ЕЛ СҮЙІНГЕН ЖЕТІСУДЫҢ ЖҮЙРІГІ

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 312

Жүйріктердің жарысы қашанда қызыққа толы, жиналғандарға ерекше шабыт сыйлайды. Әсіресе, аламандағы аттардың шабысына, қарқынына сүйсінбейтіндер жоқ шығар. Көшпенділер ойынын тамамдаған соқталы сайысты көру үшін «Қазанатқа» ағылған жұртта есеп жоқ. Сарыарқаның салқын желі бұл қызықты тамашалауға еш кедергі келтірмеді. Ал, аламанда атой салғандардың арасында Жетісудың жүйрігі де бар. 


АЛАМАННЫҢ АЛДЫ БОЛҒАН  «АЙҚАБАҚ»

Бәйге дегенде елең етпейтін қазақ кемде-кем. Ел аузында жүрген сәйгүліктердің басы түйісіп, мықтыны анықтайтын сәт кімге болмасын қызық! Жарыстан бір күн бұрын арнайы атшабарға келіп, жаттығу жүргізіп жүрген шабандоздарды, олардың жылқыларын бақылап, дайындығын бағамдағанбыз. Ел ішінде кең танымалдылыққа ие болған «Жұмыртұяқтың» иесі Марат Ақберлинов: «Біздің жүйірік «Қазанатта» алғаш рет шабайын деп тұр. Дайындығы жақсы. Әбден қадағаладық. Жүлдеден үміттіміз. Өз жоспарымыз бар, соны мүлтіксіз орындап шығу үшін барымызды саламыз» деген. Одан бөлек былтырғы ел чемпионатынан кейін  биыл бәйгеге түспей жүрген сәйгүлік «Талхиздың» бапкері Әділет Ноқатай: «Жалпы атбегі өзінің жылқысын жақсы біледі ғой, биыл «Талхиздың» жарыстарға қатыспауының өз себептері бар. Ал бүгінде дайындық жақсы. Қазақ атбегілері жеңісті қолдан бермейді деген ойдамыз» деген болатын. Алайда жарыс күні былтырғы ел чемпионы Еділ Таймерденовтың аты, Арал Сатаев жаттықтыратын «Секрет» (Алматы облысы) тұлпарымен «Талхиздың» да жарыс жолына шықпайтындығы белгілі болды. Одан бөлек, былтырдан бері бәйге алаңында ерекше көрініп жүрген қырғыздың «Берекесі» де қатыспады. Аламан басталар тұста журналист Сәкен Сейітханнан жарыс жөнінде сұрағанымызда «Негізгі бәсеке қазақ пен қырғыз арасында болады. «Қара қыз» – енді қазақ-қырғызға мәлім тұлпар. «Қара қыз» «Талхиздан» құнанында қалып, жалпы өмірінде бір рет екінші болған. Одан кейін ол сәйгүлік екінші болып келмеді» деді. Иә, «Қара қыздың» аты елге мәлім. Ол кейінгі қатысқан тоғыз бәйгесінің сегізінде алдына ат салдырмады. Тек биыл жарысқа алғаш рет қатыспақ.

«Аламан бәйгеде» (25 шақырым, «Қазанатты» 14 мәрте айналып шықты) сөреден 22 шабандоз шығып (11 қазақ, 4 қырғыз, 3 моңғол, 2 өзбек, 1 түрік, 1 ресей), соның жетеуі ғана мәре сызығын кесіп өтті. Соңғы 500 метр қалғанда Сапарғали Сәтбаевтың аты, Жамбыл Бөбекбай жаттықтыратын, Аңсар Арыстанбек мінген «Айқабақ» алға шығып, мәреге жеке дара келді. Артынан қуып жетісулық Хамза Амангелді мінген, әкесі Марлан Бектенов баптаған «Жұмыртұяқ» өтті. Үшінші болып қырғызстандық атбегі Изат Сырғақұлының, Нұрел Елесов мінген «Қара қыз» жетті. Төртінші «Сафлор Лэнд» шоқтығына қонған Әмір Аманұлы, бесінші Ұлан Омаровтың жүйрігі «Бүркітті» тақымдаған Бекзат Ділдәхан келді. Аламандағы сәйгүліктердің сайысы жанкүйерлердің айызын қандырып, келгендер көңілінен шықты. Осыған дейінгі Көшпенділер ойындары аясында өткен «Аламан бәйгеде» 2014 жылы (22 шақырым) «Қарат Байыр» (Қырғызстан), 2016 жылы (22 шақырым) Серік Маймақовтың аты, жокей Шермат Серіков болған «Исфалан» (Қазақстан) жылқысы келген болатын. 

