Балуандар атынан ауып түсті

Уақыты: 16.08.2016
Оқылды: 1661

Балуандар атынан ауып түсті

 

Рио Олимпиадасының қызған шағы. Үз­діктер алға озып, бір­қатар елдің спорт­шы­ла­ры жүлдені де қоржынға то­ғы­тып үл­герді. Біз де әдет­­тегідей медальдің сыңғыры естіліп қа­лар деген оймен Рио­ға қа­­рай құлақ тү­ру­ден жалыққан емеспіз. Әсіресе, спорт­тың бас­­қа тү­­рін былай қойғанда оң жам­ба­сы­мыз­ға келетін балуандар бә­секесіне көп үміт ар­­та­ты­нымыз анық. Бозкілемге шыққан қос ба­­луанымыз бұ­ған дейін талай додада жүл­де салған оғландар. Бұл жолы да жүл­­де­ден құ­р­алақан қалмаспыз деген ойымыз селге кетті.

Сонымен грек-рим күресінен екі отанда­сы­мыз шыққан.  59 келіде Алмат Кебіспаев пен 75 ке­ліде Досжан Қартықов. Бірін­ші болып бас­та­ған Алмат Кебіспаев.

Алмат төрт тағанда жақсы жұмыс жасайтын балуан­дар­дың бірі. Белінен қапсыра құшақтап бойынан асырып, бол­маса арлы-берлі есін шыға­рып айналдырып жіберетін. Бірақ Рио Олим­пиа­дасында төрт тағандағы қарсыластарына сол бір әдіс­терін жөнді көрсете алмады. Отандасымыз алғашқы бел­десуін ресейлік Ибрагим Лабаза­нов­қа қарсы өткізді. Көрші ел­дің балуанын атынан ау­дарып тастағанымен, екінші бел­десуінде жа­понның балуанына шамасы жетпеді. Тек алтын үшін келгендей атойлап шыққан жапондық Ши­но­бу Ота отан­дасымызды 0:6 есебімен ұтты. Бел­дескенді баудай түсірген Жапон жігіт ақтық сын­ға шықты. Осының арқасында Алмат­қа жұ­ба­ныш белдесуге мүмкіндік берілді.

Бірінші Хамид Сорианмен болған жұбаныш белдесуде Алмат бар күш-жігерін сарп етіп қой­ды. Атағы жаһанға жайылған ирандықпен алысу оңайға түспеді. Алматтың пайдасына берілген төрт тағанда Сориан өзіне қарсы әрекет жасап, қа­жетті ұпайларға ие болды. Есеп – 0:7. Со­­риан­ның Кебісбаевқа жасалған шабуылына жақ­сы жауап жамбас болды. Жамбасқа алып жық­ты, астына басып жата қойды. Таза жеңіс! Бұл күресі үшін мен Алматқа басымды идім. Бү­кіл Иран хал­қы­ның 59 келідегі үміттерін көз ал­дарында аз ғана уақыттың ішінде парша-пар­ша­сын шығарды.

Екінші жұбаныш белдесу. Екі ескертумен нор­вег Стиг Андре Бергеменнен жеңілді. Алмат бұл жерде еш әрекетсіз төрт тағанды жіберіп қойды. Бергеменді Лас-Вегастағы әлем чемпионатында ары да, бері де илеп еді... Әттең!

Ауыр қарсыластар, ауыр күн болды, ауыр сәттер орын алды.

Алмат Кебісбаевтың жарқын жеңістері әлі алда. Мен оған сенемін. Әлі-ақ төрт тағаннан та­лай балуанды жұлып алып тік көтеріп тас­тай­ды. Ал Досжан Қартықов болса, бірінші бел­де­суін жеңіспен бастағанымен, екінші кездесуінде жеңі­ліс тапты. Нақтырақ айтқанда қазақстандық ба­луан Досжан Қартықов ширек финалға шыға ал­мады. 75 келіге дейінгі сал­мақта белдесетін отан­да­­сымыз екінші белдесуінде әзірбай­жан­дық Эль­вин Мурсалиевтен ұтылды.

Кездесудің алғашқы үш минуты қарсыластар тең дәре­же­де өнер көрсетіп, 0:0 есебімен аяқ­тал­ды. Ал екінші кезең 5:1 есе­­бімен әзірбай­жан­дық­тың пайдасына шешілді. Досжан бірін­ші бел­де­суінде грузиндік Зураби Датунашвилиден басым түскен еді.

Риода өтіп жатқан Олимпиада ойындары қы­зып келеді. Қазақстан бокс құрамасының қар­қыны көңіл қуантады.

Олимпиадалық ойындар бокс жарысының 1/4 фи­налында 81 келіге дейінгі салмақтағы қа­зақ­­­стан­дық Әділбек Ниязым­бе­тов әзірбайжан Тей­­мур Мәмедовпен кездесіп, 3:30 (30:27, 30:27, 30:27) есебімен жеңіске жетті.

Осы арқылы біздің боксшы медальдар үлесі жүргізілетін шеңберге жетті.

Әділбек енді 17 тамыз күні сағат 3:30-да ұлы­бри­­таниялық Джошуа Буатсимен жартылай фи­налдық кездесуге шығады.

Тегі ганалық Буатси өте күшті. Ол 1/8 фи­нал­да өзбек Эл­шод Расуловты үш рет ұрып құлатып, соңғысында нокаутқа жібер­ген. Ал 1/4 финалда алжирлік Абделхафид Бенчлабаны екі рет нок­даунға түсіріп, айқын басымдықпен ұтты.

69 келі салмақта Данияр Елеусінов венесуэла­лық боксшы Габриэль Маэтродан басым түсіп, жартылай финалға жолдама ал­ды. Қазақстандық боксшылар арасында финалға ең бірінші жолда­маны 91 келі салмақ дәрежесінде жұдырық­та­са­тын Василий Левит ал­ды. Ол кубалық спортшы Эрисландо Са­вон­ды 3:0 есебімен ай­қын жеңді. Осылайша, Левит бүкіләлемдік бокс сериясында Са­вонға кеткен есесін қайтарды. Финалда жер­­ле­сімізге сәттілік тілей­міз. Аса ауыр салмақта жер­ле­сіміз Иван Дычко әзірбайжандық қар­сы­ласы Могамадрасул Меджидовты кездесудің екенші раун­дында теx­никалық нокаутпен жеңіп, келесі айналымға өтті. Бокс құра­ма­сына қазақ елі мол үміт артып отыр.

Әмір САНА.