"ЖЕТІСУДЫҢ" ЖЕҢІСТІ СЕРИЯСЫ

Уақыты: 18.01.2025
Оқылды: 407

Петропавлда Ұлттық лиганың  үшінші тур ойындарын өткізіп жатқан «Жетісу» бесінші ойын күні, чемпионаттағы басты қарсыластарының бірі, жергілікті «Қуаныштан» (Солтүстік Қазақстан) айласын асырды. Алғашқы сетте сылбыр қимылдағанымен, қалған үш сетті талдықорғандықтар өз пайдасына шешті. Екі команда да бұл турда жеңіліссіз келе жатқан. Ал әзірге Марко Грчиш командасы ұпайдан шашау шығарған жоқ.


Бірінші сетте ойынға толық кіріге алмаған жетісулықтар 21:25 есебімен жеңілді. Одан кейін бапкер ойынға өзгеріс енгізіп, диагоналдағы шабуылшы Татьяна Никтинаны Перизат Нұрбергеноваға алмастырды. Ойын барысында алаңға Ольга Хаджиголо, Ирина Кенежабаева ауысып кіріп отырды. Қалған үш сетте 25:23, 25:11, 25:13 нәтижесімен ұтты.  Өскеменде өткен алдыңғы турда «Жетісу» барлық команданы жеңіп, тек «Қуаныштан» 2:3 (16:25, 25:17, 19:25, 25:23, 18:20) есебімен жеңілген еді.

Ойыннан кейін «Жетісудың» байланыстырушысы Дарья Шаргордская «Бірінші сетте жолымыз болмады. Одан кейінгі сеттерде бапкердің тапсырмасын толық орындадық, өз ойлағанымыщз да жүзеге асты. Тоқтап қалмаймыз, келесі ойындарға қызу дайындаламыз. Оның үстіне Талдықорғандағы турдан кейін плей-офф кезеңі. Жеңімпазды анықтайтын сәттен де үздік шыққымыз келеді. Ол үшін аянып қалмаймыз» деді.

«Жетісу» мен «Қуаныш» арасындағы кездесудің үздігі – Карина Денисова. Ол 24 ұпай (20 шабуыл, 2 эйс, 2 блок) жинады. Одан кейінгі нәтиже Перизат Нұрбергенова (18 ұпай – 12 шабуыл, 3 эйс, 3 блок) мен Сильви Уаттараға (18 ұпай – 17 шабуыл, 1 блок) тиесілі. Жалпы екі команданың шабуылдағы белсенділігі – 55 пайыз «Жетісу», 36 пайыз «Қуаныш». Бұл жеңіс «Жетісуға» керек еді. Турнирлік кестеде бірінші келе жатқан (жеңіс саны бойынша) «Берелмен» теңесіп, басып озу үшін де.

Серік ҚАНТАЙ
арнайы Петропавлдан 
(фото автордікі)

Оқи отырыңыз. 
- "Жетісу" жеңіспен бастады 
- Қатарынан екінші жеңіс
- Үш ойыннан тоғыз ұпай 
- Маңызды ойын алдындағы жеңіс