Жерлесіміз Карина жүлделі болды

Уақыты: 11.08.2016
Оқылды: 1446

Ақ түйенің қарны жа­рылған күн! Күллі әлем Риоға көз тігіп, спорт­шылар­дың жолына үміт артып отырғанда Қазақ еліне, әсіресе Жетісу жеріне сүйінші хабар жетті. Көтергені батпан тас, арқалағаны қап-қап алтын, күміс болатын ауыр атлеттеріміз өз жанкүйерлерін желпінтіп тастады. Бақ пен баптың сыналған шағында, елдің намысы топқа түсіп жатқанда қара нардай қайыспай ерлік пен өрлік көрсеткен зілтеміршілеріміздің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Солардың ішінде Алматы облысынан ел үмітін арқалап аттанған Карина Горичева Алаш жұртына қола жүлдені сыйға тартты. Алтынға бергісіз қоланы мойнына таққан Карина ел мерейін асқақтатар жүлде үшін барғанын айқын дәлелдеді.

Түн ұйқымыз төрт бөлініп, кірпік қақпай жерлесіміздің тілеуін тіледік. Көк жәшікке телмірткен Олимпиада додасы қазақ жұртын сүйіншілеуден жаңылыспады. Әлемнің ал­пауыт­тары бақ сынаған бәсе­кеде жетісулық Карина Гори­че­ваның да есімі аталып, қола тұғырдан қол бұлғағаны елде қалған біздің көзімізге жас үйіртті. Жер жаннаты Жеті­судан нәр алған қыран қыз алғашқы Олимпиадасында-ақ жүлдеге қол салды. Басты фавориттердің қатарында бол­ған жерлесіміз алтыннан да дәмелі еді. Әттеген-ай, сәл ғана сәтсіздіктің кесірінен қоланы місе тұтты. Егер облыс орталығындағы нәтижені көр­сеткенде алтын медаль Кари­наның уысында еді. Жә, қапа­ланатын  дәнеңе жоқ. Жас болса да болашағынан үлкен үміт күттіретін зілтемірші екенін мықтап тұрып мық ше­ге­мен шегеледі. Оны көзіміз көрді және біз де қол шапа­лақтап, қуаттадық.

Сонымен абыройымызды аспандатып тастаған Кари­наның қуанышты  екені айт­паса да түсінікті. Ал үйде отырған ана­сы мен әкесі, туған-туыс­тары­ның көңіл-күйі қалай болды? Бізді қызық­тыр­ған осы. Аты­мызды әлемге әйгі­леген қыздың отбасы тіптен жүректерін қо­лына ұстаған бо­лар. Дегбірі қашқан ата-ана аты шыққан қы­зының жетістігін көргеннен бас­тап ұйықтамаған болар. Олай болса, таңмен тала­са Кари­на­ның үйіне қарай асыға бастық. Есік жабық, қыздары қола жүл­де алған үйге ұқса­майды. Мүм­кін шатасқан болар­мыз?.. Дәл сол сәтте қола  жүлде алған қыздың анасы ертемен жұмысқа кетіп қалды деген көршісі бой көрсетті. Оның да жүзінен қуа­ныштың лебі есіп тұр. Біз де сезе қойдық. Таңды күтпей көр­ші­лері құттықтап үлгерген екен. Көршінің жөн сілтеуімен №14 мектепке келдік. Зыр жүгірген ұстаздар, гүл құ­шақ­таған мек­теп басшылығы алдымызды қиып өтті. Ә, дәуде болса Елена Горичеваны құт­тық­тауға бара жатқан болар. Біз де ілестік. Расында да ойымыз алдамапты. Білікті басшы, жан сүйсінтер жаңалықты қалт жі­бер­мейтін мектеп директоры Гүлжанар Еспанова ұстаздар қауымын жинап, қызметкері Еленаны салтанатты түрде қы­зы­ның же­ңі­сімен құттықтады. Бұл білім ошағы бұған дейін де аты әлемге әйгілі болған меке­ме. Алаштың айбарына айнал­ған жампозымыз космонавт Ай­дын Айымбетовтің білім алған мек­тебі. Айға ұшқан Айдындай саңлақ шыққан мектептен тағы бір талантымыздың есімі ай­шық­талды. Жүлдегердің анасы осы мектептің қызметкері. Ка­рина да аталған білім ордасында 9-сыныпқа дейін білім алып, облыстық спортқа дарынды ба­ла­ларға арналған арнайы мек­теп-интернатына ауысқан бо­латын. Міне, таңмен таласа құттықтаумен басталған Еле­наның күні жарқырап атты. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынған ұстаздар қауымының арасынан жүлдегердің анасын әзер алып шықтық. Әрине, мек­тептің абыройын былай қой­ғанда, мұқым Алаштың мәрте­бесі. Алтын құрсақты анадан тәрбие алған қыздың еліне қола жүлдені сыйға тартуы екінің- бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Жүзі бал-бұл жанған ана­ны біз де ортамызға алып, жапа-тармағай сұрақтың астына ал­дық. Қуаныштың көз жасы емес пе? Моншақтап аққан жас Еле­наның бетінен тарам-тарам бо­лып дөңгелей жөнелді. Ананың жүрегі баланың қуанышына қалай ғана елжіремесін. Өзегін жарып шыққан ыстық ықы­ла­сын бізге арнап, рахметтің түр-түрін ағытты. «Жоқ, керісінше, біз сізге алғыс айтуымыз керек. Осындай алтын қызды дүниеге әкеліп, елінің намысын жыртып, талантты спортшы етіп тәр­биелеген сіздің үлесіңіз», – деп әңгімемізді бастадық.

– Карина кішкентайынан қайратты қыз болды. Жас­тайы­нан спортқа жаны құмар еді. Спортқа да мен өзім қолынан жетектеп апардым. Менің ар­маным мықты каратэші болса екен дедім. Кішкене күнінен бастап каратэ спортына бердім. Ол спортта да жаман өнер көр­сет­кен жоқ. Түрлі жарыстарға қатысты, жүлделі орынға да көтерілді. Кейін оны қойып садақ ату спортына қатысты. Осы мектепте оқып жүріп, та­лай жарыстардан жүлдемен орал­­ғаны әлі есімде. Сабағы да жақсы болды. Кейін баланың бойынан бір таланттың ұш­қынын байқаған алғашқы бап­кері Ирина Власова оның ауыр атлетикаға баруын қалады. Спорт мектебінде жүргенде садақ атумен айналысты. Одан кейін зілтемір залына кіріп, махаббаты соған оянды. Мен алғашында қарсылық білдір­генім рас. Өйткені ол нәзік жан­ды емес пе? Артынша қызым да, жаттықтырушысы да қол­қалап қоймағасын келісімімді бердім. Отбасында екі қыз. Үл­кен қызым да спорттан алыс емес. Көркем гимнастикамен шұғылданады. Жетістігі де же­тер­лік. Спорт шебері. Ал Кари­на болса нағыз кәсіби спортшы. Мінезі өте ауыр. Нағыз ауыр атлетикаға арналған. Мен жетіс­тігі мен қадамын үнемі қада­ғалап отырдым. Үнемі ұлдармен араласады. Тіпті мектепте оқып жүргенде үйден мектеп киімін киіп кететін де, сабақтан шал­бармен оралатын. Сол кезден бастап осындай спортқа ынтасы бар екенін енді түсінгендейміз, – деп бір түйіндеп тастады.

Жарыс жолына шыққан кез­дегі көңіл-күйіңізді айтып өтсе­ңіз  деген сауалға да толқи жау­ап берді.

– Оны тілмен айтып жеткізе алмаймын. Жүрегіміз жарылып кете жаздады. Бірақ, іштей өкі­ні­шім бар. Ол кемінде күміске лайықты еді. Осы Талды­қорғандағы жетістігін қайта­лағанда тіпті алтын да алып кетуі ықтимал еді. Осыған біраз жабырқаулымын. Бұйырғаны қола болды. Осылайша қола жүлдегердің анасы Елена Гори­чевадан сұхбатымызды алғасын жеке бапкеріне жолығуға аттан­дық. Өйткені бұл жетістік об­лыс­тық спорт мектебінің де жемісі. Равил Хамитов басқа­ратын білім ошағы әзірге ты­ныш. Демалыс кезі, оқушылар үйлеріне кеткен. Бірақ, басшысы әдеті бойынша жұмыс каби­нетінде екен. Талай қыранның томағасын сыпырған мектеп-интернат әлі де алтын мен кү­міс, қола алатын спортшыларды шыңдайтыны анық. Равил Абд­рахманұлының  көңілі шат. Құ­рақ ұшып қуанып жүр. Жат­тық­қан залын көрсетіп, Карина келгесін салтанатты түрде қар­сы алып, құрмет көрсететінін де тілге тиек етті. Расында да білік­ті басшы мұндай жақсы дәс­түрді әдетке айналдырған. Кари­наның жетістігі қазіргі бапкері Сергей Седовтың еңбегі екенін айтты.     

Бар мән-жайды білгесін жұ­мыс бөлмемізге кіріп  ин­тернет арқылы Каринаның Олимпиада бәсекесінде көр­сет­кен нәти­жесіне тағы бір көз жүгірттік.

 

Жетісулық Карина Горичева үш жүлденің біріне таласады деген пікір расқа айналды. Әлем­дік рейтингте екінші саты­да тұрған Қытай қызы екеуі басты фаворит екенін жарыстың басынан-ақ айтқан едік. Жарыс жолына шыққан Карина Гори­чева жұлқа көтеруде 111 келіге ғана шамасы жетті. Алғашқы мүмкіндігінде сәтсіздікке жо­лық­қанымен қалған екі мүм­кіндігін жақсы пайдаланды. Бұл жаттығуда да жүлделі орынға талас қытай қызы Дэн Бей мен Чхве Солтүстік Корея Хе Сим­нің арасында өтті.  Қы­тайлық спортшы 115 ки­ло­грам­ды басы­нан асырса, ко­рей қызы 105 килограмды көтерді. Естеріңізге салсақ, Карина Талдықорғанда өткен ел біріншілігінде 122 келіні еңсерген еді. Екінші сер­пе көтеруде біздің қыз жаман өнер көрсетпеді. Алғашқы жат­тығуында екінші орынға шық­қан Карина 132 келіні еркін бағындырды. Әттең, екінші ке­зең­де 137 келіні кө­те­ріп кет­кенде күмістің ауы­лына тұрақ­тар ма едік? Соны­мен бұл кезеңде де қытайлық қыз­дың айы оңынан туды. Тіпті рекорд тіркеп 147 келіні еркін көтерді. Өкшелеп келген Сол­түстік Корея өкілі де жан­ұшырды. Ол 143 келіні еңсе­ріп күміс тұғырдан қол бұл­ғады. Бұл жаттығуда да біздің қыз Талдықорғанда алдына жан салмаған еді. Тіпті 145 келіні басынан асырып, Лон­дон Олимпиасының чемпио­ны Майя Манеза мен алтын алған қытай қызының көрсет­кішінен де асып кеткен бола­тын. Қобалжу қоланы бұйырт­ты. Сонымен нәтиже төмен­дегідей. Дэн Бей (Қытай) – 115+147-262, Чхве Хе Сим (Солтүстік Корея) –  105+143-248, Карина Горичева (ҚАЗ) – 111+132-243.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.