РИО: Күндіз күміс, түнде алтын!

Уақыты: 13.08.2016
Оқылды: 1492

Армысыңдар, Алаш жұрты! Міне, көптен күткен қуанышты күн де жетті. Елде отырып тақым қысып, саф алтынды қашан көреміз деген тілектеріңді біздің ұл-қыздарымыз орындады. Расында айымыз оңынан туып, рухтың шалқыған кезі болды. Осыдан төрт жыл бұрын Лондонда осындай күй кешіп едік. Араға төрт жыл салып, алтынды аспаннан жаудырып, күмісті жерден өндірді. Ауыр атлеттеріміздің сеніміне біз де үміттеніп, жарысты өз көзімізбен тамашалағанымыз қандай керемет?!

Армысыңдар, Алаш жұрты! Міне, көптен күткен қуанышты күн де жетті. Елде отырып тақым қысып, саф алтынды қашан көреміз деген тілектеріңді біздің ұл-қыздарымыз орындады. Расында айымыз оңынан туып, рухтың шалқыған кезі болды. Осыдан төрт жыл бұрын Лондонда осындай күй кешіп едік. Араға төрт жыл салып, алтынды аспаннан жаудырып, күмісті жерден өндірді. Ауыр атлеттеріміздің сеніміне біз де үміттеніп, жарысты өз көзімізбен тамашалағанымыз қандай керемет?!

Таңның атысы, күннің батысына дейін осы жағымды жаңалық біздің аузымыздан түскен емес. Жарысқа кетіп бара жатқан кезде де, алдымыздан жарқырап күн шығатындай, Шәмшінің әні шырқалатындай күйге бөленіп еді. Шынымен де ойымыз алдамапты. Күллі әлемнің алдында Көк байрақтың көкке өрлегені барлығымыз үшін абырой болды емес пе? Дәл сол сәттегі толқыныс пен сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны менен гөрі сіздер жақсы білесіздер. Сіздер де дәл мен кешкен қуаныш пен шаттыққа бөленіп жатқандарыңыз айтпаса да белгілі. Енді жарысқа оралайын. Алдында Жетісудың сары қызы қоланы алғанда да сүйінші сұрап едім. Енді, міне, күміс алған қара қыздың ерлігін айтайын деп отырмын. Жарыс аяқталып, Жазира қызымыз күмісті мойына таққаннан кейін барлық журналистер аралық аймаққа қарай ұмтылдық. Бұл – жүлдеге қолы жеткен спортшылардың келіп, тілшілерге сұхбат беретін жері. Күтіп тұрмыз, келе жатыр. Жүзі бал-бұл жанған, мойнына таққан күмісі алтыннан да жарық. Жылтырап шашқан жарығы көзіңді қариды. Олай болмай қайтсін, тұңғыш Олимпиадасы, Қазақтан шыққан тұңғыш жүлдегер. Тұғырда тұрған уақытта барлық қазақстандық жанкүйерлер, тілшілер, ауыр атлетика федерациясының басшылары қосылып, жарыс болған сарайды теңселтіп жібердік. Олай болмай қайтсін, қазақ күткен жүлде. Сол қарқынымыз басылар емес. Ендігі мақсат Жазирамызды құшақтап, маңдайынан иіскеп, сауалға тарт­сақ деген ой. Айтқандай-ақ, ақкөңіл, жайдары мінезімен жан-жағын қуанышқа бөлеп жүретін Жазирамыз да бізге жақындады. Қолымыз жетті-ау. Жапа-тармағай құшағымызға қысып, маңдайынан иіскеп, құттықтап жатырмыз. Бірқатар серіктестеріміздің көзіне жас алып тұрғанын да байқап қалдым. Санаулы уақыттың ішінде бір ғана сұрағымды қойып үлгердім.

– Жазира жаным, жүрегіңде не бар қазір?

– Аға, жүрегімде алтынның арманы бар, – деді күміс қыз.

Айналайын, мынадай жауапты лезде тауып айтқан күміс қызды тіптен басыма көтеріп әкеткім келді. Болашағы зор қыздың алтын алатынына әлі куә боламыз. Қайсарлық пен өрлік, текті елдің ұрпағы екені анадайдан аңқып-ақ тұр емес пе? Бұл аздаған уақыт қана кідіретін аймақ. Ары қарай біз де Жазираның артынан қуып жүгіре бердік. Біздің толық қолымыз жететін жер, баспасөз орталығы. Жазираны басшылық солай қарай әкетті. Сол орталыққа жеткенше талай қызықтарды көрдік. Керемет деректерді естіп, таңғалдық. Соның бірін айтайын. Оңтүстік Қазақстан облысының спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұрбаев деген ініміздің көзіндегі жасты көріп мен ерекше толғандым. Әлібектің жанын түсіндім ақырын барып, құшағыма қысып, құттықтадым. Айналайын, Қазақ қуанған мен қорыққан бірдей дейді. Көз жасыңды түсінем, қуаныштың жасы деп арқасынан қақтым. Сол кезде Әлібек інім, аға, мен сізге бір деректі айтайын. Жарысқа бір түн қалғанда маған Жазира хабарлас­ты, аға салмағым бір жарым келі артық, не істесем де түсіре алмадым. Таңғы сағат сегізде салмақ өлшеуге барамын деді. Мен кәдімгі тордағы арыстандай бұлқындым, біледі дегендердің барлығына сөз салдым. Ақыры таппағаннан кейін Шымкентке телефон шалып, Жазира есепте тұратын ауыр атлетика мектебінің директорымен сөйлесіп, мектеп басшылығынан ақыл сұрадым, – деді. Олимпиада жарысының, ауыр атлетика додасының талабы бойынша 69 келіден асып тұрмыз, мынаны қалай жасаймыз деп ақыл сұрадым. Ол да саспай, түннің бір уағы болса да, (Қазақстанда күндіз) бірнеше әдіс-тәсілдерді айтып берді. Мен солардың айтқандарын қағазға түсіріп, Олимпиада қалашығына арнайы барып, бапкерлердің қолына тапсырдым. Бапкерлер тарапы осы тәсілдерді қолдану арқылы Жазираның салмағын түсіріпті. Таңғы сағат төрт шамасында хабар келді, Жазираның салмағы 69 келіге түсті деген. Содан барып, жастыққа басым тиді, – деп сөзін аяқтады. Шын мәнінде бұл тарихқа мен де таңғалдым. Қай жеңістің де анасы көп. Ал жеңілістің кінәлісі сол адам ғана болады деген қандай ақылды сөз. Әлібекке ризашылығымды білдіріп, нағыз ұлтын ойлаған азамат деп қолын қыстым. Осылайша қызықты деректерді әңгімелей келіп жүлдегерлермен тілдесетін орталыққа да келіп жеттік. Көп ұзамай сұхбат та басталды.

