Айтжановаға ұсынды. Талғар қаласынан беріліп отырған екі бөлмелі пәтер кілтін аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов тапсырды. Сонымен қатар, жерлесіне «Ернар» ЖШҚ төрағасы Тасқын Жапарқұл 50 мың АҚШ долларының сертификатын ұсынды.

Демеудің күрес өнерінде биік дәрежеге жетуіне оны жалықпай жаттықтырған бапкерлерінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Алыпты бала кезінен баптаған спорттағы алғашқы ұстазы Жұмақан Тұрғамбеков пен үлкен додаға баулыған жеке бапкері Боранбек Қоңыратовқа кәсіпкерлер Гүлнар Ақсубаева мен Жалғас Алтынбеков жолталғамайтын «ХАВАЛ» автокөліктерінің кілтін тапсырып,  ардагер ұстаздарды да қуантты.

лаңдағы салтанатты жиынның соңында Париж жазғы олимпиадасының күміс алқа жүлдегері Демеу Жадыраев ортаға шығып, барша жанкүйерлері мен жерлестеріне жылы шыраймен қарсы алғандары үшін алғыс сезімін білдірді. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы