Арнайы бағдарлама жасау міндеттелді

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 1117

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті. Жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев пен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық спорт бөлімінің меңгерушілері мен спорт мектептерінің директорлары қатысты. 

Жиынды жүргізіп отырғын Жақсылық Мұқашұлы жыл басында қаралған мәселеге тоқталды. Онда облыстағы барлық спорт мекемелерін тексеруден өткізіп, кемшіліктерін анықтап, оларды шешу жолдарын жүйелендіру керектігі көтерілген еді. Аудандарды аралаған комиссияның ақпаратын тыңдау үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиевке сөз берілді.
Басқарма басшысы облыстағы спорт саласына кеңінен тоқталды. Өткен жылды өңір спортшылары жемісті аяқтады. Ауыз толтырып айтатын жаңалықтар көп. Десе де, кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, бірқатар ауданда Елбасының саясатын жүзеге асыруда кемшіліктер бар. Халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуда жұмыс баяу істеліп жатқандығы байқалады. 2019 жылы 29 пайыз, 2020 жылы 30 пайыз тұрғындарды спортқа тарту керектігі жоспарланған болатын. Міне, осы көрсеткіш екі жылдан бері өзгеріссіз келеді.  Сонымен қатар, ауылдық мекенде 253 бірлік спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Олардың тек 132-сінде арнайы спорттық білімі бар. Қалған орында спортқа қатысы жоқ адамдар жұмыс істеп отыр. Бұл жүйені де ретке келтіріп, аудан басшылары қадағалау керек. Басқарма басшысы тұрғыны көп мекендерге қосымша спорт бөліміне штаттық бірлік ашуды сұрады. Ауылдық округ әкімдері спорт нұсқаушысын басқа жұмыстарға тартып, негізгі міндетін атқаруға кедергі келтіретіндігі де бар. Осындай олқылықтардың салдарынан бұқаралық спорттың көрсеткіші төмен. Сонымен қатар көптеген аудандық спорт мекемесінде арнайы құрал-жабдықтар тапшы. Бірқатар ауданда спорттық жарыстарға қатысу көрсеткіш төмен. Облыстық, республикалық додаларда көрсеткіштері жоқ аудандар бар. Мұның басты себебі – қаражаттың аздығы. Кей аудандардағы спорттық мектептерге спорт алаңы мен жаттығу залдары қажет. Талдықорғанда жоғары спорт шеберлігі мектебі мен олимпиадалық резервтер даярлау орталығына да спорттық база керек. Басқарма басшысы комиссияның шығарған қорытындысы бойынша бірқатар түйткілді мәселені көтерді.
Одан кейін жиын төрағасы Жақсылық Омар көрсеткіші төмен аудандардың жауапты қызметкерлерін орнынан тұрғызып, кемшіліктер бойынша жауап беруін талап етті. Мәселен, Талғар ауданында қысқы спорт түрлерін дамытуға арнайы ғимарат болып тұрып, көрсеткіш көңіл көншітерлік емес. Осыған байланысты әкім орынбасары Талғардан арнайы спорттық интернат құруды тапсырды. Оған арнайы ғимарат тауып, қалпына келтіру жұмыстарына сметалық құжаттарын дайындауды жүктеді. Мұнымен қоса олимпиадалық спортқа көңіл бөлуді, ұлттық құрама сапында жүрген спортшыларымызға көмек көрсетуді қолға алу керектігін айтты. Бұл тұрғыда басқарма басшысына ұлттық құрама жаттықтырушыларымен және олимпиадалық комитетпен тығыз байланыста болуды, олимпиадаға дейін спортшыларымыздың бабын төмендетіп алмауды тапсырды. Сонымен бірге ізбасарларды дайындауда іріктеу жұмыстарын дұрыс жүргізу керектігін тілге тиек етті. Бұл мәселе бойынша облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры сын садағына ілінді. 
– Қаражат аз деп отырсыздар, ол үшін нақты бағдарлама бойынша қаражатты сұрауымыз керек және оның игерілу жолы да сол бағдарлама бойынша жүзеге асады. Әйтпесе, кей ауданның басшылары спортқа қырын қараса негізгі қаражатты басқа салаға бұрып жібереді. Осыдан кейін спорт саласы құлдырайды, – деді Жақсылық Мұқашұлы.  Жиын соңында спортқа жауапты тұлғаларға бір ай көлемінде арнайы бағдарлама жасау міндеттелді. 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