– Жазира айналайын, көңіл күй қалай?

– Көңілім өте керемет, әр спортшының арманы Олимпиадада жүлдеге іліну. Міне өздеріңіз көріп тұрсыздар, күмісті олжаладым. Елдің тілеуі. Осы медалімді тәуелсіз Қазақ еліне арнаймын. Қазірдің өзінде жүлдегер екенімді сезе алатын емеспін. Өйткені әлі қалықтап аспанда жүргендей сезініп отырмын. Қуаныштың, сіздердің қолпаштау­ларыңыздың қуаты болар. Қалай болғанда да елімді қуантып, босқа тер төкпегенімді білемін. Бастысы, елге құралақан қайтпадым.

– Жазиражан, алтынға не жетпей қалды?

– Сәл сәттілік жетпей қалды. Меніңше алғашқы Олимпиадам болғасын ба, қобалжу болды. Бірақ айтарлықтай көп емес. Жаттығудың бір қайнауы жетпей қалды ма деп те ойлаймын. Қандай салмақ болса да көтеретінімді іштей сездім. Алтынға жете алмағанымды өзім де түсіне алмаймын. Бұл жағдайды қазір толық айта алмаспын. Қуа­ныштың үстінде отырғасын ба, сіздерге толық жеткізе алмай отыр­мын және өзім де толық анализ жасай алмай тұрғаным тағы бар.

– Жаттығуда қанша көтеріп жүр едің?

– Жаттығуда 120-150 келіні көтеретінмін. Тіпті 153 келіні де көтеретін күндерім көп болған. Алла күмісті бұйыртып тұрған шығар.

– Жалпы жарысқа шыққанда ішкі ойыңда не болды, қандай сұрақтар тұрды?

– Менің ойымда бірақ нәрсе болды. Алдымда тұрған штанганы көтеру. Басты мақсат сол ғана. Өйткені спортшыға ең керегі мен негізгі жұмысың – қарсыласыңды жеңу. Менің қарсыласым штанга. Оны жеңе алдым деп ойлаймын. Ішімнен Алла Тағалаға сыйынып, шайқасқа түстім. Оны өздеріңіз де естіген шығарсыздар, бар дауысыммен айқайлағанымды.

– Бірінші мүмкіндігіңді пайдалана алмадың. Сол кезде қатты толқу болған секілді, қалай ойлайсың?

– Егер зілтеміршінің ішінде толқу болса, онда қандай салмақты да бағындыра алмайды. Керісінше «баранка» ұстайды. Менде ондай болған жоқ. Әйтеуір бірдеңе жетіспеді. Бірақ кетіп бара жатып, екі мүмкіндігім бар, келемін де көтеремін деген ой ғана болды. Сосын екінші мүмкіндікте бар күшімді салып, елдің сенмін ақтаймын деген үміт басым болды. Бар ата-бабамның күш қуатын жинап, рухтанып, штанганы аспанға аттым. Батпан тас жеп-жеңіл болды.

– Тұқымыңда батыр бар ма?

– Бар, нағашы атам балуан болған. Алып денелі кісі болған екен. Есегімен жүріп, судан есегін арқалап өтіп кетеді екен. Талай мықтының жауырынын жер иіскеткен балуан болған деп айтып отыратын ата-анам.

– Ата-анаңның есімі кім, хабарластың ба?

– Әкемнің аты Әбдірахман, анамның есімі Күлайхан. Әзірге хабарласа қойған жоқпын, телафонға енді қолым жетіп жатыр.

– Сен өзіңнің Олимпиаданың тұңғыш күміс жүлдегері екеніңді білесің бе?

– Әрине, елде жүргенде қазақтың күміс қызы деп атайтын. Осы жолы алтын қыз болып елге оралам деп едім. Өкінішке орай күміс қыз болып қайта баратын болдым. Сол күміс қыз деп еркелеткен алтындай Алашымның арқасы.

– Рахмет, айналайын!

Несіп Жүнісбайұлы, қоғам қайраткері,

белгілі спорт журналисі, арнайы «Жетісу» газеті үшін Риодан.