АУЫЛДАҒЫ ТОЙ

Уақыты: 15.05.2018
Оқылды: 1756

    Балқаш ауданына қарасты Бірлік ауылының іргетасы қаланғанына   50 жыл толуына орай арнайы шаралар ұйымдастырылды. Ауылға кіреберіс алаңқайға ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қуаныш кең көлемде тойланды.

 

    Осыдан 50 жыл бұрын  Октябрь революциясының 50 жылдық мерейтойына орай құрылып, сол ретпен аталған шаруашылық еңбектің қара қазанын қайнатып, аудандағы  алдыңғы қатардағы   шаруашылықтардың бірі атанды.
Алғашқы жылдары бау-бақша, картоп өсірумен айналысқан кеңшар 1969 жылы 500 гектар суармалы жерге күріш дақылын егіп, гектарынан 22 центнерден өнім алды. Осылайша уақыт өте келе күріш дақылын өсірудің қыр-сырын меңгерді. Сол жылы 1775 бас ұсақ мал өсіріп, мал шаруашылығымен де айналыса бастады. Қанатын кеңге жайып, өркендеген кеңшар шоқтығы биік, іргелі шаруашылық ретінде республикамызға кеңінен танылды.
   Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда Қазанның 50 жылдығы атындағы кеңшар ауыл азаматтарының қолдауымен «Бірлік» акционерлік қоғамы болып  қайта құрылды. 2001 жылдан бастап «Бірлік» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып аталды. Аталған агрофирманың бас директоры, кезінде облыстық мәслихаттың депутаты болып, көптеген игілікті істерге мұрындық болған Әбдіжаппар Қыстаубаев ауыспалы кезеңнің өзінде қолда барды талан-таражға түсірмей сақтап қалып, шаруашылықтың тасын өрге домалатты. Тек шаруашылықпен ғана айналысып қоймай, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да белсене атсалысты. Агрофирманың атын өзгертсе де затын өзгертпей суармалы жерді тиімді пайдаланып, ауыл азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді.
   «Той – халықтың қазынасы» демекші, дәл осы күні Бірлік ауылында той көбейді. Шаруашылық мерейтойымен бірге осы  ауылдағы Бірлік орта мектебінің және ауылдық аурухананың да елу жылдық мерейтойлары бірге тойланды.
   Мерейлі мерекені дүбірге бөлеп, қуанышқа ортақтасқан той қонақтары алыс-жақыннан келіп, шат-шадыман  көңіл күйде бас қосты. Ең алдымен осыдан 50 жыл бұрын ауылдың алғашқы қазығының қалай қағылғаны жайында көрініс көрсетіліп, шаруашылықтың қалай қадам басып, қаз тұрғаны сахналық қойылым арқылы бейнеленді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, осы уақыт аралығында шаруашылықтың қанатын кеңге сермеп, биікке шарықтауына сүбелі үлес қосқан азаматтардың есімдері аталып, аталған тұлғалардың  фотосуреттерін оқушылар сахнаға алып шықты. Бұл қойылымды тамашалаған көрермен қауым өткен жылдарды бір сәт көз алдарынан өткізді.
   Салтанатты жиында аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов сөз алып, қуанышта бас қосқан көпшілікті құттықтады. Ғалым Қасымұлының құттықтау тілегінен кейін осы шаруашылықтың іргетасын қалаған ардақты ағаларымыздың есімдері аталып, сахна төріне шақырылып, оларға лайықты құрмет көрсетілді.
   «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, білектерін сыбанған палуандар боз кілемде белдесіп, өзара мықтыларды анықтады. «Күш атасын танымас» демекші, палуандардың жас ерекшеліктері мен салмақ дәрежелері әртүрлі болса да жеңіс тұғырынан көріну үшін еш аянбастан белдесті. Спорттық шараны қорытындылай келгенде жартылай ақтық сайыста белдесу өткізіп, Жиделі ауылының намысын қорғаған Кәрібай Ержаннан бақанастық палуан, «Балқаш бөрісі» атанған  Әлімхан Абай басым түсіп, жүлделі ІІІ-ші орынды қанағат тұтты. Ал, ақтық белдесуде Бірлік ауылының палуаны, екі дүркін «Балқаш бөрісі» атанған Арман Сағыныш көкталдық Жұмахмет Әлімжаннан осал түсіп, жауырыны жер иіскеді. Сөйтіп Жұмахмет Әлімжан «Түйе палуан» атанды.
   Мереке ат жарысымен жалғасты. Республикамыздың түкпір-түкпірінен бауырынан жарап келген жүйріктерден аудан сәйгүліктері де қала қойған жоқ. Тай жарыста Жандос Әбдіжаппарұлының арғымағы мәре сызығын бірінші болып кессе, аламан бәйгеде сәйгүлігі мәреге төртінші болып жетті. Ақдала ауылының тұрғыны Сырым Ноғайдың арғымағы өзге сәйгүліктерден оқ бойы озық келіп, жүлделі болды.

Ат жаратудың ерен үлгісін көрсеткен белгілі кәсіпкер, жерлесіміз Бақыт Атайбековтың баптаған жүйріктері тай жарысында екінші және құнан бәйгеде төртінші болып келсе, аламан бәйгеде мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша  Бірлік ауылының құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған ат бәйгеге тігілген  бас жүлде –«Лада гранд» автокөлігін Бақыт Атайбеков жеңіп алды.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
     Балқаш ауданы