Ұлттың үмітін ақтап шыққан ұландар сирек. Өз қалауын, жұрт сенімін ақтаған аздың қатарында жақында ғана Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен күміс медаль алған Демеу Жадыраев бар. Оның осы жетістікке дейінгі жолы көпке үлгі, жастарға жолбасшы. Анасы Күлипа Сабырбекқызы кенже баласының «елдің Демеуі» болғанын айтып, көзіне жас алғаны бар. Ұлт үшін барын беріп, өз міндетін орындаған спортшының құрмет-қошеметке бөленіп, ықыласқа кенелуі тегін емес.
Ұлт үшін білімді, саналы, дені сау ұрпақтың өсіп-жетілуі маңызды. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген кез келген кітап жөнінде емін-еркін әңгімелесіп кете беретін санаулы спортшының бірі екенін айтып: «Қарапайым. Астамшылық жоқ», – деп түйіндеді. Рас, Демеумен сөйлесе қалсаңыз кітап жөнінде, ондағы кейіпкерлер турасында әңгімелеп, өз түйгенін айтады. Жалпы Боранбек Қоңыратовтың қанатының астынан шыққан балуандардың барлығы дерлік спортпен қатар кітап оқуды дағдыға айналдырған. Бұл жөнінде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың: «Оқу-жаттығу жиындарында жарысып тұрып кітап оқитынбыз. Әсіресе, Боранбек аға қатты қадағалайтын», – деп айтқаны бар. Демеудің кітапқа әуестігі, оқуға деген ниеті ерекше.
Алғаш танысып, сұхбатқа шақырып, өзара әңгімелесіп отырғанымызда Шоқан Уәлихановтің өмірін зерттегісі келетінін айтып, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романын сұрады. Одан кейін де қанша кітап жөнінде әңгімелесіп, алыс-беріс жасастық. «Парижге өзіммен бірге Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын алып барып оқыдым. Ауыр екен. Кейіпкерлері де көп-ақ» дейді. Кітаптан бір сәт қол үзбеген адамның ісі де нық, ойы да терең, сөзі де мірдің оғындай. Сондықтан болар, кез келген сауалға оңай жауап тауып, өз ойын емін-еркін жеткізеді. Кезіндегі «Ер Қосай» жырының 500 жолын жатқа білетін қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының бүгінгі жалғасындай. Демеудің батырлар жырына деген махаббаты да ерекше. Сидней төрінде айрықша көзге түскен чемпион Бекзат Саттарханов бір сұхбатында: «Ақылсыз адамнан Олимпиада жүлдегері шықпайды» деген еді. Спортшы бойын да, ойын да күнделікті шынықтырып отыруы тиіс.
Балуандардың арасына кіріп барсаңыз Демеудің жеке тәртібіне тәнті боласыз. Ұйықтайтын, тұратын уақыты бәрі жоспарланған. Бапкерімен ақылдаса отырып кей жаттығуды артығымен орындайды. Париж Олимпиадасына жолдама алу барысы Демеуге оңайға соққан жоқ. Былтыр қыргүйекте Бел-градта (Сербия) өткен Әлем чемпионатында Антонио Каменяшевичті (Хорватия), Тойлы Оразовты (Түрікменстан), Золтан Левайды (Венгрия) айқын жеңіп, жартылай финалда әзірбайжан Санан Сүлейменовтан 1:5 нәтижесімен жеңілді. Жұбаныш белдесуінде Александр Гуцуды (Молдавия) жеңіп, қола үшін болған күресте Малхас Амояннан (Армения) ұтылды. Олимпиаданың бесінші жолдамасы үшін болған қосымша кездесуде өзбек Арам Вардаянға есе жіберіп, жолдамасыз қалды. Сол сәтте залда отырған сербиялық азамат Марко Гршич балуанның ерекшелігіне тәнті болғанын, бақтың жетіспегенін айтып еді. Азия күрес федерациясының баспасөз хатшысы Дулат Кәрібай: «Кіл мықтымен жеті белдесу өткізу кез келген балуанның қолынан келе бермейді. Бұйырмағанымен, келесі іріктеуде топжарып, Олимпиада тұғырында тұратынына сендім. Өйткені, көңілі таза, өзін спортқа арнаған адал азаматтың жүлдесіз қайтуы мүмкін емес еді», – дейді. Одан кейін Бішкекте өткен Олимпиадаға іріктеуде жеңіске жетіп, төрт жылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндік алды. Ал 2021 жылы Токио Олимпиадасында алғашқы айналымда жапон Сехэй Яюикудан жеңіліп, 9-орынмен аяқтаған балуан араға 3 жыл салып 35 жасында Олимпиаданың күмісін алды. Бұл – нағыз ерлік. Бойынан қайсарлық көрініп тұратын азаматтың бір жеңілген балуанынан екінші қайтып жеңілуі мүмкін емесін көп сәтте дәлелдеді. Кілемге жүгіріп шығып, жүгіріп түсетін спортшының жүріс-тұрысы нағыз жігіттікті аңғартып тұрады.
Өмір – әділ, көркем мінез, жан-жағына жақсылық арнап, нұрын төгіп жүретіндерді түбі бір биікке көтеріп, жетістікке жеткізетіндей. Демеудің Олимпиада жүлдесіне деген жолы да ұзақ әрі қиын сатылардан тұрды. Намысты ту еткен, қайсарлықты бойға жиған азаматтың әлі де алар асуы биік болмақ.
Серік ҚАНТАЙ