Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов дзюдо жанкүйерлеріне жақсы жаңалық жеткізді.
Ведомство басшысы Будапешттегі сапарында Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен кездесу өткізіп, нәтижесінде елімізде дзюдоны дамыту бағытында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілген.
2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос-Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді.
Сонымен қатар, Халықаралық дзюдо федерациясы академиясының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл бастама біздің спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен септігін тигізетініне сенімдімін, - деп жазды Мырзабосынов.