V Көшпенділер ойындары аясында «Аламан бәйге» (25 шақырым), «Топ бәйге» (18 шақырым – жеңіске жеткен «Холибай», шабандозы Сержан Бақтыбай), «Құнан бәйге» (11 шақырым – «Қамысқұлақ», шабандозы Әмір Серік), «Ұшқыр бәйге» (1600 шақырым – «Шағала» шабандозы Рамазан Табылдиев, 2400 шақырым – «Берил рэйсер» шабандозы Асланбек Байкенов, 3200 шақырым – «Лайф с Э Бриз» шабандозы Мырзабек Қапушев) және «Жорға жарысынан» (9 шақырым – «Чиксон Лок», шабандозы Жайлообекуулы Чубан, Қырғызстан) сайыс болды.

ШАБЫСЫ БӨЛЕК, БІТІМІ БАСҚА

Бір жасында сыйлыққа ат алып, төрт жасында атқа отырып, бес  жасында бәйгеге шауып, жеті жасында Беріктас ауылының 50 жылдығына арналған бәйгеде «Жұмыртұяғымен» алғаш машина жеңіп, сегіз жасында сегіз көліктің иесі болған Хамза Амангелдіні атқұмарлар тегіс жақсы таниды. Жарыс алдында көпшілік бәйге басталатын мәренің маңына жақындап, «Жұмыртұяқ» тұлпарды тақымдаған еліктің асығындай ғана шымыр шабандозға тілегін жаудырып, батасын да берді. Аламан бәйге басталып, сәйгүліктер артын шаңға көміп кеткенде-ақ бір орында байыз таппай алаңдаған Хамзаның әкесі Марлан Бектеновті көзіміз шалды. Басқалары сияқты алыстан жокейге айтып, басқарып отыратын құралы да жоқ. Хамзаға аламан алдында бағыт-бағдар түсіндіріліп, жоспар шабысқа қарай құбылатындығын, соған сай әрекет жасау керектігін құйған. «Жұмыртұяқ» екінші келіп, Хамза ренішін ашық көрсетсе, әкесі «шүкір» деп сабырға шақырып жатты. Артынша Хамзамен тілдесудің сәті түсті. «Сөреден шыққанда маған он айналымдай алаңдамай, көппен бірге шауып отыра бер деген. Көпке дейін озған түркиялық шабандозды бағамдадық. Одан кейін басып озып, ол болса көп ішіне сіңіп кетті. Ал мәреге бір айналым қалғанда жылдамдықты қоса бастадым. «Сафлор Лэнд» пен «Қара қызды» қарайлап отырдым, «Айқабақ» озып кетті», – деді. Мәре сызығын кесіп өткен «Айқабақ» 36 минут 23 секундта келсе, «Жұмыртұяқ» 36 минут 24 секундта өтті.  

«Көшпенділер ойынының алдында биыл үш бәйгеге шапқан «Жұмыртұяқтың» бұл нәтижесін де үлкен жетістік деп қабылдауымыз керек», – дейді ат иесі Марат Ақберлинов. Артынша марапаттаудан кейін журналистерге жақындаған Хамза Амангелді «Жанкүйерлер тарапынан қолдауды сезіндім. Бәріне рақмет. Алдағы уақытта да жүлдеммен қуанта беремін. Екінші орынның өзі үлкен нәтиже. Бұл қажымас еңбектің және сүйікті халқымның тілеуінің арқасы деп білемін», – деді. Келіп көргендер «Жұмыртұяққа» сүйсініп, таңғалыстарын да жасырмады. Өз дәрежесінде «Қазанатты» шауып өткен тұлпардың Хамзаның тізгіндеуімен талай бәйгенің алдында келеріне сенеміз.

Серік ҚАНТАЙ
Суретті түсірген: Ерлан ОМАР