ҮМІТ ҮШТІГІ

Уақыты: 11.08.2016
Оқылды: 1415

Рио Олимпиадасының нағыз қызған шағы. Таңмен таласып Олимпиада қалашығынан жарыс өтетін сарайды бетке алып, іштей қазақ спортшыларының тілеуін тілеп келеміз. Әзірге бір күміс, үш қола қоржында. Шіркін, қара баланың мойнында алтын жарқыраса деген ниетім басылар емес. Талай доданы көрдім деп бұған дейін де жаздым емес пе? Он Олимпиаданы көріп, том-том кітап жаздым. Сол еңбегім ақталып Риода тұңғыштардың бірі болып марапатталдым. Тәубе! Бірақ өз марапатымнан бұрын ұландарымыздың алтынының салмағы ауыр. Еңсемді басқан ауыр ойдан арылар емеспін. Терең ойға шомылып отырып, автобустың ішінде бірге кетіп бара жатқан менің досым, қазақтың маңдайына біткен талантты ұлдарының бірі, талай байрақты бәсекеде серіктес болған серігім грек-рим күресінің бас бапкері Таңат Сағындықовқа көзім түсіп кетті. Менің көңілім пәс болғанымен Таңаттың көңілі көтеріңкі. Әуелі додаға қатысамыз, шәкірттеріміздің жолы қалай болмақ деген сұрақ та мазаламай ма, қалай? Сырттай бақылап, мазалаған сұрағымның жауабын Таңат айтар деген ой келді. Әлі уақыт бар. Жол ұзақ. Енді дегбірім кете бастады. Таңатпен тілдесу керек. Неге уайымсыз отыр, жоқ, ұлдардың күшіне сенімді ме? Тағы да сауал. Ақыры жаймен жанына жайғастым. Ежелден аңқылдап, маңайын қуанышқа бөлеп нұрын шашып жүретін Таңат досым бұрынғы әдетіне басып қауқылдасып кете барды. Жорға аттай жорғалаған, су төгілмес тұлпарым талай мықтының алдын көрген емес пе? Бірден «Несаға, мен сені жақсы білем. Санаңды әр нәрсе мазалайды, ойың сан жаққа жүгіріп, мазасызданып келе жатқаныңды да сезіп отырмын. Көкейіңдегі сауалыңды да біліп тұрмын. Реңің қашып тұр. Сондықтан, әдемі әңгімемен жаныңды емдейін», – деп, өзі бастап кеп берді. «Әй, Таңат, айналайын! Қасыңдағы адамыңның ішіндегісін айтқызбай білетін сенің осы қасиетің жеке бір мақала ғой. Ендеше баста», – дедім. Осылайша, бас бапкер Таңат Сағындықовпен арадағы сұхбатты «Жетісу» газетіне ұсынып отырмын.

 

– Ең бірінші, жігіт­тер­дің дайындығы, қарым-қабілеті қалай?

– Иә, Нәке, өзіңіз жақсы бі­лесіз, жігіттеріміздің дайын­ды­ғы жаман емес. Төрт жылда бір болатын марапатты додаға дайын­дық сонау Лондоннан кейін басталып кеткен. Біраз жаттығулар жасадық. Түрлі жа­­рыстарға қатыстық. Жүлделі орындарды да алдық. Дайын­дық жаман болса жолдама ала­мыз ба? Осының өзі көп нәр­сені аңғартады. Лас-Вегастағы Әлем чемпионатынан жақсы қы­рынан көріндік. Азия чем­пионатынан жүлдемен оралған күніміз бар. Олимпиаданы өзіңіз жақсы білесіз. Осал спорт­шы болмайды. Анау тө­мен, мынау жақсы деп айтуға да тыйым салынған. Ол жарыс­тың, спортшы мен бапкердің жазыл­маған заңдылығы. Қар­сы­ластың барлығын мықты деп есептеу керек. Сондықтан да дайынды­ғымыз жүз пайыз. Соң­ғы оқу-жат­тығуды Алма­ты­да өткіздік, өзіме ұнады. Ең бас­тысы, ішкі психологиясы пісіп-жетіліп тұр. Үшеуі де әлем чем­пионатта­рын­да жүлдегер атан­ған балуан. Жал­пы санға бай­ланысты емес, сапасына қарау маңызды. Үміт көп.

– Енді жеке-жеке тоқ­тал­­саңыз?

– Енді барлығыңыз жақсы білесіз, Алмат Кебісбаевті ерек­ше атауға болады. Бүгінгі күнге дейінгі жарыстардың барлы­ғын­да бестіктен төмен түскен ба­луан емес. Тек алтын ғана же­тіспей тұр. Бұйыртса, ол күн де алыс емес деп ойлаймын. Жақ­сылық ағамызды барлығы біле­ді. Тұңғыш Олимпиада чемпио­ны Жақсылық Үшкемпіров ар­найы келіп ата салтпен бір ма­лын құдайы қылып таратып, жігіттерге батасын берген. Ме­нің жолымды берсін деп Алмат­тың да қолын алған еді. Енді жұғысты болсын деп айтайық. Ал Досжан Қартықовты айтсақ, ол да мықты. Жас балуан жар­қырап әлем чемпионатында шы­ға келді. Онан кейін талай жа­рыста жеңіске жетті. Азия чем­пионы болды, әлем кубогында бес белдесуінде де жеңіске жет­ті. Енді бағы жансын деп отыр­мыз. Нұрмаханды ерекше айту­ға болады. Ол біздің Қажы­мұқан. Белдескеннің белін сын­дыратын балуан. Тәжірибе де­ген мол. Қазір оның ішкі дүние­сі толықсып тұр. Беталысы жа­ман емес. Салмақ жағы да өз орында жинақы тұр. Лондонда қатты сынып кеткен еді. Оны­мен де жұмыс жасадық. Пси­хо­логиялық деңгейі де дайын. Бұдан кейін мұндай мүмкіндік бо­ла ма, болмай ма, кім біледі? Осы мүмкіндікті ұстап қалу керек. Барлығы жеңіс үшін келе жатыр. Біз қазақ ырымшыл ке­ле­міз ғой. Өткенде шығарып салған кезде жігіттеріміздің бірі айтып жатыр. Мәскеу Олимпиа­дасына үш қазақ барып, екі алтын, бір күміспен оралған еді. Сол ағаларымның жолын берсін деп жатыр. Біз де әумин дедік. Олай болса, Алаштың таңы атқан күн.

– Енді бапкерлердің рөлі қалай?

– Орынды сұрақ. Келе жат­қан бапкерлердің барлығы да білікті. Оның үстіне жиында көп мәселе қозғалған. Спорт­шы­лардың жеке бапкері туралы. Барлық терді төгіп, Олимпиада кезінде теледидардың ар жағы­нан тамашалаған дұрыс емес. Өйткені олар әкесі мен шешесі секілді. Барлығын біледі. Пси­хо­логиялық жағынан осы азамат­тар дайындайды. Осы мәселе оң шешіліп, әр баланың жеке бап­керін алып келе жатырмыз. Мә­се­лен, Алматтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов, Қарты­қов­тың жеке бапкері Г. Цурцумия, шығыстан Нұрмаханның жеке бапкері Марат Тұрлыханов бар. Қалғанын кілем көрсетеді деп отырмыз.

Рахмет, Таңат досым. Менің де көңілім жай тапқандай. Дәл Таңат айтқандай болсын деп ті­лейік. Іздегенім де осы еді. Бап­кермен сөйлесіп отырып жа­рыс болатын жерге де келіп жеттік. Дүбірлі доданың ішіне ендік, қызу тірлік басталып кетті...

 

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

белгілі спорт журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы, арнайы  «Жетісу» газеті үшін Рио Олимпиадасынан.